16 Шілде, 2016

Аналогтық эфирлік таратылым тоқтатылмақ

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
B07Q8263 Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Алматы қаласында «Қазтелерадио» АҚ-тың ба­­засында өткен жиынға қа­тысты. Іс-шара барысында аналогтық эфирлік телета­ратылымды Қазақстан Рес­пуб­ликасының аумағында кезең-кезеңмен тоқтату мә­селесі талқыланды. Министрдің айтуынша, цифр­лық эфирлік телетаралымды қол­данысқа енгізу және дамыту, сапалы цифрлық отандық телеар­налардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету – әлеуметтік тұр­ғыдан маңызды жоба. – Аналогтық эфирлік тараты­лым­ның кезең-кезеңмен өшірілуі мобильді байланыстың дамуына, аналогтық желімен қызмет көр­­сету шығындарын азайтуға, халық­аралық міндеттемелерді орындауға және аудандық телерадио хабарларын таратудың өр­кен­деуіне себеп болмақ, – деді Д.Абаев. Бүгінгі күні аналогтық және жер бетіндегі цифрлық таратылым желілері қатар жұмыс істеуде. Аналогтық таратылым желісі­мен мемлекеттік телеарналардың хабар таратуы үшін жыл са­йын жұмсалатын мемлекеттік шы­ғындар шамамен 1,2 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ, іс-шараларды іске асыру мерзімдерін ұзарту ұялы байланыстың төртінші буыны 4G-ді енгізуге кедергі туғызады. Сонымен қатар, жиын барысында ұлттық телерадио хабарларын тарату желісін «Intelsat-904» шетелдік спутнигінен отандық КА «KazSat-3» спутнигіне ауыстыру мәселесі талқыланды. – Желіні шетелдік спутниктен отандық спутникке ауыстыру тех­никалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да қажет болуда. Осыған байланысты «OTAU TV»-нің бар­лық абоненттерін қазақстандық «Қаз­сат-3» спутнигіне көшіруге күш салуымыз керек, – деді министр. Министрдің айтуынша, ауыс­­тыруға қатысты барлық тех­ни­калық іс-шаралар осы жылғы қыр­­күйек айының аяғына дейін аяқталуы қажет. Жиын соңында БАҚ арқылы халыққа ақпараттық насихат жүргізуді күшейту туралы тапсырма берілді. «Қазтелерадио» АҚ-қа «OTAU TV» абоненттерінің «Қазсат-3» спутнигіне толықтай көшірілуі және жергілікті органдармен бірлесе отырып, атау­лы әлеуметтік көмек алатын отбасы­ларға цифрлық эфирлік таратылым қызметтерін қосу мәселесін әзірлеу тапсырылды. «Егемен-ақпарат»