Күндіз де, түнде де қоғамдық тәртіптің бұзылмауын жіті қадағалайтын полицейлердің қатарында Болат Дүйсенов те бар. Оның бұл саладағы еңбек өтілі де аз емес. Ішкі істер департаменті тарапынан берілетін шұғыл да жедел тапсырмаларды үнемі тыңғылықты орындайды. Сондықтан, басшылар оны жауапты істерді атқаруға жұмсайды. Ол жұртпен тез тіл де табыса біледі. Полицейлер үшін ең қажеттісі – еліміздің түрлі заңдарын да жетік біледі.
Болат Дүйсеновтің қазіргі шені – полиция подполковнигі. Қазір ол жергілікті полиция қызметінде еңбек етеді. Жаңадан құрылған құрылымның аға инспекторы, полиция подполковнигі Болат Дүйсенов жақында Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ал бұл марапат оған не үшін беріліп еді?
...Өткен жылдың 30 сәуірі күні полиция подполковнигі Болат Дүйсенов әріптесі Мұрат Демегеновпен күндегіше түскі ас ішіп, жұмыс орнына бет алған еді. Олар қызметтік көлігімен Жайық өзенінің Азия бетіне бағыт алған кезде тосын оқиғаның куәсі болды. Көпір жақтауынан ер адамның Жайық өзеніне секіргенін көреді. Оны біреу итеріп жіберді деуге де келмейді. Өйткені, өзенге секірген адамның жанынан ешкім көзге шалынбады. Полицейлер көлікті жеделдетіп жағадағы тұраққа қойып, өздері өзенге қарай жүгірді. Полиция подполковнигі Болат Дүйсенов Жайыққа түсіп жүзе жөнелді. Әрине, киіммен жүзу оңай болмады. Мақсат – судағы белгісіз адамды құтқару.
Бала күнінен суға жүзудің қыр-сырын меңгерген полиция подполковнигіне бұл қиынға соқпады. Көктемнің сызы әлі қайта қоймаса да әп-сәтте өзен ортасында суға бір батып, бір шығып жүрген жанды уысына түсірді. Сөйтіп, оны жағаға алып шықты. Қызметтік киімінен Жайық өзенінің мұздай суы сорғалап, жағаға жеткенге дейін әріптесі, полиция подполковнигі Мұрат Демегенов «жедел жәрдем» шақырып үлгерді. «Жедел жәрдем» бригадасы жеткенше судан құтқарылған ер адамға алғашқы дәрігерлік көмекті де өздері көрсетті.
Кейіннен белгілі болғандай, Жайық өзеніне көпірден секірген жігіттің жасы 32-де екені анықталды. Және оны ешкім суға секіруге мәжбүр етпеген болып шықты. Дегенмен, орда бұзар жастан енді ғана асқан жігіт жүйкесі ауыратындықтан, арнайы есепке алыныпты. Оның денсаулығындағы осы кінәраты суға секіруге себеп болған сияқты. Бірақ, қоғамдық тәртіптің сақшылары кімді болса да қорғауға, құтқаруға дайын екенін білдірді. Әсіресе, полиция подполковнигі Болат Дүйсеновтің суға батып бара жатқан жанды құтқарудағы батылдығы мен жанкештілігі ескерусіз қалмады. Облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы оны мемлекеттік марапатқа ұсынды. Жақында департамент басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев жеке құрамның алдында бейбіт күннің батыры Болат Дүйсеновке «Ерлігі үшін» медалін тапсырды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ
АТЫРАУ