Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілік етуімен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында айтулы жылды айрықша жағдайда ұйымдастыру іс-шараларының жоспары талқыланды.
Гүлшара Наушақызы ең алдымен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екi жылға тұрақты емес мүшесі болып сайлануына арнайы тоқталды. «Біздің еліміздің БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесi болып сайлануы – Елбасының, жалпы Қазақстан халқының жеңiсi. Осы жеңiспен сiздердi құттықтаймын», – дедi Мемлекеттiк хатшы.
Содан кейін жуырда ғана өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 4 айлық қорытындысына арналған жиында Елбасының Тәуелсіздіктің ширек ғасырдағы тарихи маңызына айрықша тоқталғанын еске түсірген Г.Әбдіқалықова бұл мерейтой жалпыұлттық деңгейде ұйымдастырылуы тиіс жауапты міндеттің бірі екендігін атап көрсетті.
«Біз ширек ғасырлық мерейтой аясында сындарлы үнқатысуға негізделген, кез келген мәселені шешуге қабілетті екенімізді күллі әлемге танытуымыз қажет және алдағы өршіл мақсаттарға жұмылған жұдырықтай бірге ұмтылатын ел екендігімізді көрсетуіміз керек. Сондықтан да аталған ұлы мерекені жалпыұлттық деңгейде ұйымдастыру және лайықты өткізу баршамызға жүктелген жауапты міндет болып табылады», – деді ол.
Алқалы жиында жыл соңына дейін жүзеге асырылатын мерекелік шаралар мен ауқымды жұмыстар турасында Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы жан-жақты айтып берді. Ал Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова мерейтойлық басқосуларға жастар мен жастар ұйымдарын тарту жөніндегі, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев ақпараттық-имидждік сүйемелдеу жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
Жалпы, Мемлекеттік хатшы бүгінгі басқосу барысында Қазақстан Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойын ерекше леппен атап өтуді ұйымдастыруда жергілікті жерлер мен ауыл-аймақтарды кеңінен қамту жайы талқыланатындығын ескерткен болатын. Осыған орай, онлайн-режімде өткен отырыста Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары М.Тоғжанов өңірде Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуді ұйымдастыру ісіне тоқталды. Дегенмен, іс-шараларды өткізу бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын өзара үйлестіру мен ықпалдастықтың негізгі мәселелері жөнінде пікір алмасуда Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев жетекшілік ететін ведомствоның мақсат-міндеттері ауқымды болып шықты. Соның бірі ретінде ол – Тәуелсіздіктің 25 жылдығын көрсетуде ширек ғасырдағы ел жетістігі ерекше маңызға ие екендігін атап өтті.
«Ал ақпараттық науқанның басты қағидаты – халықтың отансүйгіштігін арттыруға бағытталатын болады. Біз еліміздің негізгі жетістіктерін көрсетуге тырысамыз. Сондықтан да қазіргі уақытта арнайы түзілген медиа-жоспар аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді министр. Оның айтуынша, мұндай медиа-жоспардан бөлек ақпараттық жұмыстардың тәсілін өзгерту де көзделген. «Осы ретте тек медиа-жоспарды ғана пайдаланбай, таргеттеу деп аталатын тәсілді де қолданбақпыз. Яғни, халықтың әрбір санатына жеке-жеке жоба ұсынылады. Меніңше, бұл тәсіл өзін өзі барынша ақтауы тиіс», – деді министр.
Сонымен қатар, 25 жылдық аясындағы ақпараттық қолдау шараларының құрамында реалити-шоу өткізу жоспарланыпты. «Осы бағытта арнайы басымдыққа ие 25 ғажап жоба ұсынамыз. Қазір оның барлығы да дайындалу үстінде. Таяу уақытта бұл жобалар теледидардан көрсетіліп, газеттерде жарияланатын болады. Біз еліміздің Тәуелсіздігіне арналған, жүлде қоры қомақты қызықты фотобайқау да өткізбекпіз», – деген Дәурен Әскербекұлы БАҚ өкілдерінің сауалына орай, ел Тәуелсіздігі мерейтойын атап өтуге қосымша қаржы қарастырылмайтынын да қаперге салып өтті. «Барлығы да жоспарланған бюджетке сай ұйымдастырылады. Одан тыс ешқандай қаржы жоспарланып жатқан жоқ. Меніңше, мәселе ақшада емес, ақпаратты ел-жұртқа жеткізе білуде», – деді ол сөзін нықтап.
Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, жоспарланған іс-шараларды сапалы және мерзімінде іске асыру қажеттігін атап өтіп, жұмысты әрі қарай ұйымдастыру жөнінде тиісті органдарға бірқатар тапсырма жүктеді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»