22 Шілде, 2016

Инновациялық дамуда ілгерілеу бар

664 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
казмедиа Инновация конкурсына қатысыңыздар! Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму министрлігінің Инновациялық даму саясаты басқармасының бастығы Жандос Хасан мен «Технологиялық даму жөнiн­де­гi ұлттық агенттiк» АҚ басқарма төрағасының орынба­сары Өмiржан Тәшiмов баспасөз мәслихатын өткізіп, барлық отан­дастарды жаңғыру байқауына шақырды. Мемлекет басшысының 2014 жылғы «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты көрсетілгенін жеткізген Ж.Хасан, мұндай асқақ арманға иннова­циялық даму арқылы ғана жету мүмкін екенін атап өтті. «Әлемдегі ең дамыған 30 елдің бәрі де инновациямен бағдарланған экономика тобына кіреді. Мұндағы негізгі мақсат еліміздің әрбір азаматы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Себебі, адами капиталды дамыту білім экономикасының басты ұйытқысы болып табылады. Ал білімді жерде жаңа технологиялар дүниеге келіп, олар экономиканың қалыптасуына және одан әрі дамуына ықпал етеді. Сондықтан, бізге отандық инноваторлардың қалыптасуы өте маңызды», деді Ж.Хасан. Биылғы инноваторлар кон­курсының жүлде қоры 6 млн. теңге екен. Демек, жаңашылдардың осы жылдың сәуiр айында басталған ұлттық инновация конкурсына қатысып, жүлделі болуына мүмкiндiгi бар. «Технологиялық даму жөнiндегi агенттiк бiрнеше жыл қатарынан түрлi жолдармен инноваторларды қолдап келеді. Негiзгi әдiстердiң бiрi – түрлi бағытта, түрлi салада ин­новациялық гранттардың бөлiнуi. Өткен жылы жас ғалымдар белсендi жұмыс атқарды. 2015 жылы ғана бiз 462 өтiнiш алдық. Бұл – рекордтық көрсеткiш. 2010 жылдан берi жұмыс істей­тін гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша шамамен 2 млрд. теңгенің 58 жобасы қолдауға ие болды. Жобалар коммерция­лау бағытын, көлiк технология­лары бағытын, инженерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру, мамандарды шетелде оқыту бағыттарын қамтиды», деді Ө.Тәшімов. Спикердің айтқанына илансақ, саланы дамыту мақсатында 2005 жылдан бастап инновация конкурсы жыл сайын өткiзiлiп келедi. Осы жылдар iшiнде оған елiмiздiң барлық аймағынан 5 мыңнан астам инноватор қатысқан. Былтыр аталған конкурсқа 796 адам атсалысыпты. Әсiресе, оқушылар үлкен қызығушылық танытқан көрінеді. Олардан конкурсқа 300-ден астам өтiнiш түскен. Биыл конкурстың нәтижесi шыққаннан кейiн қатысушылардың жалпы саны белгiлi болады. Байқау «Орта мектеп оқушылары арасындағы ең үздiк инновациялық жоба», «Студенттер арасындағы ең үздiк инновациялық жоба», «Ең үздiк өнертапқыштық ұсыныс» номинациялары бойынша өтедi. «Конкурсқа қатысу үшiн өтiнiштер онлайн режімде қабыл­данады. Байқауға адам факторы ықпал етпейдi, конкурс әдiл бәсекеге негiзделедi. Байқау нәтижесiнде ең үздiк идея­лар iрiктеліп алынады. Оның қоры­тындысы 2016 жылдың қыр­күйек айында ХI Иннова­циялық конгресте жарияланады. 2016 жылдың жүлде қоры – 6 млн. теңге. Сондай-ақ, орта мек­теп оқушылары арасындағы ең үз­дiк инновациялық жоба үшiн British Council қолдауымен Ұлы­бри­танияға оқу-танысу сапары ұйым­дастырылады», дедi басқарма төрағасының орынбасары. Инновацияға бет бұрудың арқасында Қазақстанда өндірістің қарқынды дамуымен қатар, жаңа нарық, жаңа кәсіпорындар пайда болып жатыр екен. «Иннова­ция еліміздің дамуына өз септігін тигізіп отыр. Дүниежүзілік эко­но­микалық форумның көрсет­кіші бойынша еліміз 8 пункт бойынша жоғары көтеріліп, 140 елдің ішінде 42-орынға жайғасты. Бұл Италия мен Польша сынды елдердің қатарынан орын алдық дегенді білдіреді. Ал ТМД елдері бойынша Әзербайжан елінен ғана бір саты төмендеміз. Ресей – 45, Грузия – 66, Украина 79-орында. Осы жетістіктерге жетуімізде өркендеп келе жатқан отандық инновацияның да үлесі бар», деді Ж.Хасан. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»