03 Тамыз, 2016

Әр ұлттың жүрегіндегі әнұраны – ана тілі  

543 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
    IMG_7515 Көше жиегінде атасы, әжесі, немересі үшеуі орысша сөйлесіп бара жатыр. Өмір көрген екі қарттың мұнысы несі деп мен бірден көңілсіз күйге ендім. Өз немересінің келешегін ойламағаны қалай, ертең ол кім болмақ деген өкінішті ой өзегімді өртеді. Жас баланы ана тілі­нен біржола айырып, жат ететінін қос қария шынымен-ақ сезбей ме? Сезсе де, немересінің келешегі оларға бәрібір ме? Әсіресе, ұлттық намыс дегенді біржола ұмытқан ба? Кейбір жастан: – Өз ана тіліңді неге білмейсің? – деп сұрасаң, ол: – Өскен ортам кінәлі, – дейді беті бүлк етпестен. Мен: – Сенің мұның жай сылтау. Айналаң­дағы чешен, ұйғыр, өзбек, түрік, әзер­байжан, күрд, кәріс, неміс балаларына қарашы. Бәрі сендей ортада, яғни кілең орыс балаларының арасында өссе де, көп қабатты үйлерде тұрса да, бір-бірімен тек өз тілдерінде сөйлеседі, өз тілдерін жақ­сы біледі, – деп едім: – Бұл айтқаныңызды мойындаймыз. Олардың білетіні, үйлеріндегі ата-аналары кішкентайынан солай тәрбиелейді, – деді күмілжіп. Мен ойланып қалдым. Шынында да көп жеткіншектеріміздің ана тілін білмеуіне, шала білуіне олардың ата-анасы кінәлі. Бұған жоғарыда кел­тірген, көше жиегіндегі ата мен әженің немересімен орысша сөйлесіп бара жат­қаны бір ғана дәлел. Уызға жарымаған ондай бала ертеңгі күні елімізге жақсылық жасай ала ма? Бұл сұрақ баршамызды ойлантса керек. Өмір тәжірибесінен көріп жүргеніміз­дей, тілімізді білмегенімен бойында ұлттық рухы жоғары азаматтарымыз да жетерлік. Олардың жүрегі ұлтым, туған елім, туған жерім деп соғатынын жақсы білеміз. Сондықтан, біз орыстілді қандастарымызды біржақты кінәлаудан аулақпыз. Алайда, ана тілін білгісі келмейтін бірен-саран «шіріген жұ­мыртқаның» кездесіп қалатыны да – шындық. Оның отбасын құрған күнде де мәңгүрттер санын көбейткеннен арыға бармайтыны және анық. Ондай жанды елі бар, Отаны бар деуге болмайды. Ол өзін де, елін де біржола жо­ғалтқан адам. Онда – Отан жоқ, еш­қан­дай адами қадір-қасиет жоқ. Тілі жойылған жанның аты-жөні де, тегі де, ұлттық болмысы да жойылады. Ол – мәңгүрт. Ол еліме жақсылық жа­сайын, елімнің, жерімнің намысын қорғайын деп ойламайды. Азаматтарымыздың ертелі-кеш тын­­­­бай жұмыс істеп, бала-шағасының ертеңін, елінің, жерінің қамын ойлайтыны, артымдағы ұрпағым тілінен айы­рылып қалмаса екен деп уайым жеп, қоғамға қызмет ететіні қуантады, көңілге сенім ұялатады. Бірақ, бәріміз сондаймыз ба? Осы сұраққа мән беріп, тереңірек ойланайықшы. Тіліміздің дамып, өркен жаюына мемлекетіміз тарапынан қамқорлық жасалып келеді. Өкініштісі сол, біздер, ата-аналар өзіміз енжармыз. Аралас, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің балаларына ана тілін үйретудегі талпыныстары қандай, біздің талпынысымыз қандай? Неге біз үйімізде, көшемізде баламызбен өз ана тілімізде сөйлеспейміз? Егер осы бетімізбен ойсыз жүре берсек, тіліміз күндердің күнінде жойылып кетуі мүмкін. Құдай өзі кешірсін, бірақ мен кейде Сібірді мекендейтін саны аз, майда халықтардың кебін киеміз бе деп те қауіптенем. Ол жақтағылар өздерінің тілін біржола ұмытты. Мұндай қасіретке ұшырамауымыз үшін әрқайсымыз, әрбір ата-ана болып, өз перзентінің бай, көркем, әсем әуезді тілімізді сүйіп, кие тұтып өсулері үшін күресуіміз керек. Ол күрестің ең бастамасы – үйде баламен ана тілінде сөйлесу, оны ана тіліміздегі мектепке беру. Қазіргі қалалық балаларымызбен тілдесіп көріңізші. Жасыратыны жоқ, сөздерінің жартысы қазақша, жартысы орысша. Ана тілімізде дұрыстап сөй­лей алмайды. Келешекте олар кім болады, тағдырлары қалай қалыптасады? Олардың ұлт діліне жарымаған жат біреу болып шықпасына кім кепілдік береді? Әсіресе, ауызекі тіліміздің тынысы тарылып, жұтаң тартып, шұбарланып бара жатқанын халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы байқап, қан майдан төрінде жүргенде-ақ дабыл қағып, бәрімізді сақтандырған еді. Одан әлі жөнді қорытынды шығара алмай келе жатқанымыз жанға батады. Әдебиет пәні мұғалімдерімен, ақын-жазушылармен сөйлессеңіз, олардың жазған шығармаларын оқысаңыз, небір терең, мәнді, ойлы сөздермен ұшырасып, рухани ләззат аласыз. Сонда: «Тілімізде бұрын мен естімеген тамаша, кестелі, көркемсөздер бар екен-ау», – деп еріксіз ойға қаласыз, тамсана сүйсінесіз. Амал жоқ, «Е, мен мына сөздерді ұмытқан екенмін» деп өкінесіз. Бұл ана тілімізде көп сөйлемегендіктен келген кесел. Бұдан 30, 40 жыл бұрынғы қарт кісілердің тілінің керемет құнарлылығы, көркемдігі, кестелілігі, бейнелілігі ба­йырғы тіліміздің қайнарынан қанып ішкенінен екенін енді аңғарып жүрміз. Мұның кейбір ұшқындарын ауылдық жерлердегі ескі көз қарттардан әлі де кездестіріп қаламыз. Мойындауымыз керек, хакім Абай айт­қандай, өз қолымыздан өз ырқымыз кеткен кездерде тілімізге де көп қиянат жасалды. Әсіресе, кеңестік қызыл им­перияның кердең идеологиясы жерімізді, байлығымызды иемденіп қана қоймай, тілімізді біржола жойып жіберуді де көз­дегені анық. Соның кесірінен ма­териалдық тапшылықпен қатар, рухани жүдеп-жадаушылыққа да ұшырадық. Көркем де бай тілімізден айырылып қа­ла жаздадық. Озбыр, зор­лықшыл сая­сат келер ұрпағымыз алдындағы жауап­кер­шілігімізді де ұмыт­тырғысы келді. Қазір сол зымиян саясаттың саналарда сарқыншақ болып қалып қойған зардабын тартып та отырмыз. Мұны кейбір қандастарымыздың тіліміз не болса, о болсын деген немкетті бағыт ұстауынан да байқаймыз. Өз елін, туған тілін сүймеген өз анасын сүймегенмен бірдей емес пе? Мен өз тағдырына өзі жауапсыз, немқұрайды қарайтындардан қорқам. Қазір үш тілді білу керек деген сая­сат бой көтерді. Мен елуден астам шет мем­лекеттерде болдым. Шетелдегі қан­­дас­тарымыз балаларын атажұртқа жіберейін десе тілдері шүлдірлеп, өздері ішкілікке әуестеніп кете ме деп қорқатын көрінеді. Сондағы бір байқағаным, алпыс пайыздан кем емес әлем халқы ағылшын тілінде сөйлейді. Қайда барма, жұрт бір-бірімен ағылшынша сөйлеседі. Біз тіл білмегендіктен аудармашыға тәуелді болдық. Бұл кемшілік пе? Әл­бетте, кемшілік. Тілді біліп, барған еліңнің тарихын, мәдениетін аз-маз болса да зерттеп, жергілікті халықпен еркін шүйіркелескенге не жетсін. Өз басым ұрпағымыздың үш тілді, одан да көп тілді біліп өскенін қалаймын. Әсіресе, бүгінгі таңда ағылшын тілін білуіміздің әлем халықтары ой дүниесімен, ғылым, білім жетістіктерімен жарақтануымыз үшін пайдасы көп. Әлбетте, бұл орайда қиындықтар жетерлік. Қиындық қайда жоқ дейсіздер. Бірақ, қиын екен деп қынжылып, қол қусырып қарап отырмай, оны жеңе білуіміз керек. Қиындықты жеңбесек, көш соңында қиралаңдап қалып қоюы­мыз сөзсіз. Талантты ақынымыз Қадыр Мырза Әлидің «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» дегені де баршамызды ойлантса керек. Біз негізгі тіл өзіміздің жүрегіміздегі ана ті­ліміз екенін ешқашан ұмытпауымыз, оның еркін қанат жаюына, кедергісіз дамуына баса көңіл бөлуіміз керек. Олай етпесек, ұлттық тіліміз көлеңкеде қалып қоюы мүмкін. Өз басым үш тілді білуге қарсы емеспін, алайда, үшеуін бірдей тең дәре­жеде, қатар қоюға болмайды. Ата­заңымыздағы талап рухы да солай бол­мақ керек. Ұрпақ алдындағы біздің міндетіміз – ата-бабамыз тіліне, ұлттық тілімізге ерекше қамқорлық жасап, оның абырой-беделін әрдайым биік ұстау. Бұған мүмкіндігіміз толық жетеді деген ойдамын. Өйткені, көгімізде көк Туымыз желбіреген тәуелсіз елміз. Қазақ даласының тынысында қазақ тілінің жаңғырығы бар, қазақ даласына батыр бабаларымыздың тұлпарларының дүбірі сіңген. Сол қасиетті, киелі бабаларымыз мирас еткен ана тілімізге жүрек жылуымен қарамасақ, түптің түбінде бармағымыз түгілі башпайымызды тіс­тейтіндей опық жеуіміз мүмкін. Тіпті, маған, осы бетімізбен кете берсек, айтқан жерден аулақ, мәңгүрттене бас­таған бауырларымызбен мылқаулар тілімен ымдасып тілдесеміз бе деген де қорқынышты ой келеді. Тәуелсіздік қалғып жүрген қазақтың көңілін де, көзін де ашты. Әр ұлттың жүрегіндегі әнұраны – өз ана тілі. Тілден айырылу – құлдық психоло­гияның ең басты негізі. Тіліміз – арымыз, құдіретті бабаларымыздың аманаты екенін жүрек түбінде сақтайық. Тіліміз туралы даналарымыздың айтқан ой-пікірлеріне қабырғада ілулі тұрған жансыз суретке қарағандай қарамайық, ойланайық, ағайын... Мүслім ДАЙЫРБЕКҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері