19 Шілде, 2016

Шарайна

223 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Шотландия да референдум өткізуге ниетті шарайна-1Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджен елдің тәуелсіздік алуы туралы екінші референдум 2017 жылдың басында өтуі мүмкін екендігін мәлімдеді. Бұл жөнінде Би-би-си хабарлады. Министрдің хабардар етуінше, Британ үкіметі Шотландияның мүддесімен санаспай, Еуропалық одақ құрамынан шығуды ресми түрде қолға алатын болса, референдум қайта өткізіледі. Атап өтейік, Еуропалық одақтың бірқатар мемлекеті ресми Брюссель мен Эдинбург арасында Шотландияның Еуроодаққа мүше болуы туралы келіссөздерге қарсы екендерін мәлімдеген еді. Ал 15 шілдеде Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Тереза Мэй Эдинбургке барып, Шотландияның бірінші министрі Никола Стердженмен «брексит» мәселесін талқылаған болатын. Бүлікшілерді ұстау операциясы басталды «Интерфакс» агенттігінің таратқан ақпараттарына қарағанда, Арменияда Еревандағы полиция ғимаратына басып кіріп, ондағыларды кепілге алған оппозициялық «Құрылтайшы парламент» қозғалысының жақтастарын қамауға алуды бастады. Мұны Армения омбудсмені офисіндегілер де, аталған қозғалыстың өкілдері де растады. «Құрылтайшы парламент» жақтастарының қаншасы ұсталғаны жөнінде қазірге нақты ақпарат жоқ. Шілденің 17-сі, жексенбі күні автоматтармен, тапаншалармен қаруланған адамдар Еревандағы полиция бөлімшесі орналасқан ғимаратты басып алған еді. Армения полициясы басшысының орынбасары Унан Погосянның айтуынша, шабуыл кезінде полиция полковнигі Артур Ваноян қаза тауып, подполковниктер Арам Ованнисян мен Грачья Хостегян және прапорщик Гагик Мкртчьян жараланған. Полиция қызметкерлерін кепілге алғандардың талабы – осы жылдың маусымында тұтқынға алынған «Жаңа Армения» және «Құрылтайшы парламент» оппозицияның қозғалыстарының жетекшісі Ж.Сефилянды босату. Кеше ғимарат та, кепілге алынғандар да бүлікшілерден босатылды. Қайғылы оқиғаға кемсітушілік себеп болғандай шарайна-2АҚШ-тың Луизиана штатындағы Батон-Руж қаласында үш полиция қызметкері оққа ұшты және үш полицей жараланды. Полицейлер оқиға болған жерге жедел жеткен. Полицейлерге оқ атқан адамның аты-жөні Гэвин Лонг деген екен. Кезінде ол Ирактағы АҚШ әскерінің құрамында қызмет етіпті. Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Гэвин Лонгті полицейлер атып өлтірген. Оның мұндай әрекетке баруы кемсітушілікке байланысты болса керек. Луизиана штатының губернаторы Джон Эдвардс бұл қайғылы оқиғаны қалың көпшілік «бірлік пен айығуға мұқтаж» болып тұрған кезде «айтып жеткізгісіз және ақтауға болмайтын» деп атады. Бүгінде АҚШ-та Далласта полицияның екі қара нәсілді азаматты атып өлтіргеннен кейін және қара нәсілді тұрғындар бес полицейді өлтірген соң елдегі жағдай шиеленісіп кетті. Қалаларда наразылық акциясына шығу әрекеттері басылмай тұр. Қысқа қайырып айтқанда:Қытайдың Фуцзянь провинциясында Непартак дауылынан 83 адам құрбан болып, 18 адам із-түзсіз жоғалған. Құрбан болғандардың көпшілігі Миньцин уезінің тұрғындары. Дауылдан келген экономикалық шығын 900 миллион юаньнан асады. ● Мәскеу қаласында соңғы 65 жылда болмаған аптап ыстық қала тұрғындары мен қонақтарын әбігерге салуда. Қалада ауа температурасы 33 градустан төмендемей тұр. Ауа райын болжаушылардың хабарлауынша, аптаның ортасында аптап ыстық жауын-шашынға ұласуы мүмкін. ● Анкара соты Түркия әскери-әуе күштерінің генералы Хакан Эвримді, сонымен бірге, тағы 98 адамды тұтқындауға санкция берді. Оларға елде әскери төңкеріс жасауға әрекеттенді деген күдік келтіріліп отыр. ● АҚШ президенттігіне үміткерлердің бірі – Дональд Трамп өз тарапынан елдің вице-президенттігіне кандидатты таңдады. Ол – 57 жастағы Индиана штатының губернаторы Майкл Пенс. Он алты шетелдіктің үшеуі құрықталды шарайна-3Тайвань полициясы бірқатар банк машиналарының компьютерлік жүйесін бұзып, екі миллион АҚШ долларын ұрлады деген күдік бойынша 16 шетел азаматының үшеуін ұстады. Ақша «First Bank» банкінің банкоматтарынан қолды болған еді. Хакерлік бағдарлама көмегімен ұрылар аталған банктің он банкоматынан 80 миллион Тайвань долларын (2 миллион АҚШ долларына жуық) алып кеткен болатын. Жергілікті мейрамхананың бірінде ұсталған күдіктінің бірі Латвия азаматы екен. Ал оның румыниялық екі сыбайласы қонақ үйде қамауға алынған. Полиция күдіктілерден қолды болған ақшаның жартысынан астамын тауыпты. Полицейлер қалған күдіктілер – Ресейдің екі азаматы мен басқалары Тайвань елінен кетіп үлгергенін айтады. Хакер-ұрылардың банкоматтың бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесіне қалай енгені белгісіз болып отыр. Терактіден қанша адам зардап шекті? «Новости» ақпарат агенттігі Ниццадағы террорлық әрекеттен зардап шеккендердің жалпы саны 303 адам екенін хабарлады. Бұл мәлімет Франция денсаулық сақтау министрлігінен алынған. Министрліктің хабарламасында «14 шілде күні кешке қарай Ниццада болған террорлық актілер салдарынан 303 адам ауруханаға түсті. Оның 121-і әлі де емделіп жатыр. Олардың 30-ы жас балалар, барлығы да «Lenval» ауруханасында емделуде. Ал 25 адам әлі де жансақтау бөлімшесінде, оның бесеуі бала», – деп көрсетілген. Шілденің 14-інде кешкісін Ницца қаласының Ағылшын жағалауы аталатын демалыс орнында Бастилия қамалының алынуы күні мерекесіне байланыс­ты ұйымдастырылған отшашуды тамашалауға келген халықты жүк көлігімен басып-жаншыған қайғылы жағдай орын алған болатын. Соның салдарынан 84 адам қаза тапқан еді. Гуманитарлық дағдарыс ушыға түсуі мүмкін шарайна-4Сирияда үкімет әскері жүз мыңдаған адаммен қоршауда қалған Алеппоны сыртқы әлеммен жалғастырып тұрған жалғыз жолды жапты. Мұны Ұлыбританияда орналасқан SOHR орталығының бақылаушылары хабарлады. Елдің үкімет күштері мен одақтастары жалғыз жол жабылған соң Алеппода гуманитарлық дағдарыс қазіргіден де ушыға түседі деп алаңдаушылық білдіруде. Бақылаушылар тобының жетекшісі Рами Абдел Рахман АҒР ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «Шығыс бөліктегі кварталдар енді толық қоршауда қалды, оппозиция бақылауындағы ауданда ұрыс жүріп жатыр», – деп атап өткен. Бұрынырақта БҰҰ 300 мыңға жуық адам азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін Кастелло жолына үміт артып отырғанын ескерткен еді. Интернет материалдары негізінде әзірленді