Мен ұзақ жыл атамекенімнен жырақта жүрдім. Өзбекстанның Науаи облысында туып-өсіп, осы облыстағы қазақ тілінде оқытатын орта мектепте білім алдым. 1983 жылы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Содан 2005 жылға дейін Өзбекстанның Науаи облысындағы орта мектептерде оқытушы, қазақ тілінде шығатын аудандық «Кенимех таңы» газетінде тілші қызметтерін атқардым. Осы жылдар аралығында түрлі тақырыптағы өлең, мақалаларым республикалық басылымдарда жарияланып тұрды. Әсіресе, «Алтын бесік» журналында «Әлем қазақтары сыр шертеді» айдарымен жарық көрген «Қалдаш жырау» атты мақалам менің атамекенге жетсем деген талпынысымды күшейтіп, көңіліме қанат бергені әлі есімде. Сол журналды қолыма алып, өз мақаламды қадалып оқыған сәттегі қуанышым, атақонысыма деген сағынышым, туған тіліме деген сүйіспеншілігім – арманға толы жыр шумақтарымның арқауына айналды.
2005 жылы атажұртқа қоныс аударып, Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы орта мектепке уақытша жұмысқа қабылдандым. Бос орын болмағандықтан, бір жылдан соң жұмыстан шығып қалдым. Осы облыстағы білім ордаларының бірінде тағы бір жылға жуық өз пәнім бойынша дәріс бердім. Қысқасы, екі-ақ жыл ұстаздық етіппін.
Иә, жылдар жылжып өте берді. Жұмыссыздық жаныма батты. «Алдамшы елес сықылды үміт қуып» деп Қасым ақын айтқандай, жұмыссыз жүрген күндеріме, жылдарыма ішім ашиды, өкінемін.
Жуырда газеттен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар туралы оқып, білдім. Мен де Солтүстік Қазақстан облысына бару мақсатында Тараз қаласындағы жұмыспен қамту бөліміне өтініш жазып, тиісті құжаттардың көшірмелерін тапсырған едім. Бірақ солтүстіктен әлі хат-хабар жоқ. Телефон арқылы тілдескенімізде «Бос жұмыс орындарын іздестірудеміз, сіздің түйіндеме, сауалнамаларыңызды тиісті орындарға жолдадық», деді олар.
«Қимылдаған қыр асар» демекші, өзім де бекер жатпай, өз кәсібім бойынша жұмысқа орналассам деген ой-арманымды қағазға түсіріп, солтүстіктегі қазақ тілінде шығатын басылымдардың біріне жолдадым. Аудандық газеттерден, білім ордаларынан бос жұмыс орындары табылып қалар деген ой қолыма қалам алғызды. «Осындай маман қажет еді» деп ешкім хабарласпаса да, үмітімді үзгім келмейді, келер күндерге сеніммен қараймын. Өйткені, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы – маған берілген бір мүмкіндік, алға сүйреген бір үміт.
Ішкі көші-қон мәселесімен шұғылданушылармен ой бөліскенімде, олар «Осы бағдарлама арқылы өз кәсібіңіз бойынша жұмысқа орналасатындығыңызға сене беріңіз», деген еді. Лайым солай болғай!
Құттымұрат РАМАНҰЛЫ
Жамбыл облысы,
Шөлдала ауылы