24 Маусым, 2016

Римді әйел билемек

277 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
дубир-1Рим – адамзат тарихында, өркениет дамуында орны бар қала. «Барлық жол Римге апарады» деген бұрыннан қалған сөз де бар. Талай тарихтың куәсі болған. Оны басқарғандар да тарихта қалған. Бірақ бұған дейін оны әйел қайраткер басқармаған екен. Енді басқарады – 37 жастағы заңгер Вирджиния Раджи қала мэрі болып сайланды. Сірә, мұны ешкім күтпегендей. Сайлауға түскен қаланың бұ­рынғы мэрі Роберто Джакетти де, оны қолдаған биліктегі Италия Демократиялық партиясы да дәл осылай болады деп ойламаған сияқты. Бұрынғы мэр жаңа мэрді құттықтады. Өз жеңілісін мо­йындады. Мойындамасқа әдді жоқ – жаңа мэрге римдіктер екі есе артық дауыс берді. Бұл, әрине, тек Джакеттидің ғана жеңілісі емес, биліктегі Демократиялық партияның же­ңілісі, тіпті, оны сол биліктегі партияның серкесі премьер-министр Маттео Ренциге де апарып тіреуге болар еді. Әри­не, бұл парламент сайлауы емес, муниципиалдық сайлау. Сөйтсе де муниципиалдық 20 құ­рылымның 19-ында жеңілген партия ертең парламент сайлауында жеңіске жетуі екіталай. Сонда жеңген кім? Саяси күш­тердің алдына шыққан кім? Бұл өзі сырттағыларға бей­мәлімдеу күш. «Бес жұлдыз» қоз­ғалысы дегенді біраз адам біле де қоймауы мүмкін. Оны осыдан жеті жыл бұрын комик және актер Бэппи Грилло құрған. Және жедел танымал болды. Былтырғы жылы парламент сайлауында үшінші орын алып, айды аспанға шығарса, бүгінгі жеңістері тіпті талайды есінен тандырарлық. Парламент сайлауы бүгін өтсе, бар билік осылардың қолына көшуі мүмкін-ау дерсің. Жұрт комик Бэппи Грил­лоның ойынын жақсы көргенмен, бұл жолы оның бағдарламасына қарағаны анық. Елде, басқа жер­дегідей, жемқорлық, жұмыс­сыз­дық етек алған. Оған мигрант­тар тасқыны келіп қосылды. Қа­зіргі билік дәрменсіз. «Бес жұлдыз» қозғалысы жөндейміз дейді. Халықтың сенбеске лажы жоқ. Ең болмаса, бұларды да бір байқап көрейік деп отыр. Римдей ұлы қалада жеңіске жетуді әсте де кездейсоқтық деуге болмайды. Мұнда елдің қаймағы тұрады. Олар өз әрекетіне есеп береді. Бұл жеңісті «Бес жұл­дыздың» көсемі Бэппи Грилло да, жаңа мэр Вирджиния Раджи де тарихи десе, ол әсте асырып айтқандық емес, шындығы солай. Тіпті, дұрыс болғанда да, бұрыс болғанда да солай. Халық өзгерісті таңдап отыр. Раджи ең алдымен қаржының қалай жұмсалатынын халыққа ашып көрсетсем дейді. Демек, жемқорлық жасырына алмайды. Бір таңданарлығы – елдің тағы бір үлкен қаласы Туринде де әйел азамат жеңіске жетті. Чиара Апенндино да «Бес жұлдыздың» өкілі. Жұрттың бұл қозғалысқа ықыласы жайдан-жай емес-ау дейсің. Күні кеше Лондонның мэрі болып, мұсылман Садик Хан сайланғанда, осы «Бес жұлдыздың» көсемі комик Грилло жаңа мэрдің Вест­ми­нистрлік алдында өзін өзі қашан жарып жіберуін күтіп жүрмін деп әзілдеген еді. Садик Хан айта алса, жауап әзілдің де реті келіп-ақ тұр. Лондонға мұсылман басшы болғаннан Римде әйел азаматтың тізгін ұстауы кем емес. Никарагуаға танктер неге керек? дубир-2Ресейдің сонау Орталық Америкадағы шағын ғана кедей ел – Никарагуаға 50 танк сатқысы келетіні туралы қазір сарапшылар, саясатшылар көп әңгіме айтып жатыр. Біреулер одан Латын Америкасының елдері қауіптенеді десе, екіншілері оны Никарагуаның ішкі жағдайына апарып тірейді. Мәскеу бұл елді өзінің әскери базасына айналдырмақ дейтіндер де бар. Барлық пікірлер де негізсіз емес. Сол әскери техниканы Ни­карагуа биыл және келесі жылдың басында толық алатын көрінеді. Оған 80 миллион доллар қаржы жұмсамақ. Никарагуа үшін ол аз емес, бүкіл 2015 жылдың әскерге жұмсар шығынына тең. Сонша шығынданып не керегі бар еді дегенге, бұл елде ішкі жағдай да мәз емес, президент Даниэль Ортега әскерилерге арқа сүйейді. Оларға қару-жарақ әперіп, көңілін демдемесе болмайды. Оның үстіне, бір сарапшылардың пікірінше, бұл елде Ортега бас бизнесмен саналады екен, қару саудасынан оның қалтасына түсетіні де болуы керек. Басқалардың сол танктерден қауіптенуі дегенде, бұл алдымен көрші Коста-Рикаға қатысты. Осынау Никарагуадан да шағын­дау ел одан шын сескенеді. Бұ­рын да оның біраз қоқаңдауын көрген. Содан олардың біраз танк алмақ ойын білгенде, ресми түрде басқаларға да естірте қарсылық мәлімдеме де жасады. Әйтпесе, осынау ескі-құсқы танктермен Никарагуаның басқа Латын Америкасы елдеріне қауіп төндіруі де көңілге қона бермейді. Оның үстіне, бұл елдер Америка мемлекеттері ұйымына да мүше, яғни одақтастар. Олардың бір-бірімен соғысып жатуына жол беріле қоймас. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, Мәскеу бұл елге оңған техникасын бере қоймақ емес, өздерінде қолданудан қалған, бұдан отыз жылдай бұрын жөнделген Т72Б1 танктері көрінеді. Бос жатпай ақшаға айналғаны өз алдына, Никарагуадай елге оның жарап та қалуы мүмкін. Ең бастысы – екі ел арасында әскери байланысқа қызмет етеді. Ал мұндай байланыс Ресейге қажет-ақ. НАТО өз әскерін Прибалтика елдеріне апар­ғанда, АҚШ-тың іргесіндегі Никарагуа оның әскер базасына айналса, ойындағысының жүзеге асқаны. Бұрын Мәскеу осы өңірдегі үлкен тірегі ретінде Венесуэлаға көп үміт артса, қазір олар өз бас қайғысымен әлек. Ал Никарагуа оның орнын толтырмағанмен, әйтеуір жоқтан жақсы. Бұл ел жаңа қарумен жарақталып, үлкен күшке айналмасы анық. Оның осында қару орналастыруға жа­рағаны да жеткілікті. Тәуелсіз әскери сарапшы Павел Фольгенгауэр халықтың президент Ортеганың үкіметіне сенімі аздау, бұл да Венесуэланың жолын құшуы мүмкін дейді. Сонда да Мәскеу көп нәрсе жоғалта қоймайды дейді сарапшы. Азын-аулақ ескі қару қайда қалмай жатыр. Жұрттың әңгімесіне арқау бол­ған танктердің мәнісі осындай. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист