Ол Мәдидің атақты «Үшқарасы» еді
Тарихы тереңнен тамыр алатын Атбасар қаласының алғашқы кірпіші 1845 жылдары қаланған. Содан бері өткен 170 жыл уақыт аралығында бұл өлке небір қилы заманды басынан кешіріп, көптеген айтулы оқиғаның куәсі болды.
Үш жүзге есімі танымал жайсаңдардың, сал-серілердің ат тұяғы тиген Атбасар шаһарында ескі заманнан қалған ғимараттар күні бүгінге дейін сол қалпын сақтап келеді. Солардың бірі болып табылатын, бұрынырақта мемлекеттік автокөлік инспекциясы, одан кейін «Каравай» жекеменшік дүкені болған шағын ағаш үйдің арғы-бергі тарихын көбіміз біле бермейміз. Шынын айтсақ, біз де біле қоймайды екенбіз. Бірақ, ара-тұра іссапар барысында «Континент» дүкеніне бас сұғып тұратынбыз. Денеңді шымырлатар бір сезім пайда болады. Қаншама сылап-сипап, әдіптеп қаптағаныңмен, суық салқын есіп тұратын ғимараттар болады. Бұл да сондай.
Бұл қалай? Жауабын аудандық газеттегі әріптестеріме сәлемдесе барғанымда тілші Темірбек Қасымжанов айтты. Дүкеніміз бұрын, патша заманында түрме кеңсесі болған екен. Қаланың қақ ортасында абақты орналасқан деп кім ойлаған. Түрме қазір де бар. Бірақ, ол қаланың сыртында. Осы жағдай бүгінгі ұрпақты тарихтан алшақтатып жібергендей екен. Тарих демекші, осындағы мұрағаттан да байырғы абақты жайынан іліп алар дерек табылмай тұр.
Қарқаралының тумасы Темірбек түрме төңірегіндегі әңгімеге үнемі құлақ түріп жүретінін айтады. Біз журналист бауырды әйгілі Мәди Бәпиұлының жұрағат ұрпағы ретінде қабылдадық. Оның айтуынша, жаңағы «Континент» дүкенінің орнында патша заманында төрт бұрышында биік мұнарасы бар абақты тұрыпты. Қазір бұл түрменің жұрнағы да қалмаған. Оның есесіне абақтының кеңсесі (бұрынғы МАИ мекемесінің ғимараты) дүкен ретінде тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Темірбек мені Атбасардың байырғы тұрғыны, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыржан Кенжебаевқа алып барды. Бұрыннан білетін ағаммен жылы амандастық. Есендік-саулықтан кейін түрменің жайын сұрай бастағанбыз.
Бұл ақ патшаға да, қызылдарға да қызмет еткен мекеме ғой, –деп Сабыржан аға сөз өрбітті. Мен ұмытпасам, түрменің негізгі ғимараты 1960 жылдарға дейін бұзылмай, жұмыс істеп тұрды. Жеңіс көшесі жақтағы бұрышында бір мұнара, сосын қазіргі Жеңіс саябағы тұсында екінші мұнарасы, сырт жағында ағаштан салынған үй бар еді. Бала кезімде біз көргенде ол төрт жылдық орыс мектебі болатын. Қазіргі тұрған түрме кеңсесінің қасында төртінші мұнарасы аспанмен таласып тұратын. Оның үстіне, сырты биік дуалмен қоршалған, жоғарғы жағына айқыш-ұйқыш сымдар тартылған. Мұнара басында көк қалпақ киген күзетшілер жүретін. Көк қалпақ кигендеріне қарағанда, солдатқа ұқсамайды, шартты келісіммен қызмет етіп жүргендер болуы керек.
Ол уақытта бала болдық, онша айыра алмаймыз. Оспан деген кісіні біздің замандастарымыздың бәрі біледі. Қазір марқұм болып кетті, балалар үйінде тәрбиеленген. Негізі, Қарқаралының тумасы. Осы жақта кішкентай күнінде біреулер асырап алған екен. Біз суға түсуге Жабай өзеніне бара жатып, мұнара басында тұрған Оспан ағамен қалжыңдасып ойнайтынбыз. Содан есімде қалыпты. Түрменің ішіне кіріп көргеніміз жоқ. Әйтеуір, сыртқы қоршауы биік болатын.
Патша заманында салынған бұл уездік түрмеде кімдер азап шекпеді дейсіз. Солардың қатарында үш жүзге есімі мәлім әнші, сері Мәди Бәпиұлы Алшынбаев қамауда отырып, қапалы күндерін өткізгені мәлім. Бұған Атбасар түрмесінде жатқанда елге кеңінен таралған «Үшқара» әнін шығаруы – дәлел. Бұл әннің өлең жолдарында: «Атбасар түрмесінде жыл жатамыз, Көңілді құмалақпен жұбатамыз. Есіктің тесігінен дыбыс шықса, Бар ма деп қаракесек тіл қатамыз.Терісаққан қалып қалды құрған сайран, Секілді көшкен бұлттай өтті жалған, Көрген аз, көрмеген көп, не күтіп тұр, Бой ұсынып шыға алмайсың терең ойдан», – деген жан сыздатар шумақтар бар.
Түрмеге «бандит» ретінде қамалған ел еркесі, от ауызды ақын-сазгер Мәди Бәпиұлы 1915 жылы абақтыдан қашып шығып, осы маңайдағы Терісаққан болысында бір жыл қыстайды.
«Егемен Қазақстан» газеті Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде біршама тағылымды дүниелер жариялады. Біз Атбасар абақтысымен байланысты болғандықтан, бір ғана мақаланы жаңғыртып, оқырман жадына оралтсақ дейміз. Бұл «Етжеңді «Егемен Қазақстан» кітабының 2005 жылғы басылымындағы Жарқын Шәкерімнің «Мәдидің суреті қалай табылды?» деген мақаласы. Мәдидің биыл жүз жылдан асып бара жатқан жалғыз суретіне қатысты жәдігер әңгіменің мазмұны төмендегідей.
Қарағанды музыкалық училищесінде оқитын Жарқын Шәкерім Абай қаласындағы жездесі, көмір шахтасының бас инженері Зейнөр арқылы Мәдидің туған қайынінісі Тоқаш Кәдікеев ақсақалмен танысады. Арада жарасты қарым-қатынас орнаған бір күні қария көне шабаданның құлпын ашып, сарғайған суретті көрсетеді.
– Бұл суретті Мәдидің өз қолынан алдым. «Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргенде 1915 жылы түстім. Көзіңнің қарашығындай сақтарсың» деп берген еді, – дейді Тоқаш қария.
Т.Кәдікеевтің айтуынша, ақынды суретке түсіріп алуға қаракесек ішіндегі Жайсақ қажы деген кісінің Кәмал есімді ұлы себепкер болған. Ол қымбат жәдігерді көптеген жыл бойы жасырын сақтап келіпті.
Осы Кәмал кейін Көкшетау облысындағы Щучье қаласында мұғалімдік қызмет атқарыпты. Осында 1950 жылдары қайтыс болғаны айтылады. Өкініштісі, біз Бурабай маңындағы қалаға бірнеше мәрте барып, ресми сұрау салғанымызбен, бұл кісі туралы нақты дерек таба алмадық.
Не керек, Тоқаш қария 1967 жылы Жарқын Шәкерімді Абай қаласынан Қарағандыға жіберіп, Мәдидің суретін бірнеше дана етіп үлкейттіріп алады. Оның екі данасы мен «негативін» «кейінгіге жеткізерсің» деп Жәкеңнің қолына ұстатқан. Бұл сурет тұңғыш рет «Орталық Қазақстан» газетінің 1968 жылғы 15 наурыздағы санында «Мәди хақындағы мағлұмат» деген тақырыппен жарияланды.
Жарқын Шәкерім қария аманатын адал атқарды. Мәди суретінің бір данасын халқымыздың өнер жанашыры Амангелді Ермегияевке, екіншісін Жүсіпбек Елебековтің 100 жылдық мерейтойы үстінде Қарқаралыдағы мұражайға тапсырған. Ал «негатив» халқымыздың ардақты ұлы Мәдидің 125 жылдығына орайластырылып шығарылған деректі фильмде пайдаланылды.
...«Егемен Қазақстанның» 95 жылдығы қарсаңында, 2014 жылы еліміздің бірнеше өңірінде газет күндері өткізілді. Сол жолы Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында да болғанбыз. Ақын мұражайын аралап, оны 1921 жылы атып өлтірген алаңды көргенімізде алай-дүлей күй кештік. Құлағымызға сегіз қырлы, бір сырлы толағай тұлғаның заман запыранын толғаған «Қаракесек», «Қарқаралы», «Үшқара», «Шіркін-ай» әндерінің қуатты әуезі жетіп тұрды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы