Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөнінде өткен ведомствоаралық кеңеске қатысты.
Бас прокуратурада өткен кеңеске Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Бас прокуратура жанындағы Консультативтік кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы ісіндегі заңнаманы жүзеге асыруға байланысты барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары елімізде осы саладағы заңдылықты нығайту жөнінде пәрменді заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды, тұрмыстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу жөніндегі құқықтық тетіктер қалыптастырылды.
Кеңесте атап өтілгендей, тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы салалық заң қабылданғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгере бастады. Құқықтық акт тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасылық жанжал тудырушыларға қатысты қылмыстық-процестік тұрғыда мәжбүрлеудің қажетті әдістерін пайдалануға және зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Профилактикалық жұмысты жандандыру және әкімшілік-құқықтық шараларды қолдану өз нәтижесін берді. Соңғы төрт жыл ішінде тұрмыстық сипаттағы қылмыстар саны екі есе азайды. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, әйел адамдарға қатысты жазаланатын қылмыстық әрекеттер жасаған адамдардың жауапкершілігін күшейту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу керек. Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа тап болған адамдарға арналған дағдарыстық орталықтардың жұмысы негізінде бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет.
Биылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша, тұрмыстық сипаттағы қылмыстың 54,4%-ға көбейгені байқалады. Елімізде зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 60%-ға жуығы отбасында жасалады. Бұдан туындаған агрессиялық көңіл-күй сыртта да жалғасып, өзге ауыр қылмыстарды жасауға себепші болады.
Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ, әйелдер көп жағдайда өз жұбайының немесе отбасы мүшелерінің тарапынан тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық құрбанына айналғанын жасыратынына тоқталды. Соның салдарынан тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық құрбандары одан әрі тексеру жүргізгенді қаламай, сотқа шағымданбайды, сондықтан ішкі істер органдары сотқа жіберген материалдар қараусыз қалады. Тек 2015 жылы ғана отбасылық жанжал тудырушы 2 мың адам жауапкершіліктен құтылып кеткен.
Гүлшара Әбдіқалықова тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті. Заң барша халыққа түсінікті және әр адам үшін қалыпты норма болуы үшін қызмет ету керек. Біз әйел адамдарға медициналық, құқықтық, психологиялық көмек көрсету жөнінде мемлекеттік кепілдіктерді қалай нығайтатынымыз туралы айту үшін жиналдық, деді Мемлекеттік хатшы.
Бұдан кейін сөз алған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жағдай 2009 жылдың желтоқсанында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңның қабылдануымен жақсара түскенін мәлімдеді. Атап айтқанда, заңдық норма қабылданғаннан кейін ішкі істер органдарының қызметкерлері тарапынан 260 мыңнан аса қорғау нұсқауы толтырылып, соттар тарапынан 22,5 мың жүріс-тұрыс ережесі бекітіп берілген. Енді отбасының берекесін кетірушінің алкогольді ішімдікті тұтынуына 3 айдан 1 жылға дейін мерзімге тыйым салынады. Жалпы, заңдық норманың қабылдануы жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткішін 10 пайызға төмендетуге мүмкіндік беруде. 2005 жылы 1600 осындай қылмыс жасалса, 2015 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш үш есеге қысқарған.
2014 жылдың қорытындысы бойынша сотта отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша 23 мың әкімшілік құқық бұзушылық ісі қаралса, 2015 жылы оны қылмыстық құқық бұзушылыққа алмастырғаннан кейін бар-жоғы 627 жазаға тарту шешімі шығарылған. Әкімшіліктік қамауда ұстау мерзімінің 48-ден 3 сағатқа дейін қысқаруы да тәжірибеде көптеген проблемалар тудырған. Өйткені, араққа сылқия тойып алған бұзақы үш сағатта есін жинай алмайды, сондықтан отбасына қайта барып, ауыр қылмыс жасап жатады.
Сондай-ақ, отырыста Қазақстан Республикасындағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева қазіргі таңда елімізде 5,5 миллион бала бар екенін айтты. Соның 2 миллионы мектепке дейінгі жастағы балалар болып табылады. Бұл ретте 140 мың бала мүмкіндігі шектеулі балалар болса, 10 мыңға жуығы жетім және әке-шешелерінің қамқорлығынсыз қалғандар. Балалардың отбасындағы зорлық-зомбылыққа куә болуы олардың болашағына кері әсерін тигізетін болады. Бұл өз кезегінде қоғамның бұзылуына, еліміздегі еңбек өнімділігі мен экономикасының өсіміне теріс ықпал етеді.
БҰҰ Балалар қорының өкілі Юрий Оксамитный өз кезегінде отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп отырғандығына назар аудартты. 2009 жылы БҰҰ Балалар жөніндегі комитеті зорлық-зомбылық мәселесіне байланысты өзіндік ұсыным жасаған болатын. Онда балаларды жазаламау туралы тұжырымдар көрініс тапқан. Осыған орай ата-аналармен және балалармен жұмыс істейтін мекемелерге осы жайттарды түсіндіру қажет. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың психологиясына зор күйзеліс әкелетіндігі түсінікті. Балаға қол жұмсау олардың өзін төмен бағалауына, сабағының нашарлауына әсер ететінін көрсетіп отыр. Сондықтан осы бағытта зерттеу жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, ведомствоаралық кеңес отырысында Бас прокурор Жақып Асанов сөз алып, күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталды. Көшедегі агрессияның бір себебі – отбасындағы жағдай. Үйден ызамен шыққан адам өшін өзгеден алады. Адамдардың қоғамдық жерлердегі және көліктегі теріс қылықтары, көп жағдайда, отбасында болып жатқан жағдайлардың көрінісі, деді Жақып Қажманұлы. Статистика бойынша Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 90 пайызға жуығы әйел адамдарға қатысты жасалады, егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық әрекеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес. Сондықтан да басты мақсат тұрғындардың сана-сезімін өзгертудің жаңа жолдарын іздестіру, осы проблемаға деген көзқарасты өзгерту болып табылады.
Жалпы айтқанда, кеңеске қатысушылар құзыретті құрылымдардың өзара келісілген іс-қимылын қамтамасыз етудің, тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықты тоқтату және оның алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған тиімді құқықтық және тәжірибелік шаралар қабылдаудың маңызы туралы айтып өтті. Бұл жұмыстың сәтті жүруіне мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының бірлескен күш-жігерінің жұмылдырылуы, соның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық проблемаларын нақты шешумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың іс-қимылдары ықпал етпек.
Кеңес соңында Мемлекеттік хатшы тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықты түбірімен жою үшін құзырлы мемлекеттік органдар жүзеге асыруға тиіс бірқатар міндетті айқындап берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»