26 Шілде, 2016

Үңгірлерге үңілеміз біз қашан?..

1188 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
  IMG_3348 Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірін мүмкін, біреу білер, біреу білмес. Ел аузында Қоңыр әулие – та­биғаттың таңғажайып туындысы десе, біреулер бұл үңгір ер­те­дегі адамдар тұрған жер, тіпті, басқа ғаламшардан келген­дер жасаған деп болжамдайды. Үңгірді ұлы Бұқар жырау ба­бамыз, Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп, Г.Н.Потанин, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, басқа да атақты адамдар келіп көрген десе-ді. Жергілікті жұрт бұл үңгірді киелі, шарапаты тиер қасиетті деп те айтады. Қазандағы суына қолыңды тигізіп, бетіңді сипасаң тілегің орындалады. Үң­гірге түнесең, тілеген тілеуің айныт­пай келіп, баласыз ана сәби сүйеді, сырқат адам ауруынан айы­ғып кетеді екен. Әрине, өзі тау ішіндегі тас үңгір болса, оған түн ішінде келіп қону үшін де ба­тылдық, ерік-жігер, сенім керек. Әрі жүгіріп келіп ішке есік ашып енетіндей емес, үңгірге жету үшін жықпыл-жықпыл тастардың арасымен өрлеп, тау биігіне көтерілуің тағы бар. Қасымызда баянауылдық Ра­мазан деген шежіреші ағамыз бар, жүз естігеннен бір көрген ар­тық деп өткен жылдың бір сәт­­ті күнінде біз де биік құз ба­сындағы үңірейген үңгірге қа­рай жол тартқан едік. Өзіміз де тау-тас арасында өскен қызбыз, биікке шығу бізден қалған деп әлдеқандай боп кеуде көтеріп келе жатқанымыз артық айтқандық екен, жол ортаға жетпей әліміз құ­рыды да қалды. Айнала тау, тәкаппар сұсты құз шыңдары, жық­пыл-жықпыл қалың қара тас. Төбеде көк аспан, күн шақырайып тұр. Биікке өрмелеп үңгірге жету керек. Үңгір болса, дәл ертегі кино­лардағыдай ту-у... алыс­та, тау ішінде. Жақындаған са­йын алыстай береді. Бізден бас­қа да жоғарыдағы үңгірге қа­рай бірінен соң бірі өрмелеп өзіміздің ауылдардың кәрі-жасы аралас тұрғындары, даң-дұң сөйлесіп қытайлықтар, ресей­ліктер, украиндық екі әйел, моңғолиялық туристер де келе жатыр. Немесе, керісінше, үңгірге барып, көріп, тас қазаннан су ішіп, тәу етіп төмен түсіп келе жатқандар: «Сапар сәтін салсын» дейді бізге. Құдай-ау, 6-7 айлық бала көтерген әйел, ұсақ бала, егде жастағылар бәрі үңгірге жетуге асығады. Аң-таң қаласыз. «Уһ» деп әр тастың үстіне шоқиып төменге бір қарап аласың да, бір кезде қол­дан жасалған баспалдақтарға жетесің, қара таспен өрмелеп жүр­генше баспалдақтардың бол­ғаны да дәтке қуат. Оның өзі арала­ры ашылып кеткен, сықыр-сықыр етіп жоғары көтерілгенше зәреңді алады. Сырғауылдан, тақтайдан жасалған әбден тозған баспалдақтың ұзындығы 115 метр. Содан бір 20 метр жоғары көтерілген соң демалуға арналған аялдама орындықтар кезігеді. Жоғары қарасаң, қызылды жасылды киінген, үңгір аузында жүрген адамдар сұлбасы қыбыр-қыбыр бұлдырап көрінеді. Басың айналады. Шаршайсың. Рамазан ағамыздың аузы әң­гімеден бір босамайды, әрі шаршамайды да. Ішіндегі бар дүниені үйіп-төгіп манадан бері айтып келеді: «Қоңыр әулие үңгірі туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар екен. Бағзы заманда алапат су тасқыны басқан кезде Қоңыр әу­лие де Нұх пайғамбардың ке­месіне мінсек, ауыр боп кетер деп, екі тақтайды құрап, Қы­ран, Құлан әулие үшеуі сумен қалқып жүзе берсе керек. Су азайып, таудың шеті көрінгенде әулиелер тақтайларынан түсіп, Баян­ауылдың үңгірлерін мекен­дейді. Су қайтып, әулиелерді Баян­ауылдан бір-ақ шығарған ғой. Содан Қоңыр әулие бабамыз Жамбақы тауларына иелік етеді. Қоңыр әулие болған деген үңгірде кезінде шырақшы Жұмат ақсақал қызмет көрсетіпті. Айтпақшы, осы Қоңыр әулие жайлы аңыз Се­­мейде, Шыңғыс тауында да бар дейді. Үңгірге де жеттік-ау бір кезде. Кішкентай күнімізде әжелеріміз айтатын: Меккеге де жаяу-жалпылап барады. Қасиетті жерлерге адам баласы қиындықпен бару керек. Сынақтан өтіп дейтін. Өздері бір обаға барамыз деп жолсызда үш күн жүргенін білемін. Сол жақтан келіп айтқаны ғой, сонда. Қасиеті бар жерлерге тар жол, тайғақ кешумен барсаң – сына­ласың, ол жер сондықтан да киелі, қасиетті. Міне, біз келіп жеткен Қоңыр әулие үңгірі де сондай. Құз басындағы құпиялы үңгірге де жетіп, біз де бір сыннан өткендейміз. Үңгірдің кіреберісі күмбез сияқты. Алды биік жар, сол жерден тұрып айналаға, тө­менге қарайсың кеп. Бойыңды қорқыныш та билейді. Адам көп. Кезек күтушілер қаптап тұр. Аш­ық-шашық өзіміздің де қыздар жүр, тіксініп қалдық. Әулиелі үңгірге келгенде бір сәт иба-әдеп сақтаса қайтер еді. Бізді есік аузында шырақшы, Баян­ауылдың төл шежірешісі, үң­гірдің иесі Алтынбек ағамыз қарсы алды. – Әйел қауымына жабынып келу жайлы үнемі айтып ке­ле­міз. Туристерміз, қыдырып келгендерміз деп, жеңіл-желпі түсінікті сылтауратады, қатпарлы қасиеттен гөрі, үңгірді қызық көреді. Ақшамыз төленген деп еркінсиді ғой бұлар, – деп шы­рақшы да ақталып жатыр. Кіреберістегі биік қой тастың үстінде кішкентай ұлы отыр. Келушілерге үңгірге қалай кі­ріп-шығудың рәсім-ғұрыптық жолдарын түсіндіреді. Содан «бісміллә» деп үңгірге бас сұқтық. Ішке кірген соң сәл аялдап ауыз үйде отырдық. Ресейден келген туристер де бізбен қатарлас жайғасты. Үңгірдің іші салқын. Рамазан ағам әлі айтып жатыр. Бойымды билеген үрейден айықпай, сонда да болса, ол кісінің әңгімесіне құлақ қоймауды ыңғайсыз көріп, тыңдап бас изеп қоямын. Үңгір үш бөлмеден тұрады екен. Ғибадатханасының ұзындығы – 12 метр, екіншісі – жатын бөлме, ұзындығы – 6 метр. Үшінші бөлмесі – қазандық. Қазандық бөлмесінде қазанға ұқсас шұңқыршақ тұр. Ішінде су бар дейді. Бәріміздегі мақсат – қа­зандықтағы суға қолды малып, бетімізді жуып, тілек тілеу. Кезекпен баспалдақ арқылы екін­ші бөлмеге, келесі үңгірге өтуіміз керек. Тар, тесік тастан басымды сұғып қарасам, расында да алдымда – қазандық, онда су бар екен. Жан-жағыма қарамастан суға қолымды малып, тілегімді айтып, артқа шегіндім. Бойымды аз-маз үрей билегендей. Түсіп келе жатып, оң жаққа ма, бұрылып қарап қалып ем, үңгірдің жоғары қабаты бар ма, құдай ау, биіктен тағы бір үңгірдің аузы үңірейіп тұрғандай қорқып кетіп, көзімді тарс жұмып алдым. Өйткені, қазан­дықтағы суға қолыңды малатын жерге жалғыз өзің барасың, екі адам сыймайды ол қуысқа. Сен түскеннен кейін келесі адам баспалдақпен көтеріледі. Ғажап, тылсым дүниемен кездес­кендей боласың. Әли-баба және қырық қарақшы ертегісімен бетпе-бет жүздесіп, сол таулардың ішінде жүргендейсің. Кенеттен үңгірдің аузы тарс жабылып қалса қайтеміз деген қорқыныш кетпейді. IMG_3359 Айтпақшы, жаңағы екінші қабат демекші, Рамазан ағам айт­қандай, қуғын-сүргін жылдары қашқан адамдар сол екінші қабаттағы үңгірден пана тапқан көрінеді. Олар кімдер екен деген ой мазалайды. Кезінде ешкім айтқызбады. Бірақ, жергілікті халық, көнекөздер білді. Қызыл жағалар құртып жібереді деп, үңгірлерден сыр ақтармай, жасырды. Бұл да бір беті ашылмай тұрған шежіренің бір парағы. Мүмкін, алда өлке тарихын, Баянауылдың шежіресін жазушылар екінші қабатқа көтеріліп, құпиясын да табар. Үңгірдің екінші қабатында не бар деген сұрақ көпті мазалайтыны рас. Өзіміздің қазақтың өткенінен зарлы сыр сақтаған, ешқандай басқа ғаламшардан келгендер жасамаған үңгір екенін түсінесіз. Шоқан да, Қаныш та, Потанин де бұл жерге тегіннен-тегін келмеген ғой. Шырақшы ағамыз хан Абылайдың өзі де үңгірде болған деп қалды... 1734 жылы Абылайдың қатысуымен Баянауылдың Сабындыкөл жа­ға­сында Үш жүздің би, батырлары бас қосып, қазақтың жоңғарды жеңген ұлы жиынын, соңынан жеңіс тойын өткізеді. Ал 1727 жылдары жоңғарларға қар­сы күресте Баян тауларында Бөгенбай, Олжабай, Баян батыр бекіністер құрған. Үңгірдің ішінен шығып, айнала тауларға қарап, кіреберісте демалып отырмыз. Шырақшымен әңгімелесу мүмкін емес. Адамдар тынымсыз келіп жатыр, кетіп жатыр. Алтынбек ағамыз үңгірдің гиді сияқты, орысша, қазақша барлығына бірдей түсіндіріп, сұрақтарына жауап беруде. Күні бойы осы. Монғолиядан келген екі турист қойын дәптерлеріне сол екі арада сыпылдатып жазып жатыр. Суретке түсіріп, бас­тарын шайқасып қояды. Біреуі: «1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық кеңестің Ассамблеясы шешімімен 18 сәуір Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні болып бекітілді. Әр ел бүкіләлемдік мұраны сақтап қалу үшін жұмыс жүргізеді. Сіздерде тарихы тұнып тұрған Баянауылдағы Қоңыр әулиенің үңгірі сияқты ескерткіш-үңгірлерді зерттеу жайы қалай? – деп сұрайды. – Еліміз бен жеріміздің өт­кенінен сыр шертер тарихи ес­керткіштер – халықтың мә­де­ни меншік мұрасы. Әрине, Баянауылда обалар, үңгірлер аз емес. Әр үңгір, әр оба тарих. Біз олардың сақтаушысымыз. Сон­дықтан, 2004 жылы «Мә­де­ни мұра» мемлекеттік бағдар­ламасы еліміздің тарихи-мәде­ни құндылықтарын қорғау мен ұқыпты пайдалану үшін әзір­ленді. Тарихи орындарды зерттеуге, ұлттық тарихи мұра­лар­ды халықаралық деңгейде на­си­хаттауға, тарихи-мәдени мұра­ларды кешенді түрде зерделеуге басымдық берілді, – дейді ше­жіреші-тарихшы Алтынбек ағамыз оларға. Өзге елден келген екі турист жігіттің сұрақтары бізге де ой салды. Бүгінгі күндері Қо­ңыр әулие үңгірі сияқты тарихи, археологиялық, сәулеттік жә­не мәдени ескерткіштерді сақтау парыз. Қоңыр әулие үңгірі қорғауға алынуы керек. Қалай болса солай қарауға болмайды. Тарихи маңызы сақталуы қажет. Мәселе қалай сақтап қалуда, қалай зерттеуде, көкейкестіге қалай көңіл бөлуде болып тұр. Біз үңгірді әншейін қызықтап көреміз деп жеңіл-желпілікке саламыз. Өзгелер бұл жерге оймен келіп, ой іздеп, ой түйіп кетеді. Өкініштісі сол, біздің тарихи құндылықтарға жауапсыз қарайтындығымыздың бір көрінісі осы. Үңгір ме, тәйірі, қазақтың жерінде үңгір аз ба еді деп келте сөйлей саламыз. Дәл осы жергілікті жерде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауда, өлкенің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін әйгілеуде, үңгір, обаларды зерттеп, сақтауда, тіпті, жай ғана көңіл бөліп назар аударуда жергілікті билік орындарының, тарихи-мәдени басқарма, бөлімдердің өткен шежіреге деген мейірімі мен назары, ықыласы ерекше қажет секілді. Елімізде «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» туралы Заң бар ғой. Соған бір үңілсек, қане терең зерттелмеген тарихтың өткені Қоңыр әулие сияқты әрбір үңгір, обаларда жатыр емес пе. Ойланайық. Баянауылдық абыз ақсақал Зекебай Солтанбай атаның сөзімен айтқанда, Қоңыр әулие үңгірі – аңызға айналған тарихи шындық. Біз болған Жамбақы тау құзы­ның басындағы Қоңыр әулие үңгірінен басқа, Үңгір тас, Найза тас, Әулиебұлақ дейсіз бе, толып жатқан ғажайыптар, шынында да, көмескіленіп қалған біздің өткен тарих. Болашақты тану өткенді пайымдаудан басталатынын ескерейік. Тарихи құндылыққа ие сол нысандарды сақтауды, қорғау­ды, зерттеуді, олардың тарихи және фун­кционалдық маңызын бағалауды, ресми мәртебе беруді, қалпына келтіруді, осы сияқты іс-шараларды әріге бармай-ақ, Баянауылдың өзінде қолға алу үшін бағдарлама жасап, ойланып көрдік пе?.. Осындай шаруалар бар болса, ол қалай жолға қойылған? Олардың құрамында мамандар бар ма? Себебі, қорғандарды, қорымдарды, үңгірлерді қорғауға тиісті орындардың қазір неше түрлі өзге қызметтермен бірлесіп жұмыс жасайтыны айтылуда. Ежелгі қорған, оба, үңгірлерді танып-білу, зерттеу үшін алдымен түсінік, зерттеушілік білім, ғылыми көзқарс, танымдық сана-сезім, қызығушылық, өт­кенге, ата-баба жолына деген жана­шырлық қажет. Сол сияқты, Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірінен басқа да қорымдар, үңгірлер қалай қорғалуда? Бұлардың бізге керегі бар ма, жоқ па?.. Айдалада, тау ішінде, құз басында тұр­ған иен үңгір деген салғырт ой қалып­таспаса, туризмге, мәдениет, та­рихқа бас-көз болатын жергілікті бас­қармалар, бөлімдер Қоңыр әулие үңгірін қамқорлыққа алуы керек еді. Яғни, үңгірге келудің талап-тәртібі болу керек. Бұл, біріншіден, келуші туристердің қауіпсіздігі, екіншіден, оның тарихи, танымдық тұрғыдан ма­ңыздылығын ескеру. Себебі, биік құз басына кішкентай сәби­лерін көтеріп, ем алуға барудың жөні де жоқ. Жас шамаларына қарай, қалай киіну, қалай жүріп-тұру сияқты үңгірге барудың ере­желері, орындалуы тиіс шарттар көрнекті жерде тұрса. Бастысы – бақылау қажет. Баянауылдағы барлық үңгір, оба, таудағы жазуларды ті­­зім­деп, түгендеп алайық та, бағдарлама жасап, қорғап, қолдап, сақтап, келесі ұрпаққа жеткізейік. Иә, ойды ой қозғайды, әлемде не көп, үңгірлер көп. Бірақ, біздің үңгірлер олардан өзгеше. Біздің үңгірлерде халқымыздың көз жасы, ой-армандары, тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы күрес тарихының өшпес жолдары жатыр. Жоңғар-қалмақ шапқын­шылығымен, қуғын-сүргін зоба­лаңымен, қазақтың басына түскен небір зұлматтармен байланысты олар. Үңгірлерде сол зобалаң, зұлматтардың жаңғырығы қалған. Кеңес кезінде бұл жөнінде ешкім ләм-мим деп ауыз аша алмады. Мысалы, Қаратаудағы Қатынқамал жоңғар шапқыншылығы кезінде әйелдер жасырынған үңгір саналса, Шығыс Қазақстандағы Ақ бауыр, Шыңғыстаудағы Қоңыр әулие – үңгірінде Шыңғысхан мүрдесінің жатқаны жайлы аңыз айтылады. Әр үңгірдің құпиясы бар. Бірақ, ашылмай тұр. Енді айтатын, жазатын кез келді. Сандық түбінде сарғайған, келер ұрпаққа аманат етердей дүниелер бар-ау деп шамалаймыз. Ол сандықтар баянауылдықтарда құлыптаулы тұрғандай. Ашып көрсек қайтеді?.. Осындай ойлармен биік шың-құз басынан төмен түстік. Қоңыр әулие бабаның үңгіріне жасаған сапарымыз да аяқталды. Таудан түспеген адамдаймыз, шаршаған да жоқпыз. Бойымыз жеңілдеп, ойымыз көкке әуелеп, жанымыз шаттанып ерекше күй кештік. Келер жаз тағы да келіп, үңгір басында ойға шомып отырсақ деп едік сонда. Енді, міне, тағы да жол күтіп тұр. Қоңыр әулие үңгірінде қымбат затымызды жоғалтқандай, тағы да Рамазан ағамызға қоңырау шалып едік: – Е, қарындасым-ай, біліп едім, қайта оралатыныңды. Үңгірдің екінші қабатында не бар деймісің?! Апырай-ә?! Қазандық шұңқыршағына суды кім құяды дейсің бе?! Апыр-ай, ә, апыр-ай, ә?! Не көрмеген қазақ?! Қуғын-сүр­гін жылдарының сан тарау құпиясы қазақтың көз жасы ғой, қал­қам, – деді ағамыз да күңгір үнмен күбірлеп. Күңгір-күңгір. Айтпақшы, Баянауыл тауларында тағы бір үңгір бар дейді... Оған бару үшін аспалы көпір дей ме, сол арқылы өтіп, әлгі ғажайып үңгірге жетесің. Бірді-екілі баянауылдықтар болмаса, оны да көп ешкім біле қоймайды екен. Жұмбақ. Күңгір, күңгір. Кино түсіргіш біздің жігіттер де үңгірлерге бір үңілсе дейсің. Дайын сценарий, дайын көріністер. Әрине, біздің бұл жазып отыр­ғанымыз үңгірлер құпиясы. Ал еліміздегі Отырар, Қойлық, Талғар, Ақыртас қалашықтары жайлы сөз бөлек. Сол сияқты, Беғазы, Есік, Берел қорымдарында іздестіру және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын білеміз. Бұл жұмыс­тар осы ескерткіштерді сақтау, дала музейлері ретінде қорғау, күзе­тілетін нысанға айналдыру үшін жасалуда. Ол Әзірет Сұлтан, Есік, Берел, Мерке-Жайсаң, Таңбалы петроглифтері тарихи-мәдени қорықтарының, Бесшатыр, Боралдай мен Шілікті қорғандарының жай-күйін жақсар­тады және еліміздің түкпір-түк­пірінде орналасқан көптеген тау-тасқа салынған суреттерді жойылудан құтқарады деп үміттенеміз. Айтарымыз, біздің Баянауылда да осындай жұмыстар легін күтіп жатқан сырлы дүниелер көп-ақ. Біздің баға жетпес қазыналарымыз қорғалуы тиіс. Өзімізде барды жоғалтқымыз келмейді. Мысалы, өңірімізде 800-ге жуық мәдени мұра сақтаулы екен. Оның тең жартысы мемлекет қорғауына алыныпты. Үш нысан республикалық маңызға ие. Археологиялық ес­керт­кіштер де жетерлік. Десе де, үңгірлерге, обаларға да үңілейік. Үңгірлерімізді көруге, Қоңыр әулие үңгірін тамашалауға ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месінің қонақтары да келмекші екен. Біз үшін Қоңыр әулие үңгірін шетелдіктердің көріп таңғалуы, суретке түсуі маңызды емес, бізге, қазаққа керегі – әлем назары ауатын үңгірлеріміздің қадір-қасиетін, тарихи-таным­дық маңызын алдымен өзіміз бағалайық. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы, Баянауыл