06 Шілде, 2016

Күн астындағы қала

516 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Без имени-1(«Әлем көшбасшылары» сериясымен шыққан Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Жібектей есілмеген жол» кітабынан үзінді) Сергей Плеханов – бүгінгі белгілі орыс жазушы­ларының бірі. Көбінесе ол тарихи тұлғалар төңірегінде қалам тербейді. Орыстың тұңғыш қағаны Святослав, соңғы патшасы Николай ІІ, жазушы Писемский жайындағы романдары жұртшылық жүрегіне жол тапқан тұшымды туындылар. Таяу Шығыстың танымал мемлекет басшылары Оман сұлтаны Кабус бин Саид, Катар әмірі Хамад бин Ханифа әл-Тани, қайратты да қабілетті Ирак билеушісі Саддам Хусейн жайында жазған еңбектерінен оқырман қауым көрнекті қайраткерлердің елі мен жері, өмірі мен қызметі жөнінде қыруар деректер, тың мағлұматтар алады. Ал оның дүйім дүние таныған даңғайыр қайраткер, кемел ойлы саясаткер, абзал азамат Нұрсұлтан Назарбаев жөніндегі «Жібектей есілмеген жол» атты орыс тіліндегі кітабы өткен жылы «Халықаралық қатынастар» баспасының «Әлем көшбасшылары» ұласпасының беташары болды. Онда тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көшелі қайраткер болып қалыптасуы Кеңес Одағының қарыштауы мен құлдырауын, ақыры құлап тынуын, жаңа дербес мемлекеттің өмірге келуін айқындайтын оқиғалар аясында айшықталған. Елде баянды бейбітшілік пен қылаусыз тыныштықты сақтай отырып, ойлағандай осы заманғы мемлекет құрып, бұрынғы Кеңес республикаларымен, Шығыс пен Батыстың айтулы елдерімен өзара тиімді серіктестік қатынастар орнатып, халықаралық бейбіт бастамаларға ұйытқы болып отырған Елбасымыздың ерен еңбегі мен өнегелі өмірі шығармада өте нанымды бейнеленген. Сондықтан оны аударып, өз оқырмандарымыздың назарына ұсынуды парыз санадық. Қазақстанның елордасы – Астанаға мен алғаш 2000 жылдың мамырында келдім. Онда оған екі жарым жыл ғана болған, өзінің жаңа атын ол 1998 жылдың 6 мамырында алды. Астаналық мәртебеге сәл бұрынырақ – шалғайдағы түкпір қа­ла­ға мемлекеттіліктің нышандары – Ту, Ел­таңба және Президент байрағы әкелін­ген 1997 жылғы 8 қарашада ие болды. Әуежайдан келе жатқан жолда әдеттегі кеңес құрылыс салу үлгісіндегі бес қабат панель үйлерді, іріп жатқан асфальтты, қураған теректерді ұшыраттым. Тек орталық бөлік қана көңілдірек көрінді: көшелер теп-тегіс, «хрущевкалар» ақшыл сайдингпен қапталған, Парламент пен Үкімет ғимараттарының айнадай терезелері жалт-жұлт етеді. Тек Мемлекет басшысының қайтадан салынған резиденциясы қарапайым болғанымен әсемдіктен құралақан емес екен. Ел құлдырау мен дағдарыстың ауыр жылдарынан кейін өзіне өзі енді келген. Астананың сұлу да оңтүстікше бай Алматымен бақ таластырып бәсекелесе алатынына көп ешкім сене қоймаған. Шенеуніктер өз отбасыларын терістікке көшіруге асығар емес, бос уақытын барлығы бұрынғы астанада өткізуге тырысады. Егер бәзбір шара ұйымдастыру туралы сөз шыға қалса, ыңғайлы залдар мен қонақүйлердің жоқтығын сылтауратып, Алматыда өткізгісі келеді. Елшіліктер де әліптің артын бағып отыр, табиғаты қатал далалық өлкеде ешқайсысының да резиденция салғысы жоқ. Тек Президент Назарбаев қана табандап отырып маңызды халықаралық кездесулер мен конференция­ларды қысқы температурасы 40 градустан сәл төмен, жазғы ыстығы 40 градустан жоғары, ұйытқыған желі кейде адым аттатпайтын осы жерге белгілейді. Сондықтан Есіл өзенінің жағалауларына топырағының тұздылығына, қамыстан басқа өсімдік өспейді деп безектеуге қарамастан, ағаш өсіріп, гүлзарлар жасауға нұсқау берді. Президенттің астананы көшіру идеясы Қазақстан тәуелсіздік жариялағаннан кейін көп ұзамай-ақ туды. Ол ойын парламентарийлердің, шенеуніктердің, журналистердің алдында айтты. Болашаққа апарар жолды енді ғана түсінген Елбасының басында қандай қиял жоқ дейсің деп ойлаған олар бас шұлғи салған. Себебі, ол күндері жұрттың біразы орындалуы міндет емес, бірақ құлаққа жағымды үстірт жоспарларды бұрқыратып жіберген-ді. Бұрынғы Одақ кеңістігін кеулеп кеткен қиялшыл қуаныштың толқыны недәуір тез басылып, кешегі көкте құлпысарай салатындардың көпшілігі керауыз әшкерелеушіге айналып, кейбірі назаланған бұқара кешегі тәтті сөзің қайда деп бетке басар деп жұмған аузын ашпай отыр. Қиялдану қайда, жұрттың көбі қазіргідей саңылаусыз күйдегі ертеңгі күнге қалай жетеміз деп алаңдаумен жүр. 1994 жылдың жазында Назарбаевтың астананы көшіру жөніндегі мәлімдемесін басқарушы төбе топтың көпшілігі болмыспен байланысын жоғалтқаны деп қабылдады. Күнделікті жейтін наныңды қалай табуды ойлаудың орнына халықты қияли пайымдармен алдарқатудың не керегі бар? Депутаттар қатал шындық Президентті өз жобасынан бас тартуға мәжбүр етеді деп топшылады. Сондықтан ол өзінің туған күнінде Жоғарғы Кеңесте сөз сөйлеп, астаналық міндеттерді алдында ғана Ақмола деп аты өзгертілген бұрынғы Целиноградқа беру жөнінде жасаған ұсынысына қарсылық көрсеткен жоқ. Аталмыш мәселе бойынша дауыс беру ештеңеге де міндетті етпейтін жай ғана Мемлекет басшысына деген ілтипат деп ойлаған болар. Сонымен, төмендегідей қаулы қабылданды: «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмолаға көшіру жөніндегі ұсынысымен келісілсін». Алайда, Президент сүйікті қиялымен көңілін көншітіп, қаржысының жоқтығынан, басқа да қам-қарекеттің бастан асып жатқанынан ойлаған ойын аяқсыз қалдырады деп дәмеленгендер қателесті. Ол адамдар жаңа астананың құрылысы оның Қазақстан тәуелсіздігінің тұжырымдамасында қандайлық орын алатынын, тегі, түсінбейтін тәрізді. Кейінірек жұмыс қазандай қайнап жатқан кездегі кеңестердің бірінде: «Естеріңізде болсын, Астананы құру деген, бұл бәрібір, мемлекет құру деген сөз», – деді. Орыс сурет өнерінің классигі Валентин Серовтың Неваның батпақты жағасында аршындай адымдап келе жатқан Ұлы Петрді бейнелеген, соңынан дауылды желден бүрсеңдеп жүгіріп келе жатқан сарай қызметшілері мен архитекторлар көрсетілген бір шығармасы бар. Ақмоланың астаналық мәртебе алған алғашқы айларына қатысты суретті көріп, сол тарихи туынды еріксіз еске түседі. Суретте Президент Есіл бойлап, жалтыраған туфлимен жолсыз сазбен келе жатыр, соңынан шұбырған шенеуніктер тобыры. Шамасы, жел қатты болса керек, нөкерлерінің бірінің галстугі жағасынан шығып иығын жауып қалыпты. Екі астананың құрылыстарын табаны күректей үш ғасыр бөліп тұр, бірақ олардың тағдыры қандай ұқсас десейші! Неваның ми-батпақ сағасында тұрғызылған Санкт-Петербург Петрдің нөкерлері үшін тозақ көрінген шығар, ал жиырма жылдан кейін ол тұрғындарының саны жағынан Еуропаның ең ірі қалаларымен теңесіп, әлемнің ең айбынды астаналарының біріне айналды. Ақмоладағы өмір де мемлекет дөйлеріне жаза іспетті көрінген болар, бірақ араға жиырма жыл салмай жатып-ақ мұнда қызмет бабымен ғана емес, табысқа жетемін, өзімді саясатта, бизнес, өнерде танытамын деген жұрттың бәрі ағылды. Қазіргі технологияның мүмкіндігін, өмірдің жалпы қарқынын ескергенде, бәрі Назарбаев ойлағаннан шапшаңырақ болып жатқан сияқты. Енді ғана еңсе көтерген байтақ кенттің тағдыры қандай болмағы Еуразия кіндігіндегі елдің рөлі қандай маңызға ие болатынына байланысты. Жаңа астананың алғашқы ең қиын айлары мен жылдары жайындағы әңгімелерді естігенде оны Ұлы Петрдің ісімен салыс­тыру өз-өзінен сұранып тұратын сияқты. Құрылыс бастамашыларының «өзімби» тәсілдері де ұқсас. Петр дұрыс қарамағаны үшін генерал-полицеймейстер Давиерді жеке өзі таяқтаған еді, өйткені, салынып жатқан көпірдің бірнеше тақтайы қолды болып кетіпті; айыптылар да сазайын оңдап тартыпты. Адамгершіліктен аттамай, Назарбаев та кінәлілерді жазалап отырған. Салынып жатқан нысандарға күтпеген тексерулер жүргізген, шалағайлық байқалса, кінәлілерді арқадан қақпаған. Мәселен, 1997 жылдың басында Мемлекет басшысы резиденциясының құрылысы жүріп жатады, оған жауапты адамдар жұмыс керемет қызу деп желпіне баяндайды. Бірде күзет бастығын ертіп Президент түнде құрылысқа келіп, барлығын аралап, ілгерілеудің жоқтығына көзін жеткізіп, ертеңгісін құрылыс басшысына жұмыстан шығарылғанын хабарлайды. Содан соң жоба белгіленген мерзімде аяқталады. Осыған орай Ресей президенті Ельциннің Бельгияға барған сапары жайында Назарбаевқа айтқан бір әңгімесін келтіре кеткен орынды болар: «Салтанатты қабылдауда мені корольмен қатар отырғызды. Даяшы келіп, бокалға шарап құйды. Корольге мен: арақ құюға болмас па екен, деймін. Оның жауабы: жоқ, ондай болмайды, этикет солай. Сайтан алғыр, мен қайда келгенмін. Король даяшыға бұйрық бере алмайды екен. Король менің күйімді байқап былай деді: «Бізде демократия; сізге бір мысал келтірейін – менің сарайыма кірер маңда автобус аялдамасы бар, сәнді бұзып тұр, жалпы, қолайсыз, алайда, оны алып таста деп мен бұйрық бере алмаймын, муниципалитетке айтуым керек, ал ондағылар дебат ұйымдастырып, ештеңе де шешпейді». «Ой-ой-ой, аялдаманы ауыстырта алмасаң, сен қандай корольсің», – деп ойладым мен. Ал, міне, Нұрсұлтан қалап еді – Астананы да ауыстырды». Бұл ретте Ельциндікі дұрыс – Назарбаевтың сөзі анау-мынау монархтарыңнан әлдеқайда маңызды. Оның салмағы көшбасшы билігінің көлемінде емес, пікіріне деген құрметтің деңгейінде болса керек. ...Ғасырлар тоғысына бұрынғы Целиноград сәл оңалған, жаңа, астаналық мәртебеде қызмет етуге жарап қалған инфрақұрылыммен келді. Өмір өзгеріп, көңіл көтеріле бастады. Өзгерістер басталғанда бар үш мейрамхананың орнына ондаған жаңалары ашылды, Президенттің нұсқауымен бүкіл қала бо­йынша үйлердің бірінші қабаты кіші бизнес орындарына – дүкендер мен сұлулық салондарына, медициналық орталықтар мен тұрмыстық қызмет пункттеріне берілді. Нөлден бастап салынған алғашқы жаңа кешендердің бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті болды. Бірақ бұл елеусіз қалған провинциялық қаланың жаңғырту кезеңі, сонымен бірге, болашаққа құлшынысты бейнелейтін мүлдем жаңа кескін-кейіпті жасауға негіз қалау кезеңі болды. Есілдің сол жағалауын игеруге байланысты барлығы да өзгерді. Бұл жерде бұрын ешкім тұрмаған, тек кей тұста шағын бақшасы бар шағын үйлер шашырап жататын, олар да кеңес заманында кәсіпорындар мен ұйымдар өз қызметкерлеріне бөлген саяжайлық учаскелердегі уақытша тұрғынжайлар. Бұл жерлер құнарлы деп атауға және келмейтін, көп әуреленіп әйтеуір картоп және көкөністің бірер түрін өсіретін жұрт. Топырақтың тұзданып кетуінен алма және басқа жеміс-жидек дақылдары өспейтін. Астананы көгалдандыру жұмысын бас­тауды талап еткен Президенттің алдына осы жайлар талай көлденең тартылған. Целиноград басшылығы да бұл мәселені ойластырып, жыл сайын сенбіліктер өткізіп, ағаш отырғызатын, алайда, келесі маусымға дейін көшеттердің бәрі қурап, қайтадан егу басталатын. Әуелі бидайық егіп, гүлзарлар жасауға тырысып-ақ бақты, бірақ ол да сәтсіздікке ұшырады. Целиноградтың табиғатпен күрес ардагерлерінің мұндай әңгімелері Президентті алған бетінен қайтара алмады. Дегенмен, болашақтың қаласын сол жағалаудан салған жөн деп шешілді. Қала салу жобаларының байқауын атақты жапон архитекторы Куракава ұтып алды. Оның тұжырымдамасындағы ең бастысы Астананы айналадағы ортамен ағайындас, урбанизм мен тірі табиғаттың қоспасы болатын мекенжай етіп қалыптастыру, кеңістікті ұйымдастырудың белгілі белесі болатын. Бірнеше нысанның эскизін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі нобайлады. Осындай құрылыстың алғашқысы «Бәйтерек» мұнарасы болды. Кәдімгі аңыз бойынша Самұрық құс ұя салатын киелі ағаштың дәуірге бейімделген бейнесі еді бұл. Көшпенділер аңыз түрінде жердегі мен көктегінің арасындағы моттық және пәктіктің арасындағы байланыс­ты бейнелеген ғой. Әрбір адам қасиетті ағашқа шығып, күнделікті күйбеңнен арылып, киелі әлемді көре алады. Осы ағаш арқылы данышпан уағызшылар адам затын оқытып, ағарту үшін жерге түскен: «Міне, Астананың нышанды бейнесі өмір ағашы – «Бәйтерек» болды, – дейді Президент, – бізде ежелгі бір ертегі бар. Самұрық жылда бір жұмыртқадан салады екен, онысын аждаһа жұтып қоятын көрінеді. Бір батыр келіп, аждаһаны өлтіреді де, өмір қайта түлейді. Ұядан жаңа құс ұшып шығады. Мен «Бәйтеректі» ойлаған кезде бұған ондай мән бермеп едім, ал енді ол елордамыздың символы болып шықты». Былай қарағанда, жеңіл сияқты көрінетін құрылғының