05 Тамыз, 2016

Әулет әлеуеті

1048 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
қадырсыз-сурет Атадан балаға, одан әрі немереге ұласқан кәсіпті киелі санап жататын әулеттер бар. Бұл да болса, олардың өз кәсібіне деген адалдығы мен шексіз құрметі болар. Осындай теміржолшылар династиясының бірі Жамбыл жол бөлімшесінде еңбек етеді. Ол – Қадырсызовтар әулеті. Аталған әулеттің атасы Есебай 1930 жылы отыз жасында өзен мен жол бойын жағалағанның өзегі талмас деген қазақы қағидамен теміржолға қызметке келген. Аз уақытта әр ісіне аса тиянақты азаматты байқаған басшылық оны жүк пойыздарының кондукторы етіп бекітіпті. Қазақ даласына қара дауыл қасірет әкелген ол заманда әлеуметтік жағдай сәт сайын шайқалып, шатқаяқтап барып әрең тұратын. Осындай қиын кезеңде жүк пойыздарына жауапты болу кім-көрінгенге жүктеле бермейтін. Есебай Қадырсызов осы жұ­мысты Екінші дүниежүзілік со­ғыс аяқталғанға дейін абырой­мен атқарып, мүлтіксіз қызметі үшін бірнеше рет марапаттал­ған. Осынау 15 жылда халық аш­тық­тан қынадай қырылған ең зұл­мат нәубет те өтті. Ал соғыс жыл­да­рын­дағы теміржолдарда болған қиындықтар өз алдына ұзақ әңгіме. Тағдырдың жазуымен, соғыс аяқталар шақта дүниеден өткен Есебай кейінгі ұрпағы – жалғыз ұлына теміржолшы болуды өсиет етіп қалдырыпты. Айтан Есбай соғыс жылдары бар-жоғы 14 жасында теміржолдың ауыр жұмысына саналы түрде барып, вагон слесары болып еңбек жолын бастайды. Әке өсиетін үнемі санасында жаңғырта жүріп, ержетіп қолы ұзарғанда Мәскеудің Көлік инженері институтына оқуға түседі. Одан әрі вагон шаруашылығындағы қызметі жалғасып талай белесті бағындырған. Ел-жұртқа еңбегі сіңіп, құрметті азаматқа айналады. «Үздік вагоншы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапат­талған. Бірнеше рет қатарынан депутат болып та сайланған. Еңбек жолында көптеген шәкірттер баулып, өзінің ісін жалғастырушы буынды тәрбиелеп шығарған. Оны қазір жас буын вагоншылар жиі еске алып тұрады. Қазіргі таңда бұл отбасының 14 мүшесі отандық теміржолдың түрлі саласында талмай еңбек етіп келеді. Жалпы, теміржолшы Есебай әулетінің осы саладағы жұмыс өтілі 356 жылды құрайды екен. Мұндай еңбекқор әулет бүгінгі күнде қай отбасыға болса да үлгі. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»