Талап және тәртіп
Астана қаласының прокуроры, 3 дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі Мұхтар ЖӨРГЕНБАЕВПЕН әңгіме
– Мұхтар Әкебайұлы, бүгінде елордамыз өндіріс орындары мен мекеме-ұйымдар шоғырланған ірі мегаполиске айналып келеді. Уақыт өткен сайын тұрғындар саны да көбейе түсуде. Прокуратура – заңдылықтың сақталуын қадағалайтын ең басты орган. Ал Астана қаласының прокуратурасы осы бағытта қандай жұмыстар атқарып келеді?
– Прокуратура органдарының басты міндеті заңдылықтың сақталуын қадағалау арқылы құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады. Астана қаласының прокуратурасы ел Конституциясын басшылыққа алып, осы бағыттарда тиісті қадағалау шараларын жүзеге асырып келеді. Өткен жылы азаматтардың еңбек құқығын, тұрғын үй құрылысына қатысушы үлескерлердің құқығын қорғауға, бюджет қаржысының мақсатты пайдалануына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен басқа да қылмыс түрлерімен күресті күшейтуге және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға баса назар аударылды.
Астаналық прокуратура үшін халықаралық саяси форум – ЕҚЫҰ Саммитінің өтуіне байланысты Астана аумағында ішкі саяси-әлеуметтік тұрақтылықты және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мәселелер ерекше маңызды болғанын атап өткен жөн. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске байланысты аса маңызды мәселелер Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің қарауына енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте оның алдын алуға бағытталған нақты істер жүзеге асырылуда. Мысалы, прокурорлардың ұсыныстарының негізінде өткен жылы 27 адам тәртіптік, бір адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, үш лауазымды тұлға, оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының екі директоры қызметтерінен босатылды.
– Қазіргі кезде әлеуметтік-экономикалық салада еңбекақыны уақтылы төлемей, еңбек адамдарын әуре-сарсаңға салу үлкен проблемалардың бірі болып тұр. Бұл – Астана қаласына да тән.
– Бүгінде аталған мәселелер, шынында да, Астанадағы ең өзекті проблемалардың бірі. Өткен жылы қала прокуратурасы осы мәселелерге бірінші кезекте назар аударып, тиісті шаралар қолданды. Мысалы, еңбекақы бойынша едәуір берешегі бар кәсіпорындарға кең көлемде тексеріс жүргіздік. Тексеру іс-шаралары, сондай-ақ осы кәсіпорындардың дебиторлары болып табылатын мемлекеттік мекемелерді де қамтыды. Прокуратура тарапынан қолданылған қатаң шаралардың нәтижесінде еңбекақы бойынша берешек көлемі 459 миллионнан 248 миллион теңгеге төмендеді. Сонымен қатар, өз ісіне жауапсыз қараған жұмыс берушілердің үстінен 15 қылмыстық іс қозғалса, оның 11-ін қала прокуратурасы қозғаған. Қылмыстық істерді тергеу барысында 155 миллион теңгеден астам еңбекақы берешегінің өтелуі қамтамасыз етілді.
Қазіргі кезде жоғарыда аталған қылмыстық істердің үшеуі еңбекақы берешегінің толық өтеліп, тараптардың өзара бітімге келуіне байланысты тоқтатылды. Қалған 9 қылмыстық іс Астана қаласы ішкі істер департаментінің өндірісінде және қала прокуратурасының ерекше бақылауына алынған.
– Үлескерлердің тұрғын үй құрылысына салған қаржыларын жымқыру фактілері бойынша қандай жұмыс атқарылды? Жалпы, астаналық прокуратура тұрғын үй құрылысы үлескерлерінің проблемаларын шешуге қалай ықпал етуде?
– Үлескерлер проблемалары Астана тұрғындары үшін өзекті де өткір мәселелердің қатарына жатады. Ретіне қарай айтатын болсақ, өткен жылы үлескерлердің салған ақшаларын жымқырған тұрғын үй кешендері құрылысын салушыларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды. Бес қылмыстық іс сотқа жолданса, екі қылмыстық іс қаржы полициясының өндірісінде. Жалпы, үлескерлердің қаражатын ұрлауына байланысты 39 құрылыс компаниясының басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.
Сондай-ақ біз тұрғын үй құрылысы кооперативтерінің 5750-ден астам мүшесінің мүдделерін қорғай отырып, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 75 талап-арыз енгізген едік. Сот оның бәрін қанағаттандырды. Прокуратураның талап-арыздары бойынша жалпы көлемі 29 867 101 998 теңгені құрайтын көп қабатты тұрғын үй құрылысы кешендеріне үлескерлік қатысу туралы 5 999 шарт бұзылды. Оның ішінде аяқталмаған мансард құрылыстарына қатысты шарттар да бар. Сонымен қатар, Астана соттарында қазіргі уақытта жосықсыз құрылыс салушылардың мүлкі мен дебиторлық қарыздарының есебінен 3,9 миллиардтан астам теңгені өндіру туралы қала прокуратурасының 11 талап-арызы қаралуда.
Елордада бірқатар жылдардан бері шешімін таппай келген мемлекет қажеттілігіне алынған жер телімдері үшін азаматтарға өтемақы төлеу мәселесінің де қала прокуратурасының ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді. Өкінішке қарай, азаматтарға өтемақы төлеу мақсатында құрылған «Пәтер бюросы» АҚ бөлінген қаражатты басқа мақсатқа пайдаланған. Осыған байланысты 6 қылмыстық іс қозғалып, оның біреуі сотқа жолданса, қалғандары бойынша қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қалыптасқан жағдайды түзеу үшін прокуратура көп жұмыс атқарды, нәтижесінде қарыз көлемі 3 миллиард теңгеден 880 миллион теңгеге төмендеп отыр.
– Табиғат қорғау, экологиялық заңдылықтарды сақтамау жиілеп бара жатқан секілді. Бұған қарсы Астана прокуратурасы тарапынан қандай шаралар қолданылуда?
– Қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты астаналық прокуратура өткен жылы 37 тексеріс жүргізіп, экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 193 фактісін анықтады. 14 лауазымды тұлға тәртіптік, 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокурорлық ықпал ету нәтижесінде «Астана Су Арнасы» МКК 25,6 миллион теңге мөлшерінде қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеді және кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет бюджетіне 21,7 миллион теңге айыппұл төледі.
– Прокуратура әрқашан да кәмелетке толмағандардың, яғни балалардың құқықтарын қорғауға айрықша көңіл бөлетіні белгілі. Осы бағытта атқарылған жұмысқа тоқталып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емеспіз. Осы мақсатта жүргізілген 98 тексерістің нәтижесінде кәмелетке толмаған 190 жасөспірімнің конституциялық құқығы қорғалды. Прокуратураның дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында психоневрологиялық диспансерде тәрбиеленушілердің жеке есеп-шотынан жалпы көлемі 80 миллион теңгені құрайтын қаражатты негізсіз алудың жолы кесілді. Сонымен қатар, прокуратураның ықпал етуімен жетім балаларға арналған интернаттың 18 түлегі тұңғыш рет пәтермен қамтамасыз етілді.
Қала прокуратурасы жастардың жағымсыз әрекеттерге бой алдырмауына да ықпал етіп келеді. Прокурорлардың жоғары оқу орындарында, колледждерде, мектептер мен лицейлерде құқық түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Бұл мәселе менің жеке бақылауыма алынған. Сондай-ақ студент жастарды толғандыратын ең өзекті мәселелерді талдап, уәкілетті органдарды оларды шешуге бағыттап отырамыз.
– Астанада қылмыстылықтың жай-күйі қандай деңгейде?
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша елордада қылмыстылықтың өсуі байқалады, яғни тіркелген қылмыстар саны 2009 жылмен салыстырғанда 13,4 пайызға ұлғайып, 4491-ге жеткен. Дегенмен, қылмыс санының өсуіне негізінен Бас прокуратураның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Электронды арыздарды есепке алу кітабы» атты қанатқақты жобаның себепші болғанын атап өткен жөн. Өйткені, осы жобаға сәйкес, қылмыстар туралы арыздар мен ақпараттар электронды жүйе арқылы тіркеледі. Өткен жылы аса ауыр қылмыстар мен кісі өлтіру, денеге ауыр жарақат салу сияқты қылмыстар едәуір азайып отыр. Сонымен қатар, жасалған қылмыстарды есепке алу-тіркеу тәртібін қадағалау күшейтіліп, нәтижесінде 325 қылмыс анықталып, олар іс қозғау арқылы есепке қойылды, оның ішінде 60 іс соттың қарауына жіберілді.
Жалпы, прокуратура осы бағыттағы әртүрлі заң бұзушылықтар бойынша 361 қадағалау актісін енгізіп, оларға жол берген қылмыстық қудалау органдарының 283 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
– Ал азаматтардың өтініштерін қарау бойынша қандай шаралар қабылдануда?
– Жалпы, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері – бұл заңдылықтың ең объективті көрсеткіші екені мәлім. Өткен жылы азаматтар мен заңды тұлғалардан прокуратураға келіп түскен 15 мыңға жуық өтініштің 8 мыңнан астамы тікелей прокуратура органдарымен шешілді. Оның ішінде 22 пайызы қанағаттандырылған, яғни әрбір бесінші өтініш бойынша азаматтардың заңды құқықтарының бұзылуы анықталып, шара қабылданған.
Өтініштерді қарау барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында қаланың прокуратура органдары 161 ұйғарым, 79 ұсыныс енгізіп, 52 наразылық келтірсе, оларды қарау нәтижесінде 66 лауазымды тұлға тәртіптік, 54 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 21 қылмыстық іс қозғалып, 4 адам сотталған. Алдағы уақытта да азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың тиімділігін арттыру Астана қаласы прокуратурасының басты назарында болады. Өйткені, соған қарап халық мемлекеттік билік органдарының қызметінің тиімділігіне баға береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.