Өткен сәрсенбіде Ақтөбе облыстық сотының ғимаратында Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте облыстық соттың жаңа төрағасы таныстырылды. Іс-шараға Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының төрағалары, облыс активі, өңір судьялары, Судьялар одағы филиалы мен Соттар әкімшісінің басшылары қатысты.
Кеңесте сөз алған Қайрат Мәми заңға сәйкес Ерлан Айтжановтың облыстық сот төрағасы лауазымындағы бес жылдық мерзімінің аяқталғандығын және үстіміздегі жылғы 20 маусымдағы Президент Жарлығымен облыстық соттың төрағасы қызметіне Мұратқали Әкетайдың тағайындалғанын мәлімдеді.
Жоғарғы Сот Төрағасы жаңадан тағайындалған облыстық соттың төрағасын білімді заңгер әрі білікті басшы ретінде таныстырды. М.Әкетайдың облыс прокурорының орынбасары, облыстық соттың алқа төрағасы және Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы лауазымдарындағы жұмыстары аталып өтілді.
Қ.Мәми облыстың сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Е.Айтжановқа алғыс білдірді. Мемлекет басшысының Жарлығымен ол Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Кеңес аясында облыс соттары қызметінің, Сот әдебі жөніндегі комиссияның және Судьялар одағы филиалының үстіміздегі жылғы 5 айдағы жұмысының қорытындылары талқыланды.
Жоғарғы Сот Төрағасы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көзделген шараларды іске асыру аясында еліміздің сот жүйесіне енгізілген жаңалықтар туралы айтып өтті. Атап айтқанда, сот төрелігі үш буынды жүйеге көшті. Жоғарғы Соттың жанында инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа мен халықаралық кеңес құрылды. Азаматтық сот ісіне прокурордың қатысуы шектелді. Біліктілік талаптары мен судьялық лауазымға кандидаттарды іріктеу тетіктері, психологиялық тестілеудің рөлі күшейтілді, полиграфологиялық зерттеу енгізілді. Жоғары Сот Кеңесі дербес аппараты бар автономды мемлекеттік мекеме ретінде түбегейлі қайта құрылды, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы өз жұмысын жаңа мәртебеде бастады.
Соттарда аудио-бейне тіркеу жүйесін енгізу мен қолдану бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Қ.Мәми үстіміздегі жылдың күзінде судьялардың съезінде қабылданады деп жоспарланып отырған жаңа Әдеп кодексі жобасының әзірленгендігін айтты. Кодекс жобасы республиканың судьялар қауымдастығымен келісілді және Жоғарғы Сот жанындағы халықаралық кеңестің отырысында мақұлданды. Ол бойынша Еуропалық Кеңестің Венециялық комиссиясы сарапшыларының қорытындысы алынды.
Төраға барлық маңызды мемлекеттік мекемелерді қорғауды күшейтуге, оларды қараудың заманауи құралдарымен, сапалы бейнебақылау жүйесімен жарақтандыру қажеттігіне назар аударды. Осы ретте аталған шаралар азаматтар үшін ыңғайсыздық туғызбауы тиістігі атап өтілді.
– Судьялар мен соттар аппараттары қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Әрине, мұндай жұмысты процеске қатысушылармен де жүргізу қажет. Осы бағыттағы ереже БАҚ-та кеңінен жарияланды. Оларды білу керек және құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет қызметкерлерінің осы жағдайдағы талаптарына түсіністікпен қарау керек, – деді ол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Кеңесте облыс әкімі Б.Сапарбаев, жаңадан тағайындалған облыстық соттардың төрағалары, судьялар қауымдастығының өкілдері сөз сөйледі, бұл бағыттағы өз ойларын ортаға салды.
АҚТӨБЕ