16 Шілде, 2016

Гүлжиек

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
  71005b9b9cd166e1af9c3e271eb78bf4 Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Талдықорғанды түрлентіп Қаратал өзенінің жағалауынан ұзындығы 1414 метрге созыл­ған жаңа көше бой түзеді. Тұрғын­дар­ды қуанышымен құттықтаған Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов Астанаға қарап бой түзейтін Талдықорғанға Қара­тал өзені ерекше көрік береті­нін айта келе, демалыс аллея­сы­ның шамын жақты. Самаладай жарқыраған шамдармен жарыса отшашуларға кезек берілді. Өзіндік қайталанбас ерек­ше­лігі бар болғандықтан осынау жаңа көше әрі демалыс аллеясы салтанатты түрде ашылып отыр. Онда «Талдықорған кеше, бүгін» атты фото және қыл­қалам туындыларының көрмесі ұйым­дастырылды. Еліміз­ге таны­мал әншілер мен «Алатау әуен­дері», «Үшқоңыр» фольк­лор­лық этнографиялық ән-би ан­сам­блі­нің өнерпаздары өнер көрсетті. Жағалаудың ерекшелігі – ересектер мен балалардың еркін серуендеп, тынығуына барлық жағ­дай жасалған. Оқтай түзу көшенің қос қапталындағы жаяу жүргінші жолы­на тегіс төселген тас кең көсіл­ген көгалмен жарасым тапқан. Тік шан­шыла өскен қарағай, арша секіл­ді қылқан жапырақтылар, арудай ақ қайың, тербелген көк терек те адам тынысын кеңейтіп, сарайын аша түседі. Сан алуан түспен түрлене тұнып тұрған гүлзарлар қазақы оюлардай құлпырып адам қолының шеберлігін айқын көрсетеді. Жалпы, жобаның авторы Сәулет­шілер одағының төрағасы Ақ­мырза Түстем­бековтің идеясы бо­йынша жағалау аллеясына жай­лы орындықтар қойылып, бала­лар­ға арналған ойын алаң­дары, белсенді демалысты жақсы көретіндер үшін скейт пен роллдром және қалқандар, шатырлар орнатылған. Сахналық алаң да өзіндік үйлесімін тапқан. Жағалауды жаңбырлата суару үшін ретімен жүргізілген құбырлар, бетондалған тоған, жарқырай жанған қуат үнемдейтін шамдар, асфальт төселген теп-тегіс велосипедшілер жолы, «RHINO» фирмасының сапалы жаб­дықтары көп жайды аңғартады. Ақындар «күндіз күміс, түн­де алтын болып ағады», деп те теңеуін асыратын Қараталдың Тал­­ды­қорған қаласының тұсы­нан өтетін осы бір тұсы тарамдана түсіп, шағын аралдары көгер­шіндердің суатына айналыпты. Бейбітшілік құсыкөк аспанға қалықтай көтеріліп, оң қаптал­да бой жарыстыра орналасқан көпқабатты үйлерге қарай ұшып барады... Осындай қуанышты талдықорғандықтарға тарту еткен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осыдан он бес жыл бұрын қызмет бабымен Қаратал өзеніндегі көпір тұсы­на келген сәтінде журналис­терге бір-екі шақырым жердегі Тал­ды­қорған қалалық перзентханасына дейін созылған жуандығы түйенің беліндей құбырды көр­сетіп: «Осы ашық далаға көп­қа­батты тұрған үйлер салынып, Тал­дықорған түрлене түседі», деген еді. Сонда бос жатқан далаға қарап сенерімізді де сенбесімізді де, білмегенбіз. Бірақ айтылған сөз тасқа басылып қалған еді. Міне, бүгін сол сөз жүзеге асты.  Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» ТАЛДЫҚОРҒАН Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