салмағы 1000 тонна, биіктігі 97 метр, ұсталып тұрған алтын шары 300 тонна, іште келушілерді жүйрік лифт көтереді, «жұмыртқаның» периметрімен жүрсең, қала панорамасын алақанға қойғандай түгел көресің. Ортада 17 жапырағы бар ағаш глобус тұр, жапырақтарына әлемдік діндер өкілдерінің қолдары қойылған. Сондай-ақ, мұнда «Аялы Алақан» бар, ол – Қазақ­станның Тұңғыш Президенті алақанының таңбасы. Халық осы арада ұдайы дабылдап жүреді, жас та, жасамыс та әлгі алақанға алақанын басып, айналадағының бәрін жасаған Көшбасшының шығармашылық күш-жігерінен қуат алғандай сезінеді. Халық пен биліктің біртұтастығының материалдандырылған идеясы дегеніміз осы. «Бәйтерек» аспанға бой созғанда, төңіректің бәрі жүк машиналарының доңғалағымен иленген балшық болатын. Тек бірен-саран құрылыс қана іргетасынан енді көтеріліп келе жатқан. Солардың ішінде елорданың мәртебесі үстем екінші ғимараты – Президент сарайы Ақорда атауының өзінде ақ шатырларын бағзы заманда Қазақстан жеріне тіккен ұлан дала әмірлерімен сабақтастық идеясы бар. Нұрсұлтан Назарбаев резиденцияның сыртқы келбетінің де, ішкі интерьерінің де көптеген эскиздерінің нобайын өзі жасады. Жобаны талқылаудың барлық кезеңіне өзі қатысып, құрылыс алаңын да өзі тұрақты қарап жүрді. Келісті көрнекілік үшін де, елді басқару қасиеттерін қамтамасыз ету үшін де қызмет ететін аса күрделі мұндай ғимарат, яғни Мемлекет басшысының резиденциясы таңданарлықтай тез салынды. Ол жеті қабаттан (төменгі екеуі жерастылық) тұрады, төбесіне алтын асатаяқ шаншылған мықты күмбезі бар. Айналасына аумақты бақ орнатылып, бірнеше гектар төңірек айтарлықтай көгалдандырылған. Ақорданы орай қаусырып аймалап жатқан өзен иінін бойлай келісті гранит жағалау жасалған. Ақорда мен «Бәйтеректің» арасындағы желі елорданың жаңа орталығының кіндігі іспетті. Одан оңда да, солда да негізгі министрліктер, Парламент палаталарының, Жоғарғы соттың, ең ірі банк­тер мен корпорациялардың ғимараттары орна­ласқан. Одан әрі батысқа қарай Сарай мен қала символына айналған Өмір дарағын байланыс­тыратын жолмен тура тартсаң, алып дарбазамен біріктірілген көп сатылы мұнаралардың етегіне тірелесің, бұларды елдің қазіргі экономикасын көтеруді қамтамасыз ететін Энергетика министрлігі мен шетелдік серіктестерімен терезе теңестіре отырып мұнай мен газ кен орындарын жұмыстайтын «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы орналасқан. Осы желіні одан әрі Ақордадан шығысқа қарай созсаң, Есіл өзенінің арғы бетіндегі Бейбітшілік және келісім сарайының алдынан шығасың. Әдетте, Президент өзін нәтижелі технократ санағанымен, кейде оның ықпалды ырық ниеті басым түсіп жатады. Оның өміршеңдігіне ол ұсынған «Мәңгілік Ел» идеялық құрылымынан-ақ көз жеткізуге болады. Ол ойды журналистер мен жазушылар, саясаткерлер бірден іліп әкетіп, мақалалары мен телехабарларына арқау етті. Астанада салынған көптеген ғима­рат­тардың эскиздерін Назарбаев нобайлаған және оларды қалада жұмыс істейтін көптеген кәсіби архитекторлар негізге алған. Көптеген жобаларда Президент ен­гізген өзгерістердің ізі бар. Және ол салынып жатқан әрбір нысанда дер­лік бірнеше рет болады. Астана құры­лысының басты міндеттерінің бірін ол Қазақстан сәулетшілерін озық идея­лар мен технологияларға етене етуден көреді. Қаланың бірде-бір мәнді ғимараты халықаралық конкурс өткізбей басталған емес және оған отандастарының қатысуын Мемлекет басшысы қадағалап отырады. Бұл оларға жақсы мектеп болып, провинциализмнен арылтты. Алғашқы кезеңде «Бәйтеректі», Бейбітшілік және келісім сарайының шыны пирамидасын, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын жобалаған Норман Фостер секілді тарландар жеңіп жүрсе, уақыт өте келе маңызы басым ғимараттардың көбінің авторы Қазақстанның жас архитекторлары болып жүр. Ең көрнекті ғимараттарды алғаш тек қана шетел компаниялары көтер­ген еді. Алғашқы заңғар үйлердің қа­быр­ғаларында атақты австрия, түрік, неміс фирмаларының таңба-белгілері жарқырайды. Президент қайда барса да, барлық жерден талантты сәулетшілерді әкелді, ал сапар кезінде қызығарлық ғимарат көрсе, оның авторын шақырып, осыған ұқсас бірдеңені Астанада салып беруін өтінді. Әрине, әрбір инвес­тор ол кезде құшақ жая қарсы алынды. Ел дағдарыстан енді ғана шыға бастады. Басты экспорттық тауар мұнайдың бағасы түсіп кетті. Елорданың құрылысы негізінен шеттен қаржы тарту есебінен жүргізілді. Президент өз тумасының тұңғыш ықпалшысы болды. Жоба жайын жоғары деңгейдегі келіссөздер кезінде, «Шеврон» сияқты жұмыс бастап кеткен елдегі компаниялардың басшыларымен түстік жасап отырған кезде әңгімеледі. Тек 1998–1999 жылдары ғана 400 миллион доллар инвестиция тартылды. Олар арнайы құрылған қорда жинақталып, отандық бизнестен түскен қаржы да соған жіберілді. Алайда, жиналған ақшаны бұрын­ғыдай қайтарымсыз қаржыландыру тү­рінде жұмсамау шешілді. Назарбаев өзін тез ақтап, қала қазынасына кіріс келтіретін инфрақұрылым құру міндетін қойды. Жобада кіші бизнес үшін жағдай туғызып, жаңа үйлердің астыңғы қабатын дүкендерге, сервис кәсіпорындарына, мейрамханаларға беру қарастырылды. Бірақ қала шенеуніктер мен олардың қызметшілерінің патшалығы болмауға тиіс. Президентке елорда білім берудің, денсаулық сақтаудың, мәдениеттің және заманауи өндірістің орталығы болып көрінді. Астана құрылысының алғашқы кезеңінде-ақ экономиканың жаңа түрлері дами алатын технопарктер құру жөнінде пікір білдірген болатын. Осы тектес алғашқы тәжірибелердің бірі баяғыда мыңдаған адамға жұмыс берген, сосын мүлдем тоқтап қалған «Целинсельмаш» зауытының аумағын қайта өзгерту болды. Қараусыз қалған цехтарды жөндеп, ұзамай олар астанаға қажет көптеген өн­дірістердің – энергетикалық жаб­дық­тардың, терезелер мен есіктердің, плас­тикалық ыдыстар жасайтын, сауда павильондары орналасатын пана тұраққа айналды. Қазақстандағы сияқты, шетелде де сұранымға ие ауылшаруашылық техникасының кейбір түрлерін шығару қалпына келтірілді. Жаңа астананың туғанына жиырма жыл да өткен жоқ, ол болса өзін өзі асырайтын дәрежеге жетті. Өріс алған үдерістер Астананы өмір сүруге қолайлы ғана емес, пайдалы да заманауи мегаполис­ке айналдырды. Мемлекеттік қызметке байланысы жоқ қарекеттің мүмкін болған түрлері қисапсыз көп орта тапты туғызды. Солар қазір қала гүлденуінің қайнар көзі болып отыр. Соның арқасында ол Қазақстанның өзіне өзі жетіп артылатын төрт әкімшілік бірлігінің бірі болды, ал қалған он екісі әлі күнге мемлекет бюджетінен дотация алады. Бүгінгі Астанадағы құрылыс ауқымын қайта түлеудің алғашқы жылдарымен салыстыруға болмайды. Құрылысты негізінен ұлттық компаниялар салып жатыр, олар жергілікті өнеркәсіп шығарған материалдарды пайдаланады. Нысандарды көтерудің шапшаңдығы енді ешкімді таңдандырмайды. Көк тіреген заңғарлар мен байтақ тұрғын үй кварталдары жауыннан кейінгі қозықұйрықтай қаптап келеді. Алып аквариумға ұқсас Оқушылар сарайы 10 айда салынды. Ал планетарийі, бассейні, хореографиялық сту­диясы, ғылым кенті, тағы басқа он­да­ған қызықты орындары мен үйірме­лері бар бұл хай-тек ғимаратының бар­лық қа­баттарын көріп шығу үшін әлде­не­ше сағат керек болар. Осынау шығарма­шы­лық пен демалыс орталығын еуропалық ел­дерден көргендермен салыстырса, Ас­та­на осал емес, көптеген елордалар оны қуып та жете алмайды, деуге әбден болады. Ең бір маңызды жоба ол Опера театрын салу болды. Бұл тектес мәртебелі ғимарат әлемде жиі пайда бола бермейді. Өнер атаулының ең ұлысының киелі ордалары әркезде де Еуропа мен Америка қалаларының сәнін келтіріп, әрін ашып тұрады. Опера мен балет Кеңес Одағында да жақсы дамыған. Ұлттық опера мектептерін құруға мақсатты күш-жігер жұмсалып, ұлттық тақырыптағы опералық шығармалар туды. Алматы да өзінің опера театрына ие болды – 1941 жылы ашылған тамаша музыка сарайы әлі күнге дейін қаланың әр-көркі болып тұр. Жаңа Астананың күні бүгінге дейін Қазақстан мәдениетінің жан-жүрегі болып келген бұрынғы елордадан қалып қойғысы келмейтіні түсінікті. Астанада Опера ордасының пайда болуы абырой артықшылығының ісі болып, мәдени құрылысты шыңына шығарды, өйткені, опера өнердің барлық түрінің басын біріктіретін патшайымы емес пе. Театрға келген кісі сәулет, мүсін, сурет, музыка туындыларының ғажайып әлеміне сүңгіп, ғаламат әсеріне бөленеді. Қуанышпен толқыған халайыққа ең бұлыңғыр күннің өзінде мерекелік көңіл-күй туғызады. Ұлттық музыка дәстүрі мен классикалық репертуарды құрмет тұтатын Президент Алматыдағы жылдарда ыждағатты театрал болатын. Операның адамды күнделікті күйбеңнен арылтып, көңілін көтеретін, рухани өсіретін қасиетін жақсы біледі. Оның опера мен балет сарайының құрылысына қатты көңіл бөлуі тегін емес. Бұнсыз әсем Астанаға шынайы елордалық маңғаз мәртебе жетіспей тұрар еді. Жобаның тағдырына араласуы оны талқылаудағы қатаң сыншылдығынан ғана емес, құрылысты жүзеге асыру үшін Ақорданы салғанда жақсы жағынан көрінген «Мабетекс» компаниясын таңдап алуынан да аңғарылды. Орындалу деңгейі, сән-салтанат байлығы жөнінен театр Президент резиденциясынан еш кем түспейді. Осыған қарап Мемлекет басшысы отандастарымен өзі және әкімшілігінің бәрі көріп жүрген жақсылығымен бөлісіп, оларды Ақорданың әсемдік молшылығына ортақтастырды десе де болады. Ал бұл италиялық мәнердегі айбарлы да келісті ғимарат Астанаға тәу етушілердің басты мақсатына айналары сөзсіз. Бұл мәрмәр-барқыт жауһарға 400 миллион доллар жұмсалды, оған татиды да ол. Бүгінгі таңда бұл әлемдегі ең жетілген, төрт құбыласы тең театр – оның компьютермен басқарылатын машинериясы, жарық беру жүйесі, сыннан өткен акустикасы ғаламат музыкалық спектакльдер туғызуға мүмкіндік береді. Репертуары әлемдік һәм ұлттық классикаға негізделген, ал труппаларға келсек, Қазақстан кәусар үннен, әсем биден кенде болмаған, орыс классикалық мектебінің дәстүрінде тәрбиеленген олар шеберлік жөнінен кез келген батыс ұжымдарымен бәсекелесе алады. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры (оның толық ресми атауы осындай) 2013 жылдың жазында ашылды, ал атағы жер жарған гастролерлер әлемнің әр түкпірінен келіп, оның сахнасына бауыр басып алды, оған көтерілуді көбі бақыт санап, рахат табады. Мұндай ғаламатты көріп, ғажайып мұражайлар мен театрларда болу үшін қазір елдің шалғай-шалғайынан келушілер көп-ақ, шетелдерден келетін меймандар да аз емес. Астананы көшірудің бұл да бір жоспарланбаған тиімділігі. Оның құрылысы қазақтардың мінез-құлқын өзгертті – олар бұрын ошарылып көбіне үйде отырушы еді, енді Астанаға жүздеген мың адам қосылуына орай көбірек қимылдайтын болды. Оның үстіне бүкіл ел бойынша кәсіпкерлердің көбеюі де қоғамды неғұрлым заманауи етіп, адамдардың ділін өзгертті. Биз­нес шаруа­сымен жиі-жиі сапар шегу, шетел­дерде болу, балалардың шетел универ­ситет­терінде оқуы ғасырлық томаға-тұйық­тықтың омыртқасын үзді. Бұл өзгерістер, әсіресе, жас ұрпаққа керемет әсер етті, олар енді бәрінен хабардар, емін-еркін, өз бағасын жақсы біледі... Бұл қаладағының бәрі ине-жіптен енді шыққандай су жаңа, құлашты кеңге жайған. Жүзеге асып жасалғанның ұлан-ғайырлығына көз жеткізу үшін қырдың күн шапағы мейрамханалар мен сауда орталықтарының хрусталь қабырғаларына шашырап, алтындалған мұнаралар мен монументтерде ойнаған шағында келген жақсы деседі. Жоқ, Астананы көпқабатты заңғарлардың жоғарғы жағын мамық бұлттар тұмшалаған сұрқай күзде жауын сіркіреп тұрған кезде көрген дұрыс. Тұман шудалары елорданың асқақтығын ғана жасырып қоймай, жасын да білдіртпей жібереді. Терезелердің биіктен жылтыраған сұлбасы тылсымға сіңіп, жоғалып бара жатқандай көрінеді. Мүсіндердің дымқыл жалтыры оларды әлдеқайда егде, жүз жылдан бері тұрғандай ғып елестетеді. Сондай сәттерде алдыңнан болашақ елес бергендей болып, жаңбыр желегіне оранған тас ықтырмалар қатарына кешкі оттардың жылтырақ өрнектері шашырайды. Бағдаршамдар тылсымдана жыпылықтап, дымқыл асфальтта шиналар ұрлана шиқылдап, қолшатыр астында құшақтасқан жұптар асықпай кетіп бара жатады. Астанада бізден кейін де талай-талай ондаған жылдар жасайтын бейне қалыптасты. Өйткені, оның құрылысшысы өз қиялындағы күн астындағы ғажайып шаһармен алысқа шығандап, алға шырқап шығып кетті... Аударған Сарбас АҚТАЕВ