ОҚЫРМАН
...алғыс айтады
Кәсіпкер алты мүгедекті жұмысқа қабылдады
Кез келген кәсіп ашудың оңай шаруа емес екені белгілі. Ал ол кәсіпкерлігіңе ең алдымен қызметкердің талапқа сай болуы керектігін ескерсек, Атырау қаласында қағаз пакет шығаратын кәсіпорын ашылып, жұмысқа арбаға таңылған 6 мүгедек қабылданғаны тосындау оқиға болып отыр. Бұны кәсіп иесінің өзгеше жан екенінің белгісі деп білеміз. Бір басына жетерлік қызметін тастап, заман көшіне ілесуді ойластырған азаматтың ісі өте құптарлық игілікті шара деп ұғамыз.
«Денсаулық жағдайыма байланысты теміржолдағы жұмысымды тастауға тура келді. Бірақ ақша тауып, отбасын асырау қажет. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жылдық 6,5 пайызбен 3 млн. теңге көлемінде кредиттік қарыз алдым. Логотип және қағаз пакеттерді дайындау үшін жабдықтар сатып алдым. Бүгінде қарамағымда 9 адам жұмыс істейді. Олардың алтауы мүгедек жандар», – деп өз ісінен қысқа-нұсқа ғана хабардар етті «Бум-2020» кәсіпорнының директоры Ақмарал Байлауова.
Мұндай мейірімді де мерейлі жанға кім-кімде болса да ісінің оңға басып, шаруасының өрге басуына батасын берері сөзсіз. Біздің де Ақмарал қарағыма қолға алған өнегелі ісіңе береке берсін дегіміз келеді.
Ақниет БҰЙЫРСЫН
АТЫРАУ
.
..әсерімен бөліседі
Балаларға қуаныш сыйлады
Семей қаласында «Нұр Отан» – балаларға» республикалық акциясы бірқатар игілікті шаралардың ұйымдастырылуына түрткі болды. Соның бірі – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қош келдің, жаз!» мерекесі. Партияның Семей қалалық филиалы мен «Исток» балалар және жастар шығармашылығы орталығы халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырып, осы шараны Түйемойнақ аралында табиғат аясында өткізді.
«Нұр Отан» – балаларға» шарасының негізгі мақсаты – балалардың талантын ашып, талабын ұштау. Әрқайсысының шығармашылыққа деген ұмтылыстарын – өмірге, өнерге деген құштарлық деп бағалайды. Партиямыздың «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» жобасы осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын болады. Іс-шара көтеріңкі көңілге толы сахналық бағдарламаларға ұласты. Мереке барысында «Исток» қоғамдық бірлестігі тәрбиешілері мен мамандары әзірлеген «Театральный», «Загадочный», «Спортивный» ертегі-қойылымдарының кейіпкерлері балаларды қызықтырып, көңілдерін көтерді.
Әсем ЖЫЛҚЫШЕВА
Шығыс Қазақстан облысы
...үлгі тұтады
Сиырдың сүті – тілінде
Соңғы жылдары біздің ауданның орталығы Жымпиты кентінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айнала бастады. Бұл бағыттағы сауда-саттық биыл ертерек қолға алынды. Жәрмеңкеде Жымпиты, Шолақаңқаты, Сарой, Бұлдырты және Талдыбұлақ ауылдық округіндегі тұрғындар мен шаруалар өз өнімдерін сатылымға шығарды. Келушілер, әсіресе, сүт өнімдеріне ерекше сұраныс білдірді.
Мен өзім Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылында тұрамын. Өзгелер секілді жәрмеңкеге сүт және сүт өнімдерін алып келген болатынмын. Барлық ауылдың тұрғындары сияқты біз де ірі қара ұстаймыз. Сиырдың сүті тілінде дегендей, біз бұл түлікті жақсылап бағып-күтіп, осы арқылы тиісті нәсібімізді тауып жүрміз. Көзім жеткені сиырдың сүтінен де жақсы пайда табуға болады екен. Сондықтан да сүт өнімдерін сату менің тұрақты кәсібіме айналды. Сол себепті аудан орталығына жиі келемін. Жымпитының басында қаймақ пен майды тұрақты сатып алатын тұтынушыларым бар.
Света ӘМІРОВА,
ауыл тұрғыны
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы
...жақсылығын жеткізеді
Түлектер ашқан саябақ
Шалқар ауданының Мөңке би ауылындағы Мұхамбетқазы Тәжин атындағы орта мектептің 1986, 1996 және 2006 жылдардағы түлектері бас қосып, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне «Туған жерге тағзым!» шарасы аясында саябақ ашты. Айта кету керек, бұдан бірнеше жыл бұрын облыстағы тірек ауылдардың бірі боп саналатын бұл мекенде саябақ ашу облыстық әкімдіктің жоспарында қаралып, комиссия отырысында белгіленіп те қойған. Алайда, қаржы дағдарыстарына байланысты тоқтап қалған сыңайлы. Міне, осындай игі шараны қолға алған ауыл түлектері туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін нақты іспен көрсете білді.
Саябақтың сырты мал кірмеуі үшін темірмен қоршалды. Үш жүз түптей түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Су құбыры тартылды. Таяу уақытта орындықтар қойылып, абаттандырылатын болады. Алдағы уақытта саябақ ішінде Мөңке биге ескерткіш орнату үшін орын белгіленді.
Ауыл адамдары үшін демалыс орынын ашу туралы бастама көтеріп, оны жүзеге асыру үшін істің басы-қасында жүрген осы мектеп түлегі «Ақтөбе Сәт» ЖШС директоры Марат Қансұлтановқа ел алғыс айтады. Сондай-ақ, игі істің басынан табылған түрлі кәсіптің иелері Қолғанат Құдайбергенов, Темірхан Тілеубергенов, Талғат Жұмағазин, Борантай Әбілов, Беркінбай Қожагелдин, Игілік Князбаев, Нұрбек Берімбетов, Нұрлан Сатаев, Балдыбай Тоқтарбайұлы, Самғат Қуантайұлы, Бекболат Мырзабергенұлы сынды жігіттердің есімдерін ерекше ілтипатпен айтып жатты.
Бердібай КЕМАЛ
Ақтөбе облысы