09 Шілде, 2016

АЛАШ

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_2992 арысын ардақтаған экспедиция Бұған дейін де талай баға­лы баста­маларға мұрындық бол­ған Қазақ географиялық қо­ғамы ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық то­йына арналған «Экспедиция-25» атты бірегей жобаны жүзеге асыруға кірісті. Астана күні мерекеленіп жат­қан шат-шадыман шақта аттанып кеткен автосаяхатшылар биыл ЮНЕСКО аясында 150 жылдығы аталып өтпекші Алаштың аяулы тұлғасы Әлихан Бөкейхановтың өнегелі өмір жо­лымен байланысты тарихи-танымдық та­ғы­лымы мол ме­кендерді 108 күннің ішінде аралап шықпақ. Бұл меже бекер белгіленіп отыр­ған жоқ. Өйт­кені, аталмыш қо­­­ғамдық бірлестіктің алған бе­тінен қайтпайтын қайсар азаматтары ілгеріде ілкімділікпен 108 сағатта Оңтүстік полюсті бағындырып, Гиннестің рекордтар кітабына кірген еді. «Осы жолғы экспедициямыз ең алдымен ішкі туризмді да­мытуға бағытталып отыр. Алтай мен Атырау арасындағы ұшқан құстың қанатын талдыратын ұлан-ғайыр даламызда табиғаттың әлі ашылмаған тыл­сым сырлары жетерлік. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Олардың бәрі бірдей көп­шілік көзайымына айналып үлгермегені анық. Себебі, сұлу­лығы көз сүріндірер көрікті жерлер адам аяғы жете бермейтін аймақтарда орналасқан. Соларды тамашалап, тамсанып қана қой­май, көрген-білгендеріміз бен көңілге түйгендерімізді қа­ғаз­ға, кинотаспаға түсірмекпіз. Сондай-ақ, Алашорда көсемінің ізімен жүріп, тың деректер із­демекпіз», дейді «Қазақ гео­гра­­фиялық қоғамы» ҚБ жоба­ларының жетекшісі Мағжан Са­ғым­баев мәселенің мән-жайын түсіндіріп. Экспедицияға қатысушылар алдымен Ә.Бөкейхановтың кін­дік қаны тамған Ақтоғайға, сонан соң Қарқаралы мен Семейге барады. Одан кейін экспедиция екі бағдар бойынша бөлініп кетеді. Алғашқы топтағылар өз еліміздің түкпір-түкпіріне сая­хат жасап, табиғи қорлармен, сәулетті ескерткіштермен, абат бақтармен танысады. Ал екінші бағыттағылар болса, Омбы, Санкт-Петербург, Минск, Самара, Орынбор, Мәс­кеу сияқты Әлекеңнің тағы­лымды тағдырына тікелей қа­тысы бар қалаларға атбасын бұр­мақ. Сөйтіп, қазақ тіліндегі тұңғыш география оқулығының авторына өздерінің құрметін білдірмек. 2010 жылы аңсарлары сая­хатқа ауып тұратын энтузиаст адам­дардың қалауымен құрылған Қазақ географиялық қоғамының басты мақсаты табиғат пен қо­ғам туралы ғылымдардың және географияның дамуына үлес қосу, ғылыми жетістіктерді наси­хаттау, білім саласындағы шығармашылыққа жол ашу, әлемді танып білуге мүмкіндік тудыру болып табылады. Олай болса, олардың қолға алған мына жоспары да ойдағыдай орындалатынына сеніміміз мол. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»