15 Шілде, 2016

Мың бала

350 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
мейізанасы атанған Мейіз апа Қолында табақтай дипломы бар дәрігер мамандар халыққа, әсіресе шалғайдағы ауылдарға толық жетіспей тұрған кезеңдерде қанатымен су сепкен қарлығаштай болып орталарына ақ халатпен Мейіздің келуі ауыл-аймақтың үлкен қуанышына айналды. Қаршадайынан тағдырдың қиындығын көп көрген Мейіз болса, қиын кезеңдерде адамдарға қол ұшын беруге, адамдардың денсаулығына араша түсіп, қолынан келгенше ауырын жеңілдетуге бел буған еді. Мейіздің бұлай етуінің де жөні бар. Екінші дүниежүзілік қиян-кескі соғыстан бес жыл бұрын, мамырдың мамыражай күндерінің бірінде өмірге келген ол екі жасында әкесі, араға бес жыл салып анасы өмірден аттанған соң, қамкөңіл балалықпен ерте қоштасып, бала да болса ертерек есін жиюға мәжбүр болды. Өзімен бірге туған екі ұл, үш қыз бауырымен бірге әкесі Нұрлыбайдың 1937 жылы репрессияға ұшырап айдауға кеткен ағасы Ы.Амандықовтың жұбайы Қалампырдың тәрбиесінде болды. Жеті баланы тумаса да туғандай етіп өзінің жалғыз баласына қосып баққан мейірімді Қалампыр шешейге және ерте есейіп жұмысқа араласып, басқа бауырларының өсіп-жетілуіне шексіз үлес қосқан бауыры Нәбиге зор алғыспен өсті. Осылайша, есін білмей жатып қайғы мен мейірімді қатар көріп өскен қыз, қиындыққа мойымайтын, қайта онымен білекті сыбана күресетін, өзгелерге жәрдем беруге асығатын мамандықты таңдады. Мектепті өте жақсы бағамен бітірген соң, Атыраудағы (бұрынғы Гурьев) медициналық ущилищеге түсіп,1958 жылы акушер мамандығы бойынша жақсы аяқтап шығады. Маңғыстау облысы Ақтөбе ауылы­ның фельдшерлік-акушерлік пунктіне бас маман болып жұмысқа жіберілген жас қиындықпен бетпе-бет келеді. Көлік жоқ, шалғайдағы ауылдарды күн-түн демей, ыстық-суық демей аралап, дер кезінде дәрігерлік жәрдем беруге кірісіп кетеді. «Қар жамылып, мұз жастанып» дегендей, талай қиын-қыстау сәттерді басынан өткереді, қарлы боранда далада қалған кездері, аптап ыстықта ауылды таба алмай адасқан сәттері ертегідей естіледі. Бірақ, дәрі-дәрмек салынған қорапшасын арқалап, ауылға жаяу-жалпылап жетсе де, бірде-бір ана өліміне, бала шетінеуіне жол бермеген, «алды аман» дәрігер атанған екен. Жыл бойы көшіп-қонып жүретін шопан ауылдарының аяғы ауырлаған келіншектерін қатаң қадағалап, өмірге келген баланың денсаулығын тиісінше бақылап отырған Мейіз Нұрлыбаева ауылдық жерде әйел босандыру, баланың кіндігін кесу жұмыстарын жалпақ тілде жеткізсек, итжандылықпен, көркемдеп айтсақ, кәсіби шеберлікпен атқарған. Ел арасында өмірге келіп жатқан сәбилердің кіндігін кесіп, құрметке бөленген оны ауылдастары «Мың баланың кіндік анасы», деп құрметтеген. Мың бала саны асырып айтқандық емес деп ойлаймыз. Өйткені, дәрігері, оның ішінде акушері жоқ ауылдарда шүпірлей өмірге келген балапандардың кіндігін кесудің сөзсіз жас та болса «акушер» деген атауы бар дипломды маманға міндет ретінде жүктелетіні белгілі. Мейіз ана мен оның жанқиярлық еңбегі туралы 1971 жылы Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінде Төлеген Шайкөзовтің «Мың баланың кіндік шешесі» деген мақаласы жарияланған болатын. Ол мақала Ақтөбе ауылының мыңнан аса баласына кіндік шеше атанып, алғысқа бөленген жан туралы еді. Соғыстан кейін дамып, жетіспеген жағдайдың қиын кезеңінде де алдымнан бірде бір ана не сәби шетінеген жоқ деп отыратын. – Анам жұмыс жасаған кездерінен естелік әңгімелер айтатын. Бірде ауылда бұрын балалы болмай жүріп, алғаш рет бала көтерген әйелдің толғағы басталып, шақырту алдым. Барсам, киіз үйдің айналасы толы адам, қой сойылып, қазан асылып жатыр. Жанұшырып, талықси толғатқан әйел киіз үйдің ішінде екен. Аман-сау босандырдым. Алайда, бала дыбыссыз, жаны жоқ сәбидей көкпеңбек болып шықты. Көптен күтіп көрген сәбидің жайы сол жерде болған абысын-ажынды бейжай қалдырмады, барлығы абдырап қалды. Дәрігер ретінде маған тездетіп әртүрлі көмек көрсетіп, баланы шошыту арқылы жан шақыру қажет болды. Тезірек суық және ыстық су сұрасам, асыққан біреу ыдысқа қойдың ыстық сорпасын әкеліп құя салыпты. Тиісінше, көмек көрсетілген сәтте бала дыбысын шығарып, беті бері қарады. Бүгінде сол бала үлкен отбасы болып, жапырағы жайылып отыр дегені есімде, дейді қызы Сырғалай. Тағы бірде Мейіз акушер толғақ қысқан әйелді босандырып болып, кіндігін кесейін деп жатса, өмірге келген шақалақ қыз қолымен өз кіндігін тартып қалып, түбінен жұлып алған екен. Баланың уысының күші жыланды өлтіреді деген бар, алыс ауылда бұл да өзіндік қиындығы бар жағдай болса керек. Алайда, Мейіз қыздың кіндігін түбінен бүріп байлап, қатарға қосады. Қазір ол да үбірлі-шүбірлі бір отбасының аяулы анасы атанған. 1976 жылы жолдасы, ішкі істер саласының жоғары шенді қызметкері Қанат Жұмағазин қызмет бабымен Тұщықұдық ауылына қоныс аударған Мейіз бұл ауылда өз мамандығымен қоса қоғамдық қызметтерге белсене атсалысты. Елеулі еңбегі, белсенді қызметі үшін өкімет тарапынан бірнеше рет марапатталған болатын. Адам баласына қайырын тигізуді ең басты адамгершілік қасиет санайтын Мейіз жағдайы жоқ жетім балаларға, жесір әйелдерге үйі­­нің тамағына дейін бөліп беріп, мүмкіндігінше, жұмысқа орналастыруға қол ұшын созып отырған. Өмірде адасып, шалыс басқан жандарға жөн сілтеп, 2012 жылы өмірден озғанға дейін ауылда ауылдастарына дәрігерлік, адами тұрғыда ақыл-кеңес беріп, үлкен-кішіге сыйлы «ауыл әжесі» атанған Мейіз Нұрлыбаева жолдасы Қанат екеуі бірнеше ұл-қыз өсіріп, абыройлы тәрбие беріп жетілдірді. Медицина дамыды деген бүгінгі күні талай адамның, талай ана мен баланың ажалы кейде дәрігерлер қолынан болып жатқаны жан ауыртады. Осы кезде бір өзі білдей ауыл-аймақтың жүгін – амандығын мойнына арқалап, бірде-бір ана мен баланың өліміне жол бермеген талдырмаш қыздың, кейін бір әулеттің босағасын аттаған келін, артынша ана болып, міндеті көбейген сәттерде де қызметте қателік жібермеген, аналық, әжелік ғұмырында да ауыл қыз-келіншектерінің кеңесер тәжірибелі акушеріне айналған, сөйтіп арнаулы орта білімді жай ғана акушер емес, білімді, білікті дәрігердің жұмысын атқарған Мейіз сынды аналардың қасиетіне, қайсарлығына риза болып, «Қайран, біздің аналар!» деп сағына еске алып, кейінгі жас буындарға үлгі болар өнегелі жолына қызығушылықпен қарайсың. Иә, «отқа салса күймей, суға салса батпай», қиындықтарға жансебілдікпен қасқая қарсы тұрған, қандай қиын кезеңдерде де халқын өрге сүйреген қазақтың талай аталарының, талай аналарының өмір жолы үлгі болуға тұрарлық, үлгі етуге ынталы ұл-қыз бола берсе екен дейік.  Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше