03 Тамыз, 2016

ШАРАЙНА

224 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шарайна-1Кедергі келтірмеуді талап етті Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй Лордтар палатасынан Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақтан шығу үдерісіне кедергі келтірмеуді талап етті. «Премьер-министр бұл мәселені нақты әрі түсінікті етіп айтып берді, – деді Тереза Мэйдің ресми өкілі осы жөнінде. – Біздің мақсатымыз, оның табысты жүзеге асырылуы. Оған қатысты жұмыстар өз деңгейінде жүріп жатыр және ол үкіметтің назарында болады. Парламент Еуроодаққа мүшелік мәселесі туралы референдумды қолдады. Британия халқы өз таңдауын жасады, енді олардың еркін орындауға жұмылуымыз қажет». Премьер-министрдің осындай мәлімдеме жасауына Консервативтік партияның өкілі, баронесса Виткрофттың телеарнаға берген сұхбаты барысында айтқаны себеп болса керек. Ол Лордтар палатасы Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу үдерісін тежеген жағдайда, нәтижесі басқаша болатын екінші референдум өткізуге үміт байқалар еді, деген еді. Билік 20-дан астам мешітті жапты Францияның ішкі істер министрі Бернар Казнев өткен жылдың желтоқсанынан бері елде 20-дан астам мешіт пен ғибадат ету үйлерінің жабылғандығын хабарлады. Министрдің Франциядағы мұсылман кеңесі жетекшілерімен болған кездесуден кейін жасаған мәлімдемесіне қарағанда, өшпенділік пен жеккөрушілікке үндейтін адамдарға елде орын жоқ. Әйелдер мен ер адамдардың құқығы бірдей, барлығы тиісті қағидаттарды құрметтеуі тиіс. Бүгінде Францияда 2,5 мыңға жуық ислам мәдениеті нысандары бар екен. Олардың 120-сына жабылу қаупі төніп тұр. Сондай-ақ, осыдан бес күн бұрын ел үкіметінің басшысы Мануэль Вальс мешіттерді шетелдердің қаржыландыруын тоқтату мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтқан еді. шарайна-2Даулы аралға қатысты ескерту «Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қытай билігі даулы суларда кәсіпшілікпен айналысатын балықшыларды түрмеге отырғызамыз деп қорқытқан. Осы мәселеге байланысты ҚХР жоғарғы халық сотының шығарған арнайы ескертпесінде Қытайдың экономикалық аймағында заңсыз кәсіпшілдікпен айналысу заңды өрескел бұзу болып табылатыны көрсетілген. Егер олар Қытайдың суларынан кетуден бас тартқан немесе оған қайта кірген жағдайда, бұлар ерекше қылмыс деп бағаланып, олар бір жыл мерзімге дейін түрмеге отырғызу жазасына кесіледі. Бірақ, ескертпе мәтінінде даулы жер – Оңтүстік Қытай теңізінің атауы мүлде аталмаған. Қысқа қайырып айтқанда:
  • АҚШ президенттігіне Демократиялық партиядан кандидат Хиллари Клинтон өзінің бәсекелесі республикашыл Дональд Трамптан танымалдылығы жағынан 9 пайызға алда келеді. Сауалнама нәтижесі осыны көрсетті.
  • Тектоникалық жылжулардың салдарынан Австралия құрлығы солтүстікке қарай 1,5 метрге жылжыған. Табиғаттың бұл өзгерісі соңғы 22 жыл ішінде болған екен.
  • Дағыстанның Махачкала қаласындағы мейрамханада болған жарылыстан 23 адам түрлі жарақат алды. Жарылысқа табиғи газ баллоны себеп болған.
  • Болгария әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, генерал-майор Румен Радев отставкаға кетті. Оған поляк әскери ұшақтарының Болгария аспанында көрінуі себеп болса керек.
шарайна-3 Экономикалық санкциялар алынса да... Иранның рухани көсемі аятолла Хаменеи қарапайым ирандықтар әлемдік державалармен жасалған ядролық келісімдерден әлі пайда көре алмай отыр деп мәлімдеді. Бұл жерде елдің рухани көсемі келісімдерге сәйкес, ресми Теһеран өзінің ядролық бағдарламасын шектеп, Иранға салынған экономикалық санкциялардың алынғанына назар аударған. Сонымен қатар, Хаменеи санкциялардың алынғанына біршама уақыт өтсе де, ол ирандықтардың күнделікті өміріне өзгерістер әкелмегенін атап өткен. Бұған қоса, ол шетелдік компаниялар Иран экономикасына инвестиция салуға асықпай отырғанын айта келіп, АҚШ-ты «жалған уәде берді» деп сынаған. Айта кетейік, Иран президенті Х.Рухани санкциялар жойылғаннан кейін Иран экономикасы дамып, елде жаңа жұмыс орындары ашылатынына уәде берген болатын. Ұлттық келісім үкіметі құрылады Армения президенті Серж Саргсян енді бірнеше айдан соң ұлттық келісім үкіметі құрылатынын мәлімдеді. Мұны ол қоғам, билік және дін өкілдерімен кездесуінде айтты. Кездесуде Еревандағы полиция бөлімшесін қарулы топ басып алғаннан кейінгі жағдай талқыланған. «Қазіргі біздің мақсатымыз – ұлттық келісім билігін құру, ал ондағы шешімдер ауқымды келісім жағдайында жүзеге асырылады. Осы мәселелер бойынша ел конституциясына түзетулер енгізіледі», – деді президент. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, ұлттық келісім билігі өзін таппай жүрген адамның креслоға келіп отыруы үшін емес, ауқымды саяси жауапкершілікті бөлісу үшін құрылатынын да атап өтті. Ұлттық келісім үкіметін құру – оппозиция тарапынан қойылған талаптардың бірі еді. шарайна-4Мүшелікке өту өтінімін қайтарып алды Швейцария өзінің Еуропалық одаққа мүшелікке кіру туралы өтінімін қайтарып алғанын Брюссельге ресми түрде ескертті. Бұл жөнінде сыртқы істер федералдық департаментінің басшысы Б.Дидье хабарлады. «Бізде ең жақын серіктесіміз Еуропалық одақпен негіз қалаушы және екі тарапты келісімдер бар. Бірақ, біздің ол одаққа кіргіміз кел­­мейді», – деп мәлімдеді Б.Дидье Швейцариялық конфедерация құрылуының 725 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында. Бүгінде елдің федералдық кеңесі де осы таңдауға тоқтап отыр. Еуропа экономикалық кеңістігі жөніндегі мәселе бойынша дауыс бе­ру нәтижесінде 1992 жылы берілген Еуропалық одаққа кіру туралы өтінімнің күшін жоғалтқанын растау үшін бірнеше күн бұрын жазбаша түрде Еуроодақты хабардар етті. Дегенмен, швейцариялық дипломат ел үкіметі ЕО-мен екіжақты келісім жолын жалғастыруға және дамытуға ынталы екенін де атап өтті. Интернет материалдары негізінде әзірленді