Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қызылорда облысына арнайы іссапарымен келді. Үкімет басшысы мінген ұшақ Байқоңыр қаласындағы «Крайний» әуежайына түске таман қонды.
Мәртебелі мейманды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күтіп алып, жұлдызды қалашықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Сол күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жаңа сипаттағы «Союз МС» көліктік басқарылатын ғарыш кемесі бар «Союз-ФГ» зымыран-тасығышы көкке сәтті көтерілген еді. Бортына ресейлік ғарышкер Анатолий Иванишин, жапон Такуя Ониши мен НАСА-дан Кэтлин Рубинс секілді астронавтарды мінгізген ғарыш кемесі стансамен 9 шілде күні түйіседі.
Былтырдан бастап Байқоңыр қаласындағы 6 мектеп қазақстандық стандартпен білім беруге көшкен болатын. Премьер-Министр «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған №277 мектепке арнайы барды. Мектеп республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен пәндік кабинетпен жабдықталған. Онда 57 оқу кабинеті, 3 компьютер сыныбы, 13 лабораториялық-практикалық кабинет, 2 оқу залы бар кітапхана, 640 орынға арналған акт залы, 100 орындық конференция залы мен мұражай, 320 балаға лайықталған асхана, 2 спорт залы бар. Негізі Байқоңыр қаласында 14 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп тұр. Оның алтауы қазақ тілінде білім береді. Сонымен қатар, мұндағы 14 балабақшада 2789 бала тәрбиеленіп жатыр. Осы 14 бақшаның біреуі ғана қазақстандық стандарттарға көшкен. Облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев Сыр өңіріндегі, оның ішінде Байқоңыр қаласындағы білім беру мәселелері жайында баяндама жасады. Үкімет басшысы мұнан соң қалалық перзентхана ғимаратында орналасқан 100 адамға арналған диагностикалық кеңес беру және көпсалалы 120 төсектік аурухана жұмысымен танысты. Тағы да атап өтейік, Байқоңырдағы медицина саласы да былтырдан бастап қазақстандық стандарттарға көшкен еді. Қызылорда облыстық медицина орталығының филиалы ретінде жұмыс істейтін мекемені қажетті қондырғылармен жабдықтау үшін республикалық бюджеттен 606,3 миллион теңге бөлініп, 112 бірлік медициналық құрал-жабдықтар алынды. Стационардың ашылуы арқылы офтальмология және оториноларингология бойынша жаңа медициналық қызмет түрлерін көрсетеді деп болжанып отыр. Диагностикалық кеңес беру емханасы бар жаңа көпсалалы стационар Қармақшы және Қазалы аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсететін болады. Алдағы уақытта 336 адамға арналған жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова медициналық орталықтың жұмысы туралы баян етті. Жұмыс сапары барысында Кәрім Қажымқанұлы Байқоңыр қаласының бас жоспарымен де танысты. Баяндамашылар Үкімет басшысына Байқоңыр қаласымен жапсарлас жатқан Төретам және Ақай елді мекендерімен қоса, қаланың болашақтағы даму барысы жайында мәлім етті. Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар Байқоңыр қаласын Қазақстан мен Ресейдің қаржысы есебінен қаржыландыру мәселесін де талқылады.
Осыдан кейін Премьер-Министр Арал ауданына жол тарты. Онда «Аралтұз» АҚ кәсіпорнында болды. Кәрім Мәсімов дайын өнім цехын, орау және шикізатты өңдеу цехтарын көріп, тұз өндірудің технологиялық үрдісімен танысты. «Аралтұз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашев Премьер-Министрді кәсіпорын қызметі туралы ақпараттандырып, дайын өнім үлгілерін көрсетті. «Аралтұз» АҚ тұз өндіру кәсіпорны 2014 жылы пайдалануға берілген, таяу жылдары мұнда екінші өндіріс цехын ашу жоспарда бар. Жоба қуаттылығы жылына 320 мың тонна өнімді құрайды. Екінші цехты іске қосудың арқасында өндіріс қуаттылығы одан әрі арта түспек. Бүгінде «Аралтұз» өз өнімінің 57 пайызын шетелге экспорттайды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы өндіріс орнындағы кальцилендірілген сода зауыты құрылысының жобасымен танысты. Жылына 200 мың тонна өнім шығарады деп жоспарланып отырған бұл зауыт «Аралтұз» АҚ-тың өндірісті әртараптандыру бастамасы аясында салынбақ. Зауыт жұмысымен танысып шыққаннан кейін Үкімет басшысы Жақсықылыш ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, елді мекендердегі шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жастардың жұмысқа орналасуы мен әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға қатысты жағдаяттар қозғалды. «Бұл жерде айтылған барлық проблема өзінің оң шешімін табады», деді Кәрім Мәсімов.
Үкімет басшысы «Қамбаш» оқу-сауықтыру орталығының базасында суармалы жерлердің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен су шаруашылығының сарапшылары қатысты. Кеңес барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев баяндама жасады. Қырымбек Елеуұлы сауармалы жерлерге қатысты негізгі проблемаларға тоқталды. «Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында ірі шаруашылықтар ұсақ шаруа қожалықтарына бөліну салдарынан гидромелиоративтік инфрақұрылымдар иесіз және тиісті техникалық күтіп-баптаусыз қалды. Мұның бәрі суару және дренаж жүйелерінің тозуына және жерлердің экологиялық-мелиоративтік жай-күйінің нашарлауына әкеп соқты. Соның салдарынан, ауылшаруашылық дақылдарының егістік көлемі 1992 жылмен салыстырғанда 100 мың гектарға дейін қысқарған. Суармалы жерлер ауылшаруашылық айналымынан шығуда. Суландыру және қашыртқы-дренаждық жүйелерінің техникалық жағдайының нашарлауынан 60 мың гектарға жуық суармалы жерлер пайдаланылмай отыр», деді аймақ басшысы.
Кәрім Мәсімов суарылмайтын жерлермен салыстырғанда, суармалы жерлердің өнімділігі жағынан 8-10 есе артық болатынын атап өтті. Сәйкесінше, олардың айналымға енгізілуі ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің артуына ықпалын тигізуі мүмкін екенін, бұл экономиканың бүгінгі таңдағы негізгі міндеті болып табылатынын атап өтті. Премьер-Министр ирригациялық жобаларды жүзеге асыруда халықаралық қаржы ұйымдарының мүмкіндіктері мен кәсіпкерлерді тарту үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидаттарын барынша пайдалану қажеттігін айтты. Кеңес қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, барлық мүдделі мемлекетттік органдар мен аймақ әкімдіктерін аталған іске жұмыла кірісуге шақырды.
Арал ауданынан соң Үкімет басшысы Қазалыдағы «РЗА» акционерлік қоғамының тауарлы сүт фермасында болды. Ферма биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 79 миллион теңгеге 1506,4 тонна шикі сүт өндірген. Солайша, өндірістік жоспар артығымен орындалған. Кәрім Қажымқанұлы мұнда шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті. Кездесуде ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды арттыру мәселесі талқыланды. Осылайша Үкімет басшысының Сыр бойына жасаған жұмыс сапары аяқталды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы