Қазақстан мен Ресей елдері арасында мемлекет басшыларының мемлекетаралық мәселелерді талқылауға арналған жиындары мен кездесулері жиі-жиі өткізіліп тұрады. Тіпті, мұндай басқосулар көршілес елдердің елордалары Астана мен Мәскеуде ғана емес, сонымен бірге екі мемлекеттің шекаралас өңірлерінде де өткізілуі тәжірибеге берік орныға бастады. Бұған биылғы жылдың басты мысалының бірі ретінде өткен мамыр айының екінші онкүндігінің бас кезіндегі Қазақстан мен Ресей парламентшілерінің Орал қаласындағы ресми сапары деуге болады.
Осы мемлекетаралық алқалы басқосу кезінде Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко бастаған екі ел парламентшілері мен Батыс Қазақстан облысындағы атқарушы және сайланбалы билік органдарының жетекшілері шекаралас өңірлерге тән шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелерді ортаға салған еді.
Осындай жауапты сәтте Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің үні айқын, нақты, тұжырымды әрі орнықты шыққан болатын. Сондықтан да бұған дейін республикалық баспасөз беттерінде жарияланбаған аймақ басшысының өткізу бекеттері, трансшекаралық Жайық өзенінің бүгінгі жай-күйі жөніндегі ой-пікірін газет оқырмандарының назарына бергенді жөн көріп отырмыз. Ең бастысы, өңір жетекшісінің ұтымды ұсыныстарына Ресейдегі билік лауазым иелері түсіністікпен құлақ түрді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы ортақ шекараның ауқымы жеті мың шақырымнан асып түсетіні белгілі. Осының ішінде тек бір ғана Батыс Қазақстанның ресейлік көршілермен шекаралас аумағы 1,5 мың шақырымды құрайды. Ендеше, мұндай жағдайда қарапайым адамдар арасындағы қарым-қатынастар мен тауар айналымы жүйесі тетігі мінсіз әрі ойдағыдай болуы қажеттілігі талас туғызбайды. Міне, Алтай Көлгінов халықаралық басқосу үстінде басты ой арнасын осы арадан сабақтады. Оның тайға таңба басқандай ұсыныс-пікірлерінің ұзын-ырғасы төмендегідей.
Ресейдің Саратов, Самара, Орынбор, Астрахань және Волгоград секілді бес бірдей ірі губерниясымен шектесетін Қазақстанның осы батыстағы қақпасы аумағында 25 өткізу бекеті бар. Оның екеуі әуе және теміржол бекеттері болса, алтауы автобекеттер. Қалғандары жеңілдетілген жүйе бойынша жұмыс жасайтын бекеттер. Бұлардың ерекшелігі сонда, мұнда тұрғындар тек жаяу ғана шекараның арғы бетіне өте алады. Ал автокөлікпен өту мүмкіндігі мүлдем қарастырылмаған.
Шынтуайтына келгенде, шекаралас өңірлер үшін жеңілдетілген жүйелерде автокөліктер қатынасын орнықтырудың ешқандай қиыншылығы жоқ. Бұған қажетті алғышарттар мен мүмкіндіктер де жеткілікті. Бұл мәселеге сіздер түсіністікпен қарайды әрі тиісті қолдау көрсетеді деп сенемін, деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өз сөзін Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкоға қарай бағыттап.
Сондай-ақ, ол өз пайымдауларын нақты мысалдармен дәйектеп отырды. Айталық, облыстағы Казталов ауданы Ресейдің Саратов облысының Александров Гай ауданымен шектеседі. Көршілес аудан орталықтары арасының қашықтығы 40 шақырымнан аспайды. Ашығын айтқанда, осы аралықта жеңілдетілген жүйе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар екі жақтың да талап-тілектерін қанағаттандыра алмай отыр. Егер аталған бекетке екі жақтан да автокөлік өткізуге рұқсат берілсе, бірінші кезекте тауарлар алмасу және шағын және орташа кәсіпкерлікті дамыту үшін даңғыл жол ашылар еді. Бұл өз кезегінде тауар айналымының жоғарылауына және қарапайым адамдар арасындағы байланыстардың жақсара түсуіне септігін тигізбек. Дәл осындай көрініс Бөкей Ордасы ауданы мен Ресейдің Астрахань облысы Ахтуба ауданы аумағындағы «Молодость» бекетіне де тән, деді А.Көлгінов.
Аймақ басшысы көтерген тағы бір мәселе, теміржол қатынастарына қатысты туындады. Мәселенің мәнісі мынада. Батыс Қазақстан облысы аумағындағы теміржол бойында Сайхын және Жәнібек теміржол стансалары орналасқан. Осы қазақстандық стансалар арқылы Ресейдің барлық бағыттарына әр тәулік сайын 16 жолаушылар пойызы тоқтамастан ағып өте шығады. Осыған орай облыс әкімі аталған пойыздарды Сайхын мен Жәнібек стансаларына аялдату үшін мемлекетаралық келісім қажет екенін жеткізді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы ортақ проблемалы мәселелер туралы сөз қозғағанда трансшекаралық Жайық өзені бойында қалыптасып отырған күрделі экологиялық ахуалды ұмыт қалдыруға болмайды. Көршілес екі ел өзара тең пайдаланатын өзеннің деңгейі жыл сайын төмендеп, арнасы тартылып барады. Оның арнасы мен суын қалпына келтіру бағытындағы іс-шаралар бірлесіп атқарылған жағдайда ғана тиісті нәтиже бере алады, деді Алтай Сейдірұлы.
Біз жоғарыда бұл маңайда автокөліктерге арналған алты бекет орналасқанын айтқан едік. Соның ең ірілері Қазақстан мен Ресей шекаралары аумағындағы «Маштаково» және Сырым халықаралық автомобиль өткізу бекеттері болып табылады. Әрі осы арадан Самара-Шымкент және кері бағытта Шымкент-Мәскеу автожолдары басталады. Осы трассаның ұзын бойы мен халықаралық деңгейдегі автобекеттерді қайта жабдықтау мен күрделі жөндеу жұмыстары да өз кезегін күтіп тұрғандай. Қазақстан мен Ресей парламентшілері және Батыс Қазақстан облысының атқарушы және сайланбалы билік өкілдері басқосуында бұл мәселелер де өз шешімін табуы керектігі жан-жақты сөз болды.
Мемлекеттік деңгейдегі лауазымды тұлғалардың халықаралық деңгейдегі басқосулары кезінде еліміздегі өңір басшылары, соның ішінде әртүрлі деңгейдегі әкімдер корпусы өкілдері өңірге қатысты түйткілді мәселелерді айта алмаса, бұл көрініс олардың дәрменсіздігін білдірмек. Әрі жалтақтық пен жалпақшешейлік танытатын мұндай басшыдан үміт те, қайыр да жоқ десек, шындықтан алшақ кете қоймаспыз. Осы тұрғыда Қазақстан мен Ресей парламентшілері қатысқан жиында өзі басқарып отырған өңірдің проблемаларын жанашырлықпен көтере білген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің батыл да іскерлік тұрғысындағы ұсыныстары оның өзге әріптестеріне сіңісті болса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы