11 Ақпан, 2011

Бүгін Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» ХДП-ның кезекті ХІІІ съезі өтеді

485 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Ел сенімін еселеген партия

Қабылдау бөлмелері – қажет құрылым

Өткен жылы партия қоғамдық қабылдау бөлмесіне 78 944 өті­ніш-арыз келіп түссе, бұл – 2009 жылмен салыстырғанда 10 981-ге артық деген сөз. Сондай-ақ, был­тыр партия қоғамдық қабылдау бөлмесінде 47 000-нан аса аза­мат­қа кеңес берілсе, бұл ал­дын­дағы жыл­мен салыстырғанда 12 532-ге көп. Қоғамдық қабылдау бөлме­сі­нің жұмысын одан әрі жетілдіру, тұрғындардың мәселелерін жедел шешу және азаматтардың өтініш­терін шұғыл қарау бойынша «Нұр Отан» ХДП өкілдері мемлекеттік органдардың жауапты қызметкер­лерімен, сондай-ақ партия фи­ли­алдары қоғамдық қабылдау бөл­мелерінің меңгерушілерімен жиі бас қосып тұрады. Мұндай кез­десулердің тиімділігі сол, барлық мемлекеттік органдарда қоғамдық қабылдау бөлмелерімен өзара іс-қимыл жасайтын жауапты қыз­меткер анықталады. Жыл ішінде облыстық, қала­лық және аудандық мәслихат­тар­дың де­путаттары еліміздің аймақ­тарында 7 157 қабылдау жүргізіп, 16 000-нан аса азаматты қабыл­да­ды. Азаматтар өздерінің өтініш-талап­та­ры бойынша тиісті кеңес­тер мен нақты түсініктемелер алды. Мәжіліс депу­тат­­тары да Орта­лық аппараттың қо­ғамдық қа­был­дау бөлмесінде 77 қабылдау жүр­гізіп, 978 адамды қабылдады. Жұмыс әдістері мен тәсілдерін кеңейту бағытында да оң істер жал­ғастырылды. Мәселен, Ор­та­лық аппараттың қоғамдық қабыл­дау бөлмесінде Бас прокура­тур­а­ның, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің, Эко­номикалық және сыбайлыс жем­қор­лықпен күрес жөніндегі агент­тіктің, Жер ресурстарын басқару агенттігінің, Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің, Сот әкімшілігі комитетінің өкілдері 254 адамды қабылдап, 112 талап-өтініш бойынша түсініктемелер берді. Былтыр республика бойынша әлеуметтік мәселелер жөнінде «Бі­рыңғай қабылдау күні» акция­сы болып өтті. Оған Мәжілістің, мәслихаттардың де­пу­таттары, мем­лекеттік және құ­қық қорғау ор­гандарының басшы­лары қатысты. Акцияға 1 800 адам қатысса, 250 адамның өті­ніші шешімін тап­ты, 600 өті­ніш мемлекеттік және құ­қық қор­ғау органдарына қарау үш­ін жіберілді, 950 өтініш бой­ын­ша тиісті түсініктемелер берілді. Ұтымды жұмыс тәсілінің бірі – ІІМ Жол полициясы комитетімен өзара бірігіп, «Жолда қа­был­дау» акциясын ұйымдастыру. Ос­ындай жұмыс формасы мәсе­ле­лерді жергілікті жерлерде тікелей шешуге мүмкіндік туғызып отыр. Өткен жылы екі мәрте рес­пуб­ликалық «Жолда қабылдау» ак­ция­сы өтіп, шара барысында жергілікті орын­дарда тұрғындармен «жанды бай­ланыс» орнатылды. Қа­былдауда 1 035 азамат болып, 1000 азаматтың өтініші қана­ғат­тан­дырылды. Қашық елді мекендерде тұра­тын азаматтардың проблема­ла­рын шешу мақсатында қоғамдық қа­был­дау бөлмесінің қызметкер­лері атқарушы және құқық қорғау ор­ган­дарының өкілдерімен бірігіп, көш­пелі кездесулер өт­кі­зіп тұра­ды. Мысалы, өткен жылы Ор­та­лық ап­па­раттың қоғамдық қа­был­дау бөл­ме­сінің қызметкер­лері өкі­летті ор­ган­дардың өкіл­дері­мен бірігіп, Қа­рағанды облысы, Нұра ауданының бес елді мекенінде қа­былдау жүр­гізді. Жыл бойына республика бой­ын­ша 1 257 көшпелі қабылдау өтті. Адвокаттар одағының өкілдері Орталық аппараттың қоғамдық қа­былдау бөлмесінде 206 аза­мат­қа тегін құқықтық көмек көрсетті. Алматы, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстар­ы­ның аймақтық қоғамдық қабыл­дау бөлмелерінде адвокаттар өк­іл­дері осындай тәжірибені жүзеге асырды. Партияның Ақмола об­лыс­тық филиалында жоғары оқу орындарының заң факультетінде оқитын студенттер азаматтарға құ­қықтық кеңес берді. Осындай тә­жірибе Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйы­мын­да да жүзеге асырылып келеді. Былтыр Орталық аппараттың қо­ғамдық қабылдау бөлмесінің қыз­метіне жұмыстың жаңа фор­ма­сы енгізілді. Мәселен, Орталық аппа­раттың қоғамдық қабылдау бөлмесі мен Астана филиалына несие алу, ипотекалық несиені қайта қар­жы­ландыру, баспананы жалға алу жә­не «Жол кар­та­сы-2020» бағдарла­ма­сы бойынша өтініштің көптеп түсуіне орай азаматтарға кеңес беру үдерістері жүзеге асырылды. Өткен жылы партия қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен өтініштерге талдау жүргізгенде ол­ардың алтыдан бірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сы мәселелеріне қатысты екені анықталды. Сонымен бірге, Адвокаттар одағының өкілдері Ор­талық аппараттың қоғамдық қа­был­дау бөлмесінде қыркүйек айы­нан тұрақты негізде «Ша­ңы­рақ» жобасын бастады. «Қоғам­дық қор­ғаушы» РҚБ жұмысы ая­сында 82 адамға тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық мәселе­ле­рі бойынша тегін кәсіби ке­ңестер берілді. Аймақтық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметін ынталан­ды­ру және жандандыру мақса­тын­да «Нұр Отан» ХДП «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» бай­қауын ұйымдастырды. Ол екі ке­зеңде өтті. Байқаудың екінші ке­зе­ңінің нәтижесі бойынша Орта­лық комиссияның қарауына 16 аймақ­тық және 47 аумақтық қо­ғамдық қабылдау бөлмелерінің материал­да­ры ұсынылды. Қоры­тын­дысы жа­қын арада шыға­ры­латын болады. «Нұр Отан» ХДП-ның Ор­та­лық аппараты мен түрлі деңгей­дегі филиалдары қоғамдық қа­был­дау бөлмелерінің жұмысын ал­­дағы уақытта белсенділендіре тү­сетін болады. Жұмажан ЖҮКЕНОВ, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі.

«Не деген бақытты едің, келер ұрпақ»

Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы, сәуір сәтінде президенттік сайлау өтпек. Ал Елбасы жетекшілік ететін «Нұр Отан» пар­тия­сы өзінің ХІІІ съезі қарса­ңын­да тұр. Міне, осындай ау­қым­ды шаралар әрбір саналы аза­мат­тың ат­салысуына негіз болса керек. Бұған дейін «Нұр Отан» пар­тия­сының аумақтық, аймақтық фи­лиалдарында есеп беру және сайлау конференциялары өткені белгілі. Әрине, жиын өткізу ай­ту­ға оңай болғанымен, шын мәнінде жауапкершілік жүгі ауыр. Сол себепті, партияның Қызылорда об­лыстық филиалының VIII кон­фе­ренциясына «біз не бітірдік» деген сауалды алдымызға қойдық. Бір жылдың ішінде партия тара­пынан облыста он мың­даған іс-шара ұйымдастырылса, одан жүз мыңдаған кісі қуат­тан­ды. Мемлекет байлығына жанашырлық, қо­ғамда қылмыс­тың алдын алу, құ­рылыс алаң­да­рында сапа саяса­тын ұстану – бәрі-бәрі «Нұр Отан­ның» міндетіне кіреді. Яғни, партия аралас­пайтын бірде-бір сала жоқ десе де болады. Бір ғана мысал, Сырдария ау­да­нында «Нұр Отан» партия­сы­ның қолдауымен ауқымды акция өтіп, ол талай жүрекке жылуын жақты. Партия үшін елді қу­ант­қаннан артық мәртебе жоқ. Сол үрдіспен тікұшақ апатынан мүге­дек­тікке таңылған журналист Мей­рамбек Шілдебаевқа, Алматы қа­ла­сына емделуге баратын Құра­лай Ертілеуоваға қомақты қара­жат берілді. Осындай шарапаттан Марат Сақтапов (мүгедек бала­сын емдету үшін), сондай-ақ ата-анасынан айырылған, жоғары оқу орнында оқитын грант иесі Жазира Омарова да тыс қалған жоқ. Партия филиалы атына жазыл­ған мына өтініш кім-кімнің де кө­ңілін аударарлық еді. «Мен, Гауһар Аяпова Терең­өзек кентіндегі Тәжібаев көшесі, №15 үйде пәтер жалдап тұрамын. Үш перзентім бар, екеуі мүгедек, дені сау балам мектеп жасында. Күйеуім тастап кетті. Өзім О.Мә­лібаев атындағы ауылдық клуб­та жарты ставкада еден жуамын. 9 400 теңге табысым мен мүге­дек­тікке берілетін жәрдем­ақы тамақ, пәтерақы мен дәрі-дәр­мек­ке әрең жетеді. Өмірден тү­ңіліп кеттім. Амал жоқ, балаларым үшін әлі керек екенімді ұғамын. Бала ел болашағы ғой, мейлі ол мүгедек болсын, қоғамның мү­ш­е­сі емес пе? Маған «Нұр Отан» пар­тия­сынан басқа ешкім көмек көрсете алмайтынын сеземін. Көш­басшы партия қай істе де алда жүр ғой, бәлкім, менің де тағ­ды­рыма араласа алар. Сіздерге үміт қосып, бір амалын табады деп сеніммен өтініш жазып отырмын». Әрине, өтініш еріккеннен жа­зылмаған. Астары терең, ауырт­па­лығы зілдей. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия филиалдары жанындағы қоғам­дық қабылдау қызметін барынша жан­дандырып, халықтың мұң-мұқ­­­та­жына бей-жәй қарамау ту­ра­лы тап­сырмасы біздің басты міндетіміз. Ендеше, Гауһардың өті­­ні­шін қа­лай­да қанағаттан­ды­ру­дың, оны ше­шудің жолын іздеу қажет. Мұның алдында дәл осындай өтініш аудандық мәдениет үйінің қызметкері Әзиз Садықовтан да келген. Ауданның мәдениеті мен өнеріне үлесі мол азамат баспана мәселесінен таршылық көріп от­ырғанын жазған екен. Партияның аудандық филиа­лы­ның төрағасы осы мәселеге бай­ланысты үлкен жанашырлық жа­сады. Адам тағдыры, баспана мә­селесі қай кезеңде де күн тәр­тібінен түспеген өткір жәйт қой. Солай бола тұрса да, аудан ор­та­лығындағы жатақхана үлгісіндегі бос үйді бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы қысқа уақытта толық жөндеуден өткізіп, сегіз от­басына кілтін тапсырды. Солар­дың ішінде Гауһар Аяпова мен Әзиз Садықов та бар. Гауһар қуа­ныштан көзіне жас алып, алғы­сын жаудырды. «Нұр Отан» ХДП ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруды негізге ала отырып, осы­лайша ел дамуымен бірге биік белеске қадам басып келеді. Ел Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасы бойынша әз­ір­ленген Қазақстан Республи­ка­сы­ның 2020 жылға дейінгі даму стра­те­гиясы таяудағы онжыл­дық­қа ар­нал­­ған әлеуметтік-эконо­ми­калық жос­пармен қатар, саяси бағдарды да айқындап берді. Ішкі саясатта бейбітшілік пен келісімді, қоғам­ның тұрақтылығы мен орнықты да­муын сақтау негізгі мақсаттар бо­лып қала береді. Сон­­дықтан, бү­гін­нен ертеңнің, ер­­­теңнен бола­шақ­тың жарқын екеніне кәміл сенімдіміз. Қызылорда облысында индус­трия­лық-инновациялық 12 жоба­ның тұсауы кесілді. Бұл, аймақ­тың өсіп-өркендеуіне зор ық­па­лын тигізуде. Мұнан бөлек, «Жол кар­тасы», «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламалары ел өмірін өр­кениет көшіне жақындата түсті. Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» халықаралық автомагистралі жол жүйесін жақсартумен қатар, өндірісті, өмірді оң өзгерістерге жетелей түсті. Осы бағыттағы іргелі істер халықтың әлеуметтік ахуалына ерекше дем берді. Бұл орайда, жауапты жұмыстарды жү­йе­­сінен адастырмай, қаржының мақ­­­сатты жұмсалуын қадағалап, са­­пасын сақтауды бақылап отыр­ған «Нұр Отанның» орны бөлек. Партия тарапынан пәрменді ба­қы­лау күшейіп, қазір облыс ау­ма­ғында 735 мүшесі бар 245 пар­тия­лық бақылау бекеті жұмыс істейді. Менің өткен жылы «Ел-жұрт һәм Елбасы. Наш Лидер» деп ата­латын кітабым жарыққа шыққан еді. Онда қарапайым ел адам­да­рының Елбасына деген құрметі, жүрекжарды көңілдері лайықты көрініс тапқан. Ал басты ерекшелігі – Президент өкілеттігін ұз­артуды ұсынған лебіздер болатын. Асылы, ауыл адамының саяси сауаты, құқықтық танымы қала тұрғынынан бір мысқал кем емес. Менің соған көзім жетті. Елбасының сарабдал саяса­ты­ның арқасында біздер бейбіт өмір сүріп жатқан бақытты жандар­мыз. Нұрсұлтан Әбішұлы тек ел басқарушы ғана емес, ол ірі қай­раткер, ірі саясаткер, терең де көреген реформатор! Жалпы, ел мен Елбасы егіз ұғым. Президентті елдік асыл мұраттарды биікке көтерген, ұлттық мерейді, ұлт­тық құндылықтарды жаңғыр­тып, Отанымызды әлемге таныт­қан, қазақтың маңдайына шырақ болып жанып, сайын даласына сәулесін шашқан саңлақ ұл, дара тұлға, дана болмыс деп білемін. Кезінде қазақтың қара өле­ңі­нің хас шебері Қасым Аманжолов: «Не деген бақытты едің, келер ұрпақ», деген екен. Шынында да, біз адал еңбегімізбен егемен еліміздің ер­те­ңін еңселі етуге өз үлесімізді қо­сып жүрген бақытты ұрпақпыз. Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ, «Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, партия  ХІІІ съезінің делегаты.

Бөлінген қаржы игерілмей қалып отыр

Елдегі шағын және орта бизнес ел эко­номикасына елеулі кіріс әкелетін үлкен тетік екені белгілі. Басқаша айтсақ, ол – мемлекет экономикасының тірегі. Елбасының бірер жыл бұрын өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырғаны, ал 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы – 2020» жобасының қолға алынғаны осы бір оң ниеттен туындағаны анық. Бүгінде аталған бағдарламаның іске асы­рылуына бақылау жүргізу «Нұр Отан» ХДП-ның мойнына жүктелген. Жуырда партияның елордадағы Орталық аппаратында Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсо­ва­ның төрайымдылығымен өткен Мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылау жөнін­дегі комиссияның кезекті отырысында атал­ған бағдарламаның орындалу барысы мен жай-күйі сүзгіден өтті. Бір атап өтерлігі, аталған мемлекеттік жоба әу бастан өңірлердегі кәсіпкерліктің жан­дануын, жаңа бизнес бастамаларын қолдау­ды, кәсіпкерлік секторды «сауықтыруды» сондай-ақ, кәсіпкерлік әлеуетін нығайтуды көздегендіктен туған, ал мемлекет тарапынан өз шаруасын дөңгелетуге бел буған іскер жандарға субсидия түрінде қаражат бөлінген. Дегенмен, отырыста белгілі болғаны: арнайы жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, бұл қаражат түрлі себептермен кәсіпкерлерге толықтай жетпеген. Мәселен, өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» жобасының 2 бірдей бағдарламасына мемлекет қоржы­нынан 13,8 млрд.-тан астам теңге бөлінсе, оның тек жартысына жуығы, яғни 47 пайызы ғана игерілген. Ал қалған 7 млрд.-қа жуық қаржы «желге ұшқан». Отырыста сөз алған Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ла­масы бойынша атқарылған істерді тізбектеп өтті. Десек те, комиссия мүшелерінің басым көпшілігінің пікірінше, аталған бағдарлама әлі де өз жүйесін таппаған. Мұны біреулер жергілікті жерлердегі кәсіпкерлердің кәсіби белсенділігінің төмендігімен және мемлекет ұсынған жеңілдіктерді дұрыс пайдалана ал­мау­ларымен байланыстырса, енді біреулері бұл кемшілікті бөлінген қаражаттың дұрыс таратылмауынан дейді. Сондай-ақ, қазіргі уа­қытта бағдарлама аясында аймақтарды қар­жы­ландырудың кейбір әдіс-тәсілдері қайта қаралмаған көрінеді. «Бұл шағын және орта бизнестің қаражатқа қолжетімділігін төмен­де­тіп отыр», – деді жиынға қатысушылар. «Бізді қазіргі уақытта қаржының бөлінгені емес, оның игерілмей қалуы алаңдатып отыр. Қаржының бөлінуі – бағдарламаның тап-тұйнақтай орындалғанын білдірмейді. Сон­дық­тан, қаражаттың қалай жұмсалып жатқа­ны емес, сол жұмсалған қаржының қандай оң нәтижеге алып келгендігі маңызды. Мәселе, міне, осында. Яғни, игерілген қаржы тек қағаз жүзінде көрінбей, ел экономикасына белгілі бір деңгейде пайдасын тигізуі керек. Бізге ескі кәсіпорындардың «тыныстағаны» керек емес, бізге бәсекеге төтеп беретін жаңа кә­сіпорындар керек. Осы орайда, жұмысты ши­­ратуымыз қажет. Әр мәселеге жүйелі түр­де кел­геніміз жөн. Себебі, «Бизнестің жол кар­та­сы – 2020» жобасы тек шағын және орта кә­сіпкерлікті қолдауға ғана емес, оны жаң­ғыр­туға бағытталған», – деді Гүлжан Қарақұсова. Жиын соңында түйткілді мәселелерді шешу және айқын болған кемшіліктерді жою бойынша мемлекеттік және басқа да мүдделі органдардың атына ұсыныстар әзірленді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Съезд қарауына енгізілді Кеше «Нұр Отан» халық­тық-демократиялық партия­сы­ның ор­талық бақылау-реви­зия­лық ко­миссиясының жиыны өтіп,  пар­тияның орталық ба­қы­лау-ре­ви­зия­лық комиссия­сы­ның және қар­жылық шаруа­шы­лық қызметінің 2006 жылдан бастап, 2010 жылға дейінгі ес­еп­тік кезеңінің жұмыс қоры­тын­дылары талқыланды. Жиын қорытындысы бой­ын­ша «Нұр Отан» ХДП ор­талық ба­қылау-ревизиялық ко­миссия­сы­ның есебі мақұл­да­нып, оны пар­тияның XIII съе­зінде қарауға енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабар­ла­ды «Нұр Отан» ХДП-ның бас­пасөз қызметі.

Қамқорлық көргендердің бірімін

Бұдан ұзақ жылдар бұрын от­басымызбен ауылдық жерден об­лыс орталығына қоныс аудардық. Өзім Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітап­ха­наға, жолдасым зауытқа жұ­мыс­қа орналастық. Отбасымызда үш бүлдіршініміз бар. Өзіміз жас отба­сымыз, жиған-тергеніміз жоқ. Кезінде бюджеттік мекеме қыз­мет­кер­лері санатында тұрғын үй алу кезегіне тұрғанбыз. Балала­ры­мызды сүй­ретіп пәтерден пә­терге көшудің азабын тартудай-ақ тарттық. Үй жалдаушылар да кіш­кентай балала­ры барларға онша ықыласты емес екен. Ал біздің пәтерге қол жеткізу мүмкіндігіміз азая берді. Төзім тау­сылып, шы­дам кете бастады. Қай­тып ауылға көшіп кетудің ретін тағы таба алмадық. Сөйтіп жүрген­де әріп­тес­терім «Нұр Отанға» ба­рып жо­лық­саңшы, көп адамдар көмегі ти­ді деп жүр ғой, ықпал етер мүм­кін, деп ақыл қосты. Сөй­тіп, мен «Нұр Отан» ХДП облыс­тық филиалы­ның қоғамдық қабыл­дауына бар­дым. Шыны керек, мұндай ықы­лас­ты күтпеп едім, риза болдым. Ондағылар келген мәсе­лемді мұ­қият тыңдап, қалай әрекет ету керектігін айтып, кеңес берді. Қо­сымша қажет құжаттарымды жи­нап, тапсырған соң тиісті орын­дар­ға жолдап, бақылауда ұстай­тын­дық­тарын айтты. Сөйтіп, көп ұзамай мәселенің оң шешілгені туралы хабарлады. Мұндай жана­шыр­лықты күтпеген­діктен бе, қат­ты толқыдым, қуа­нышымда шек болған жоқ. Пар­тияның ара­ла­суы­мен баспаналы болып қал­дық. Өзім білетін тағы бір деректі айта кетсем артық болмас. Менімен бірге қоғамдық қабылдауда бол­ған №1 емхананың акушер-ги­некологы Татьяна Старчаен­ко­ның да өтініші шешімін тауып, екі ба­ласын «Арман» балалар бақ­ша­сы­на орналас­тыруға партия­ның об­лыстық фи­лиалы мұрындық бол­ғанына куә­мін. Жалпы, партияның облыстық филиалында азаматтар­дың арыз-ша­ғымдарымен жұмыс істеудің тәу­ір тәжірибесі қалып­тас­қанына мы­сал жетерлік. Оны көпшілікке жеткізуді өзіме парыз санаймын. «Нұр Отан» – нағыз халықтық партия екеніне көзім жетті. Елдің қа­мын қамдап, мұ­ңын мұңдап жүрген бұдан басқа қандай партияны көр­діңіз, бәрі де құр әсіре қызыл сөзге, сылдыр саясатқа ғана құмар. Сон­дықтан, алда да биліктің партия­сы­ның биіктен көрінетініне сенім мол. Кенжегүл САЙЫМОВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Жанашырлық

Баршамызды қуантқан бір мы­сал айтсам деймін. Өткен күзден бастап жергілікті орта мектептің 9 сынып оқушысы Алмас Да­би­евтің жүзінде жабырқау, көңі­лін­де кірбің пайда болғанын көріп қабырғамыз қайысты. Күн санап еңсесі түсіп бара жатқан боз­ба­ланың денсаулығын мұқият тексерген дәрігерлер өте ауыр диагноз қойыпты. Үлкен көлемдегі ас­қа­зан леймомиомасын Алматы қа­­ласындағы онкология және радиология Қаз ҒЗИ-де шұғыл түр­де емдеу қажет болды. Уақыт пен қар­жы­ның тапшылығы Алмастың ата-анасын одан бетер жабыр­қатты. Былтырғы желтоқсанның ба­сын­да «Нұр Отан» ХДП «Тарасов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі бастауыш партия ұй­ымының төрайымы Бақытгүл Әзімхан мен Алмастың ата-ана­сы партияның аудандық филиа­лына көмек қолын созу туралы өтініш түсірді. Тез арада ауыл­дағы партия ұйымдарына, ауыл­дық округ әкімдеріне бозбаланы Алматы­да­ғы операцияға жіберу үшін қа­ра­жат жинауға көмек­тесуге шақыр­ған хаттар жолда­нып, арнайы қор ашылды. «Нұр­отандықтардың» бас­тамасымен ол жаппай ізгілік акциясына ұла­сып кетті. Сөйтіп, 15 күннің іш­ін­де 250000 теңге ақшалай қар­жы жиналып, Дабиевтар отба­сы­на тапсырылды. Қазір күрделі операция мен ем­деу курсы сәтті аяқталып, Алмас сыныптастарының ортасын­да жарқырап жүр. Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауын «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп ата­уының терең мәнін осы бір мы­сал­дан да аңғаруға болады. Рухия СӘУЛЕНОВА,  Тарасов ауылдық округінің әкімі. Ақмола облысы.

Көңіл өсірді

Мен көп жылдан бері өндіріс саласында еңбек етіп келемін. Бульдозерші ретінде мамандығым қай кәсіпорынға да қалаулы. Кейінгі кезде облыс аумағында аш­ық әдіспен көмір өндіретін «Тур­каз» аталатын ЖШС-ке қарасты жұмыс істеудемін. Берік қалып­таспаған құрылым болғандықтан кейде істе іркіліс болмай тұр­май­ды. Өкі­ніш­ке қарай, сондайда ең­бекақымыз қиылып немесе төле­нуі тоқта­тылып қиын­дық жүгі ал­дымен бізге арты­ла­тыны бар. Был­тыр сәуір, ма­мыр, маусым ай­ларына тиісті жа­лақымды мезгілінде ала алмай біраз әуреге түстім. Кәсіпорын басшылығы та­ра­пынан талап-тілегімді  елеп-ескеруге оншалықты құлық танытыла қоймағандықтан, әріптестерімнің кеңесі бойынша «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалына шағым­да­нуыма тура келді. Арада аз уақыт өтпей жатып оның қоғамдық қабылдау бөліміне шақырылдым. Мұндағы мамандар мәселе мәніне тікелей қаныққан соң өтінішімнің жеткізілетіндігін айтып, ренішімді басты. Айтқандайын, күз ая­ғын­да үш айлық жалақым толық қо­лыма тиді. «Нұр Отан»  халыққа етене жа­­қын, еңбеккерлер мұң-мүддесін қорғауға ынталы партия екеніне өмірімдегі осы бір жай арқылы көзім жете түсті. Маған көмекке келіп, қолдау көрсетілгені үшін партияның облыстық филиалына алғысымды білдірдім. Естіп, біліп жүргенімдей мұндай қамқор­лық­қа  бір мен ғана емес көптеген аза­маттар да риза. Анатолий МИНКИН, жұмысшы. Қарағанды.

Алғыс айтамын

Жеке кәсіпкерге жалданып жұ­­мыс­қа тұрған менің көңілім мұн­дағы адамға деген немқұрай­лық­тан әбден пәс болды. Ең алдымен, ондағылар маған өзара еңбек келісімі туралы құ­жаттың бір дана­сын қанша сұрасам да беруді қа­жет деп таппады. Ал одан кейінгі жерде заңды еңбек ақымды ала алмадым. Мен үшін зейнетақы мен әлеуметтік міндетті төлемдер және аударылмай қалды. Ал жұмыс беріп отырған қо­жай­­ын­дар болса, арызданып қай­да бар­саң онда бар деп кергіді. Тіпті, еңбек кітапшама жұмыстан шыққа­ным жөнінде белгі қойып беруді де қажет деп таппады. Сөйтіп, қиналып қалған шақта бір таныстарым «Нұр Отан» ХДП қала­лық фи­лиалына баруға кеңес берді. Мұн­да­ғы­лар мені жылы қа­былдап, арыз-өті­ні­шім­ді зейін қой­­ып тың­дады. Іле со­лар­дың кө­мегі­мен барлық заңды тілегім қанағат­танды­рыл­ды. Яғни, тиесілі жа­ла­қымды ал­дым, заңды төлемдер де тиісті орын­дарға аударылды. Осы жерде зейнетақы орталы­ғын­­дағы жекелеген қызметкер­лер­дің нем­құ­райлығынан зейнет­ақы­сын ала алмай келген бір ана­ның да тілегі қа­на­ғат­тан­дыры­лып, кө­ңілі көтеріліп қайт­­қанына куә бол­дым. Қысқасы, мұнда орынды өті­ніш аяқсыз қал­майтын секілді. Гүлсім Мұхамеджанова, қала тұрғыны. Семей.