2015 жылғы қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еуразия елдері үшін Ұлы Жібек жолының экономикасын қазіргі заманғы деңгейде қайта жаңғырту маңызды міндет болып табылады. Бұл Азия-Тынық мұхиты аймағының Еуропаға транзиттік жолын қысқарту арқылы көптеген елдердің игілігіне қызмет етеді. Біз оның енді инфрақұрылымын жасап, Тынық мұхит пен Еуропаны және Таяу Шығысты жалғастыратын теміржолдар мен автомобиль трассаларын салып жатырмыз», – деп атап өтті.
Міндеттер мен тапсырмалар
Ұлы Жібек жолын жаңғырту 2011 жылы Мемлекет басшысы алға қойған Қазақстанның «мүмкіндіктер терезесін» ашу арқылы, жаһандық күрделі үдерістер нәтижесінде пайда болған, әлемдік өндірістік географиялық өзгерістер және қосымша құн салығы салынған тауарлар үлесінің тұтыну құрылымында артуына берілген жауап ретіндегі стратегиялық тапсырма болып табылады.
Қытайдың батыс және орталық аймақтарының жылдам дамуы, олардың шығаратын тауарларының үштен бірі сұранысқа қажетті жоғары технологиялық өнімдер екендігі белгілі. Сондықтан да оны Қазақстан аумағымен трансқұрлықтық құрғақ жол арқылы жеткізу оңтайлы әрі жылдам, яғни Қытайдың шығыс жағалауындағы порттардың қашықтығымен салыстырғанда, теңіз жолдарына қарағанда жеткізу мерзімі үш есеге азаяды. Сонымен қатар, жиілігі де артады. Осыны есептей келіп Қазақстан мультимодальдық көлік дәліздерін пайдаланып жүк жөнелту мен дамытуды, сол арқылы Қазақстан аумағымен транзиттік жүктерді Қытайдан мынадай бағыттарға жібереді:
- Ресей Федерациясына, одан әрі Еуропаға қарай;
- Қорғастан Ақтау портына, әрі қарай Каспий теңізінен Әзербайжанға, одан Грузияға, Түркияға және Еуропаға;
- Иранға, Таяу Шығыс елдеріне, Үндістанға, Пәкістанға;
- Солтүстік-Оңтүстік бағдарымен Ресей аумағына, Қазақстанға, Түрікменстанға және Парсы шығанағы елдеріне.
Стратегияны жүзеге асыру
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанды логистикалық хаб етудің алғашқы стратегиялық қадамы «ҚТЖ» ҰК» АҚ арқауында еліміз халықаралық деңгейдегі көліктік-логистикалық операторға айналды. Соның нәтижесінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ көпдеңгейлі тікелей ықпалдастырылған логистикалық және тасымалдау компанияларын, көліктің барлық түрлеріне қатысты терминалдық және магистральдық инфрақұрылымды біріктірген көліктік-логистикалық холдинг атанды.
Компания стратегияда көрсетілген нақты жобалармен нарықтағы жаңа мультимодальдық қызмет түрлерін игеріп, жаңа құзыреттер мен активтерді басқарып, транзиттік мультимодальдық тасымалдау көлемін арттырғандығы байқалды. Қытай, Қазақстан, Ресей, Беларусь және Еуропа аумағымен контейнерлік тасымалдаудың бағдары мен ауқымы жыл сайын артып, соңғы бес жылда геометриялық көрсеткішпен еселеніп келеді. Мәселен, 2016 жылы осы бағдардағы контейнерлік тасымал көлемі 2011 жылмен салыстырғанда жүз есеге артты. Компания 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 800 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) контейнерге жеткізуді жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде жалпы тасымалдағы транзиттік тасымалдау үлесі 35%-ға жеткізілді. Таяу жылдары бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу көзделуде. Мұндай тапсырмаларды орындау үшін контейнерлік жүрдек пойыз қызметінің сапасын көтеру, әрбір көлік өнімдеріне жекелей көзқарас орнықтырып, көлік өнімдеріне жоғары технологиялық сапа стандарттарын енгізу міндеті тұр.
Ауқымды PR-науқаны мен компанияның көліктік-логистикалық өнімдерді ұсынудағы белсенді маркетингтік жұмыс нәтижесінде жаһандық нарықтағы жаңа ірі тапсырыс берушілер мен тұтынушылар тартылуда.
Бүгінгі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қытайдың 11 негізгі қала құрушы провинцияларынан (Чжэнчжоу, Чунцин, Ухань, Чэнду, Сиань, Шэнчжэнь, Цзянсу және басқалары) жүктерді тасымалдайды.
Жаңа инфрақұрылым – жаңа мүмкіндіктер
Инфрақұрылымдық инвестициялар тікелей және жанама түрдегі мультипликативтік тиімділікке жеткізіп, еліміздің ұзақ мерзімдік дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Экономикалық сарапшылар көліктік инфрақұрылымды капиталды тиімді пайдаланудың үш маңызды факторының бірі деп есептейді. Германия кәсіпорындарының 56%-ын өндірісті инвестициялауда шешім қабылдау мәселесі бойынша аймақаралық көлік түрлерін дамытуды 15 фактордың ішіндегі 3-ші орынға шығарып отыр.
Moody’s компаниясы мәліметіне қарағанда, инфрақұрылымға жұмсалған 1 доллар мемлекеттік капитал 1,59 доллар жеке инвестицияның мультипликативтік тиімділігіне жеткізеді. АҚШ, ЕО және Қытай дағдарысты еңсеру мақсатында инфрақұрылымды жаңғырту мен дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар қабылдады.
Еуроодақ елдері 2010-2020 жылдары аралығында осы мақсатқа 300 миллиард доллардан астам қаржы жұмсауды жоспарласа, Қытай 200 миллиард доллар, ал АҚШ пен Канада – шамамен 180 миллиард доллар қаржы құюды көздеп отыр. Қазақстанның көліктік-логистикалық саласына инвестиция тарту мен инфрақұрылымдағы ауқымды жаңғырту жұмыстары ел экономикасының мульти- пликативтік тиімділігіне жеткізіп қана қоймайды. Сонымен қатар, Еуразия құрлығындағы көлік бағдарларының архитектурасын өзгертеді. Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүктердің жаһандық логистикалық тізбегі бағдарын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз етеді.
Соңғы алты жылда Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәліздерін оңтайландырып, жақындата түсетін 1700 шақырым жаңа жол салынды. Пайдалануға берілген Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл жаңа теміржол желісі арқылы алғашқы 22 айда 15,7 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл жол арқылы белгіленген жобалау экономикалық-техникалық құжаттарға сәйкес, алғашқы бес жылда 12 мың жүк пойызы өткізілуі тиіс болса, қазірдің өзінде 8 мың жүк пойызы өткізілді. Бүгінгі таңда маңызды транзиттік желінің өткізу қабілетін арттыру үшін 111 шақырымдық Алматы – Шу екінші теміржол телімі құрылысы жүргізіліп, электрлендірілуде.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс», «Астана – Петропавл» автожол жобалары жүзеге асырылуда. Биылғы жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық автомагистралының 2787 шақырымдық қазақстандық бөлігі ашылатын болады. 2020 жылдарға дейін жалпы ұзындығы 7 мың шақырымдық автожолды қайта жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қазақстан аумағы мен одан сырт елдерде де Еуразия құрлығындағы жүк ағынын шоғырландырып, дистрибуциялық қызмет жөніндегі логистикалық орталықтарының тірек желілері салынуда. Өткен жылы компания серіктестерімен бірлесіп Астана қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «А» сыныбындағы көліктік-логистикалық орталық тұрғызды. Ол бүгінгі таңда қызмет көрсете бастады. Биылғы жылдың 4-ші тоқсанында осындай орталықты Шымкент қаласында пайдалануға беру жоспарланған. Қытайда, Орталық Азияда, Кавказда, Түркияда, Парсы шығанағы елдері мен Еуропада жүк ағындарын шоғырландыру және дистрибуциялық орталықтардың сыртқы терминалдық желілері салынуда.
Қазіргі кезде компанияның Қытайдың шығыс жағалауындағы Ляньюньган портында терминалдық инфрақұрылымы жұмыс істейді. Терминалдың қуаттылығын одан әрі дамыту үшін, Ляньюньган порты маңындағы ШЫҰ логистикалық аймағында 450 гектар жерде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның құрылысы аяқталған соң 2020 жылы 2,2 млн. ЖФЭ көлеміндегі жүкті шоғырландыруға қол жеткізіледі.
Қазақстанның шығыс және батыс қақпасын дамыту
Қытайдан Еуропаға және Орталық Азия елдеріне бағытталған барлық жүк ағындары шекарадағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да шоғырландырылады. Қорғас – Шығыс қақпасы трансқұрлықтық мультимодальдық тасымалдау жүйесінде Суэц арнасы сияқты стратегиялық рөл атқарады. Биыл «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында инфрақұрылым жүйесі мен құрғақ порт құрылысы аяқталды. Мұнда 2020 жылға қарай жүк өңдеу көлемін жылына 4,4 миллион тоннаға жеткізу ұйғарылды. Қытайдың әлеуетті инвесторлары АЭА аумағындағы өнеркәсіп орындары мен логистикалық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытуда. Алдын ала сараптауларға қарағанда, инвестиция көлемі 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде болатын түрі бар. Қазірдің өзінде Цзянсу провинциясынан жалпы көлемі 690 миллион доллар көлемінде қаржы құюды жоспарлаған 15 компания іріктелді. Олар бұл қаржыны арнайы өндіріс құрал-жабдықтарын, жүк вагондарының бөлшектерін, медициналық құрал-жабдықтарын, тамақ өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, құрылыс техникаларын шығаруға және логистика мен қоймалық қызмет түрлеріне жұмсағысы келеді. АЭА аумағында аймақтық көліктік- логистикалық хаб жасақтау үшін қолайлы экономикалық жағдайлар жасалған. Қытаймен шекарада «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) қызмет көрсетеді. Онда Қазақстан мен Қытай және үшінші елдердің азаматтары шекара арқылы еркін өтіп, жүріп тұрады. Оларға орталықта бір ай көлемінде визалық ресімдеусіз жүре алатын және өсімсіз сауда жасауға мүмкіндік берілген. ХШЫО тұжырымдамасына сәйкес, халықаралық сауда, іскерлік қатынас, мәдени және ғылыми тәжірибе алмасу, ифрақұрылымға туристік сапар жасау көзделеді. ХШЫО-ның қазақстандық бөлігін дамыту шеңберінде құны 586 млрд. теңгені құрайтын 56 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 30 объектінің құрылысы жүргізіліп, 26 нысанда дайындық жұмыстары жасалуда.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ны және «Қорғас» ХШЫО-ны дамыту іргелес аумақтың дамуына да синергетикалық нәтиже берді. Қазақстан Үкіметі 2016 жылдың соңына дейін жоғарыда аталған нысандарға іргелес 100 мың халқы бар Нұркент деп аталатын ауылдың негізінде осы аттас жаңа қаланың бас жоспарының жобасын бекітпек. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА және «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы жобаларын жүзеге асыруға құйылатын инвестицияның жалпы құны 1,3 трлн. теңгеге жетеді. Қазақстанның көліктік-логистикалық жүйесінің батыс қақпасы әрі Еуразия мультимодальдық көлік дәлізінің стратегиялық торабы ретінде Каспий жағалауындағы Ақтау және Құрық порттарының маңызы артады. Сондықтан да, олардың инфрақұрылымын дамытып, қазақстандық флотты Каспий теңізінің айдынына шығару бойынша зор істер атқарылмақ.
Ақтау портында солтүстік бағытта құрғақ жүк тасымалы үшін жүк тиеу қуаттылығын арттыруға байланысты кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын. Боржақты – Ерсай теміржолымен байланысатын магистральдық желісі бар кеме кешені Құрық портында салынуда.
Халықаралық Ақтау портын кеңейту және Құрық кеме кешенін салудың арқасында Каспийдегі жүк тиеу қуаттылығы 2018 жылға қарай 25 млн. тоннаға дейін артатын болады. «Шығыс – Батыс» трансқұрлықтық көлік дәлізінің бөлігі ретінде Каспий теңізі аймақтың транзиттік әлеуетін көтеруге және мультимодальдық тасымалды қарқындатуға зор үлес қосатыны анық.
Биыл «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың Каспийде пайдаланып жүрген 2 құрғақ жүк таситын кемесінің қатары тағы жаңа екі су көлігімен толықпақ. Теңізде трансқұрлықтық мультимодальдық тасымалға қызмет көрсету үшін 2 кеме жасауға келісімшартқа қол қойылды. 2020 жылға қарай «ҚТЖ» ҰК» АҚ флоты 20 кемені құрайды.
Теңіз бағдарларына қарағанда, құрғақ жүкке арналған көлік дәліздері Еуразия құрлығының түрлі елдері аумағынан өтеді. Көлік жүйелерін байланыстыру ортақ тұжырымдама, бизнес-модельдер және мемлекет деңгейіндегі шешімдер, нарық субьектілері мен сараптама қоғамдастығын және олардың көптарапты келісімдер мен альянстарда ресімделуін жасау үшін барлық қатысушылардың қауымдасуы және үйлестірілуі мен мүдделілігі өте жоғары болғанда ғана мүмкін.
Стейкхолдер-мемлекеттердің көлік дәліздеріндегі магистральдық және терминалдық инфрақұрылым иелерімен басқару, операцияларды үйлестіру және бірыңғай тікелей тарифтік мөлшерлемелер құру жөнінен өзара іс-әрекет етуі көлік дәліздері үшін бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан алғанда жаһандық оңтайлы жағдай туғызады.
Сондықтан «ҚТЖ» ҰК» АҚ даму стратегиясының негізгі бағыттарына мыналар жатады:
Қазақстан аумағы арқылы өтетін жаңа трансеуразиялық логистикалық тізбекті жасау үшін әріптестіктер мен альянстар құру;
Еуразия құрлығында жүктердің пайда болуы нүктесінен тұтынушыға жету нүктесіне дейінгі қызметін ықпалдастыру үшін халықаралық дәліздерді институционалды дамыту.
Ресей, Беларусь және Қазақстанның бірлесе жүзеге асырып жатқан көліктік-логистикалық компаниялар жобасы бұл тәсілдемелерді тиімді жүзеге асырудың үлгісі болып табылады. Қазақстанның транзиттік әлеуетін толықтай жүзеге асыру үшін компания Қытайдан Кавказға, Түркияға және Еуропа елдеріне бағытталған, Қытайдан Қазақстан мен Түрікменстан арқылы Парсы шығанағы елдеріне бағытталған Транскаспий бағдарын және Ресей, Қазақстан, Иран аумағы арқылы өтетін Солтүстік – Оңтүстік дәлізін дамытпақ.
Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) тартымдылығы мен тікелей тарифтік мөлшерлемелердің бірыңғай деңгейін, техникалық және технологиялық параметрлері мен тасымал шарттарын келісу жолымен жөнелтілген нүктеден бастап белгіленген нүктеге дейінгі ықпалдастық қызметімен қамтамасыз ету үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ бастамасымен ТХКБ-ның үйлестіру комитеті құрылды. Ол магистральдық және терминал инфрақұрылымы иелерінің, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Шығыс Еуропа елдері көліктерінің сан алуан түрлері тасымалдаушыларының басын біріктіреді. Сондай-ақ, трансқұрлықтық тасымал қатысушыларының саясатымен келіспеушілік және шекараны кесіп өту кезіндегі әкімшілік ресімдер, әртүрлі ұлттық реттеулермен шартталған физикалық емес кедергілерді алып тастау үшін жұмыстар жүргізілуде.
Елдің логистикалық ахуалын жақсарту
Мультимодальдық көліктік-логистикалық холдингті дамыту стратегиясын жүзеге асыру Қазақстанның халықаралық логистикалық рейтингтегі (Logistics PerformanceIndex - LPI) орнының, яғни 2014 жыл қорытындысында 160-шы орынның ішінде 88 орында болды. Қазір 11 сатыға көтеріліп 77 орынға тұрақтады.
Елде тартымды логистикалық жағдайды туғызу мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-та e-freight жүйесін енгізу, нормативтік-құқықтық негізді жетілдіру, кедендік ресімдерді оңтайландыру және құжат айналымы көлемін азайту арқылы шекарадан өтуді жылдамдату, жүктерді қадағалау бойынша қызметтер ұсынуды енгізу жағынан қыруар шаруалар істелуде.
Және де Кеден кодексіне кедендік рәсімдеу кезінде ұсынылатын құжаттарды қысқарту бойынша өзгерістер енгізілді. Көршілес мемлекеттермен кедендік бақылау үдерісін оңтайландырып, жеделдететін алдын ала ақпараттандыру жүйесі бекітілуде.
Үстіміздегі жылғы 1 шілдеден бастап кешенді көліктік-логистикалық қызметпен қамтамасыз ету үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ «кедендік декларант» қызметін орындауды бастады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның кедендік тазалау үдерісі тиімділігінің (шекаралық) рейтингі 35 деңгейге жақсарды. Көліктік инфрақұрылым көрсеткіш нәтижесінің рейтингі жақсарып 41 орынға көтерілді. Компанияның тапсырыс берушіге қолайлы жағдай көрсету мен тасымалдауды ұйымдастыру үдерісі де өрге басты. Бәсекелестікке сай бағамен халықаралық тасымалдауды тұрақты бақылап отыру мүмкіндігі жасалды. Осындай шараларды атқару арқылы Қазақстанның логистикалық тиімділік индексі жаңа деңгейге көтерілді. Нәтижесінде Қазақстанның аймақтағы логистикалық және іскерлік хаб ретінде қалыптасуына ықпал етті. Сонымен қатар, инвестициялық ахуалы жақсарды. Ендігі мақсат 2020 жылы елімізді әлемдегі үздік логистикалық ахуалы орнықты 40 мемлекеттің қатарына қосу болып отыр.
Теміржол көлігі машинасын экспорттау әлеуеті
Қазақстан Республикасының көліктік-логистикалық кешенінің бәсекелестігін көтеру мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ жылжымалы құрамды және инфрақұрылым нысандарын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асырды. Соған сәйкес, нәтижесінде компанияның негізгі активінің тозығы жетуі 80% -дан 40%-ға дейін төмендеді. Активтің берік қоры жасалды. Бұл тапсырмаларды жүзеге асыру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол машинасын жасау саласындағы әлемдік жетекші компаниялармен серіктестік орнатты. Олармен бірге өзінің жеке өндірістік қуатын дамыта отырып, жылжымалы құрамды шығарып, рельс өнімдері мен жинақтаушы құралдарын өндіруде.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ жаңадан теміржол көлігі машинасын жасау кластерін құрды. Нәтижесінде 442 миллиард теңгенің жоғары технологиялық теміржол өнімдерін шығаруды қамтамасыз етті. Аталмыш кластер қосымша құн салығы жоғары, экспорттық әлеуеті зор, қазақстандық экспорттаушылардың стратегиялық тапсырмаларды орындауына сүбелі үлес қосты. Компания зауыттарының өнімдері қазірдің өзінде Тәжікстанға, Қырғызстанға, Түрікменстанға, сонымен қатар, Әзербайжан мен Украина нарықтарына 17 млрд. теңге көлемінде экпортталды.
Бұл бағыт бойынша Иран, БАӘ, Алжир, Польша, Финляндия, Грузия, Латвия, Литва, Молдова, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Украина елдеріне өнім шығарудың алдын ала келісімін түзу және маркетингтік қызметтер жасалуда. Жалпы алғанда 2020 жылға дейін 4,2 миллиард доллар мөлшеріндегі келісімдерге қол жеткізу ұйғарылды. Бір сөзбен айтқанда, атқарылатын жұмыстар ауқымы өте көп. Әрине, ізденіс зор пайдасын беретіні сөзсіз.
Асқар МАМИН,
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті