23 Шілде, 2016

Антқа адал Азат

270 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ДВД. Азат Мұхамедин.Подполковник.Өрттен құтқарған. Облыстық ішкі істер депар­таментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләлов жуырда Қызыл­жар аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Азат Мұхамединнің ерлігін жеке құрамға үлгі етіп, оған марапат көрсетті. Ал Азатқа қандай қиын-қыстау кезде де шапшаң шешім қабылдауды, өзгелерге көмек қолын созуды өмірдің өзі үйретті. Шалғайдағы қазақ ауылында туып-өскен ол күштік құрылымда қызмет етемін деп ойламаған. Тәуел­сіздіктің елең-алаң шағында Петропавл педагогикалық институтын бітіріп, тарих пәні мамандығын алғанымен жұмыс таппай қатты қиналған. Содан сиырдың тіліндей дипломды сандыққа салған күйі әлдекімдердің жөн сілтеуімен Ресейдің Екатеринбург қаласынан бір-ақ шыққан. Мұнда айрықша мақсаттағы милиция бөліміне орналасуына бала кезден жүйелі түрде айналысқан спорттың, ұстанған саламатты өмір салтының көп пайдасы тиді. Шетте жүрген төрт жыл ішінде шынығып, шымырланды. Армения, Грузия, Чешенстан секілді «ыстық нүктелерде» болып, тату-тәтті бірлікке ештеңе жет­пейті­нін ұғынды. Мол тәжірибе жинақ­т­ап, елге оралғаннан кейін облыс­тық ішкі істер басқармасына қыз­метке тұрды. Біраз жыл «Ар­лан» арнайы мақсаттағы топқа, «Күзет» мекемесінің кадр бөліміне жетекшілік етті. Темірдей тәртіпті сүйетін, өзгелерден де осы қасиет­ті талап ететін Азат өзіне жүк­телген міндеттерді әрдайым жауапкер­шілікпен атқарып, подполковник шеніне дейін көтерілді. Ал мына оқыс оқиғаға ойда-жоқта кезікті. Көлігін автотұраққа қойып, түнгі таза ауамен кеуде кере тыныстап келе жатқанда қыра­ғы көзіне тоғыз қабатты үй­дің бірінші қабатынан будақтай шық­қан қою түтін шалынды. «Өрт!» деген сумаңдаған суық ой тұла­бойын қарып жібергендей болды. Алға қарай жанұшыра ұмты­лып, жолай кездескен адамдарға құт­қару қызметіне телефон соғу­ды айтып үлгерді. Темір есік тарс жабық. Уақыт ұттырмай, пәтер­ге балкон арқылы кіруге бел бай­ла­ғанымен, екі метр биіктікке өзді­гі­нен көтерілу мүмкін болмады. Тығы­рыққа тіреліп, не істерін біл­мей тұрғанда қасынан өте берген бір жасөспірімді көріп, көмекке шақырды. Оның демеуімен бал­конға ырғып түсіп, ішке енгенде көк түтін арасынан ессіз жатқан адамның сұлбасы көрінді. Оны қауіпсіз жерге шығарып, үйге қайта енді. Ондағы ойы – тағы біреулер қалып қоймады ма деген күдік. Бөлмелерден отқа оранған заттарды далаға шығарып, компьютер сымын токтан айыра бергенде қол­қаны қапқан ащы түтіннен басы айналып, әлсірей бастағанын сезді. Әйтеуір балкон арқылы сыртқа шығып үлгерді. Ұрымтал тұста қиыннан қиыстырып жол тауып, қызыл тілі сумаңдаған өртке қарсы ет қызуымен араласып кеткен Азат 50 жастағы өнер иесін ажал тырнағынан арашалап қалғанын білген жоқ. Қас қағым уақыт ішінде әбжіл қимылдамағанда оның арты үлкен өкінішке ұрындырып, опық жегізері әбден ықтимал еді. Азат – отбасында үлгілі әке, орнықты отағасы. Жан-жары Гүләйім екеуі алтын асықтай екі қыз өсіріп отыр. 47 жастағы азамат қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберлігіне кандидат. Талай рет аймақтық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Құрыш болаттай шынығуына, адамгершілік асыл қасиеттердің қалыптасуына десант­тар взводы құрамында аза­мат­тық борышын өтеуі зор ық­палын тигізгенін бейбіт күннің батыры жасырмайды. Иә, ерлік уақыт, жас талғамайды. Антқа адал, сертке берік Азаттың бұл әре­кеті жастар үшін тәлім-тәрбиелік ма­ңызы зор өнеге болары анық. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы