Варшавада Қазақстанның Польшадағы елшісі Алтай Әбибуллаевтың Польша Сенатының маршалы Станислав Карчевскимен кездесуі өтті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері, сондай-ақ, парламентаралық үнқатысуды нығайтудың келешегі сөз болды.
Қазақстан елшісі елдеріміздің тиісті құқықтық базасын қамтамасыз ететін екі ел парламентшілерінің ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, сұхбаттасушысын Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясатымен және екіжақты ынтымақтастықтың келешегімен, сондай-ақ, Мемлекет басшысының жаһандық және өңірлік бастамаларымен таныстырды. Елші Сенат төрағасын 28-29 тамызда Астанада өтетін «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясына шақырды.
Өз кезегінде С.Карчевски осы жылдың мамыр айында өткен Қазақстанға ресми сапары барысында жылы қабылдауы үшін ел басшылығына шын жүректен алғысын білдірді. Польша Сенатының спикері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесуінен алған әсерлерімен бөлісіп, тағы да өз сапарын жемісті ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-ЖомартТоқаевқа ризашылығын білдірді.
Спикер Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды оң бағалап, екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін тілге тиек етті және Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмысын жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
С.Карчевски кездесу соңында Қазақстан Президентін және барлық қазақстандықтарды еліміздің 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына сайлануымен құттықтап, Қазақстан ЕАЭО кеңістігінде Польшаның маңызды әріптесі болып табылатынын атап өтті және екіжақты, сондай-ақ, көпжақты ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша байланыстарды одан әрі нығайтуға ерекше қызығушылық танытты.
«Егемен-ақпарат»