Қазақстандағы бірегей телекоммуникациялық компания ретінде танымал «Қазақтелеком» АҚ бұқара халыққа компания мен бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын таныстырды.
Мемлекеттік органдар өкілдері, басқарма мүшелері мен консалтингтік компания қызметкерлері және шетелдік сарапшылар қатысқан іс-шара аталған компанияның екі жыл бұрын басталған ауқымды трансформация нәтижелерін тұжырымдап, оның перспективалық технологиялар мен инновациялық шешімдерін айқындауға бағытталды.
Жиын барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, компанияның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев баяндама жасады. Бұл ретте ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам институттарының жұмысын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы үдерістерді, жалпы алғанда адамдардың өмір сүру салтын трансформациялайтынын атап өткен Д.Абаев «Қазақтелекомның» өз қызметін жүзеге асыра отырып, оның азаматтар, мемлекет және әріптестері алдындағы жауапкершілігін бұдан кейін де ақтай беруі, байланыс операторы болып қана қоймай, сондай-ақ инновациялар енгізудің сараптамалық және технологиялық алаңына айналуы маңызды екендігін жеткізді.
Сонымен қатар XXI ғасырдағы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі технологиялық ілгерілеу деңгейіне байланысты болатындығын, осы ретте «Ақпаратты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында бұл бағытта елеулі жетістіктерге қол жеткізілгенін баяндады.
Оның айтуына қарағанда, бүгінде халықты мобильдік байланыспен, кең жолақты интернетке қолжетімділікпен және сандық эфирлі хабар таратумен кеңінен қамту қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта телекоммуникациялық қызметтер нарығы маңызды секторлардың бірі болып отыр және де экономиканың көптеген салалары үшін айрықша маңыздылыққа ие. Оның көлемі 600 млрд. теңгеден асты. Осы бағытта кеңінен қатысуы, іске асырылып отырған жобалар мен орындалған мақсаттар тұрғысында «Қазақтелеком» саланың көшбасшысы болып табылады, деді министр.
Келесі сөз кезегін алған компанияның басқарма төрағасы Қ.Есекеев компания коммерция, «интернет заттар», М2М әлеуетті шешімін дамыту тәрізді жаңа қызмет саласын меңгеруді көздеп отырғанын көлденең тартты. Бұл ретте ол компания стратегия міндеттерін іске асыру үшін техникалық, адами ресурстар – сарапшылар мен техникалық мамандарға ие екендігін, сондай-ақ, компанияның инфрақұрылымы жаңа шешім енгізуге дайындалғанын атап өтті. 20 жыл уақыт ішінде компания көптеген белестерді бағындырып, ауқымды жетістіктерге қол жеткізді. Біз қазіргі таңда бірқатар нарықтарда көшбасшы болып келеміз, деді компания басшысы. Сонымен қатар, аталған компания нарығының жалпы көлемі 92 пайызды құрайтынын жеткізді. Таныстырылған жаңа стратегияның басты базалық элементтерінің бірі ретінде тұрақтылықты атап өтуге болады. Яғни, компания операторы тұрақты инфрақұрылыммен жұмыс жасайды. Екіншісі – инновациялық бағыт болса, үшіншісі сандық экономикаға көшу болып табылады.
Іс-шара барысында «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерін салалық «Үздік байланысшы» төсбелгісімен салтанатты түрде марапаттау өткізіліп, бұл ретте Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев компанияның аймақтардағы 32 қызметкеріне байланыс саласының жоғары марапатын табыс етті.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»