Сондықтан әрбір жас облыстың өркендеуіне белсене атсалысуы тиіс
« Бүгін біз өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы айтамыз және алдағы жоспарды бірге талқылайтын боламыз. Біз үшін жаңа ізденіспен, батыл қадаммен жұмыс істеу – негізгі мәселе. Ал халық әлеуметтік-экономикалық, рухани саладағы жақсы өзгерістерді өз өмірінен анық сезінуі керек...».
Өткен жылы облысқа әкім болып тағайындалған кезінде қазақ тілінде кібіртіктеп сөйлейтін Қанат Бозымбаев арада бір жыл өткенде, міне, осылайша емін-еркін көсілген. «Маған үш ай уақыт беріңдер, содан кейін сендермен суырыпсалма ақындарша айтысатын боламын», деген қалжыңын 100 пайыз орындамаса да, жырым-жартылай «түгендей» бастапты.
Әкім өміріндегі осы бір жағымды мысал сияқты, ел өмірінде де әрбір жылдың өз тағылымы, өз тарихы болады. Ол, әрине, қоғам мен мемлекеттің өсіп, өркендеуінен көрінсе бек жақсы. Сондықтан облыс әкімінің «Біз жылдан-жылға жаңарып, жаңғырып келеміз. Тәуелсіз Қазақстанның әр жылы – бұл жаңа тарихымыздың тұтас бір дәуірі. Біз үшін өткен жыл – нақ осындай кезең болды», деуі Отан деген отты жүректен шыққан шынайы сөз деп ұғынды есепке жиылған халық.
Жыл басынан бастап-ақ өнеркәсіп өнімін өндіруде оң ырғақ қалыптасқан. Оның көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 14,0%-ға өсіп, 124,7 млрд. теңгені құрапты. Өндірістің бұл айтарлықтай өсімі облыс кәсіпорындарының өндіріс көлемдерін ұлғайту және индустрияландыру картасына енгізілген жаңа өндірістерді іске қосу есебінен қамтамасыз етіліпті.
Кен өндіру өнеркәсібінде және ашық кеніштерді игеруде өткен жылы 7,7 млрд. теңгенің өнімдері өндірілген. Өсу қарқындары фосфор шикізатын, алтын құрамды кенді, барит рудасы мен қойыртпаларын, әк тасын және гипсті, табиғи құмды өндіруді арттыру есебінен қамтамасыз етілген. Өңдеу өнеркәсібі саласында химия, металлургия өнімдерін, дайын металл, резеңке және пластмасса бұйымдарын, өзге де металл емес минералды өнімдерді, тері және соған жататын өнімдерді өндіру көлемдерін айтарлықтай арттыру есебінен өсім 13,4%-ды құрапты.
Қара металдар өндіруде ферроқорытпаларды шығарудың өсімі байқалған. Өткен жылы электр қуатын өндіру, жеткізу және таратуды 27,8%-ға өсіру есебінен электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда жұмысты және қызметті өндіру көлемдері 30%-ға өскен.
Облыстың оңды ісі бүгінде инвестиция тартумен айқындалатыны шындық. Осы тұрғыдан алғанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 140,8 млрд. теңгені, оның ішінде мемлекеттік бюджеттің қаражаты 23,8 млрд. теңгені, кәсіпорындардың өз қаражаттары 38,5 млрд. теңгені, шетел қаражаттары 40,8 млрд. теңгені және қарызға алынған қаражаттар 37,7 млрд. теңгені құраған. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялардағы мемлекеттік бюджет қаражатының үлесі 7,6 пайыздан 16,9 пайызға дейін, өз қаражаттарының үлесі 7,9 пайыздан 27,3 пайызға дейін, қарызға алынған қаражаттар үлесі 7,8 пайыздан 26,8 пайызға дейін артыпты.
Индустриялық-инновациялық даму жоқ жерде өсіп, өркендеу де жоқ. Бүгінгі таңда 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыста жалпы құны 665,5 млрд. теңгеге 22 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Өткен жылы 52,7 млрд. теңге сомасында 7 инвестициялық жоба іске қосылған. Сөйтіп 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2010-2014 жылдарға арналған 3 жаңа жобасы бар. Олар: Қаратаудағы «ЕуроХим-Удобрения» зауыты, Шу қаласындағы құс фабрикасы және «Қазфосфат» компаниясының 12 млрд. теңге тұратын күкірт қышқылын шығаратын цехы. Мұның ішінде ел көптен бері құлақтанып, жұмысын асыға күтіп отырған «ЕуроХим-Удобрения» зауытының жобасы бес жылдан бері сағыздай созылып келе жатыр. Бұл жоба туралы бұрын да жазғанбыз. Әлі де жаза береміз. Міне, облыс әкімі Қ.Бозымбаев облыс халқы алдындағы есебінде ел назарын осы жобаға тағы бір аударды. Яғни, құны 394 млрд. теңге болатын алып зауыт салып, облыс пен Қаратау қаласының 3,5 мың адамын жұмысқа тартамыз деп құлшынып отырған ресейлік аталған компания мен ел Үкіметі арасындағы келісім өзінің соңғы сатысында тұр екен. Бұған да шүкір, әйтпесе, «Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ жетпейді» дегендей, етектегі ел «Бәсе, бұл неғылған батпан құйрық, Қаратауда жатқан құйрық», деп күдер үзе бастағаны ап-анық еді.
Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай жұмыс бар облыста дейтін болсақ, баршаны «Бәрекелді!» дегізгені, өткен жылы облыстың агроөнеркәсіп саласында 8,3 млрд. теңге игеріліпті. Оның ішінде субсидиялар 1,4 млрд. теңгені құраған. Бұл орта есеппен алғанда 550 жаңа МТЗ-80 тракторының құнына тең екен. Осыдан он жыл бұрын облыстағы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны 17 болса, қазір олардың саны – 104-ке жеткен. Былтырдың өзінде жаңадан 15 шаруашылық құрылған. Биыл тағы 11 шаруашылық қосылады.
Бүгінде облыста 15 мал бордақылау алаңының жұмыс істеп тұрғанын да айта кету керек. «Меркі ет» комбинаты «Халал» стандартына сай Иран мемлекетіне қой етін экспорттауды елімізде алғаш рет жүзеге асыра бастады. Биыл «Луговой жылқы зауыты» компаниясы 30 мың бас шошқа өсіретін кешенді іске қоспақ екен.
Облыс әкімі есеп беру барысында ауыл шаруашылығына байланысты бір мәселеге көңіл аудару қажеттігін ұсынды. Облыс бойынша 887 мал дәрігері жетіспейді екен. Оның үстіне жұмыс істеп жүргендерінің 60 пайызының жасы 50-ден асқан. Демек, енді 10 жылдан кейін мал дәрігері кадрларына деген сұраныс өсе түсуі мүмкін. Сондықтан, әрбір шаруа қожалығы өз есебінен ауылдың білімді, білікті жастарын мал дәрігері мамандығын алуына қолдау көрсетсе, екі жаққа да тиімді болар еді. Әкім ұсынысы есепке жиналғандар тарапынан қолдау тапты.
Дегенмен, облыс аграршылары алдында тұрған негізгі мақсаттардың бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту. Бүгінде бұл бағытта 433 кәсіпорын мен цех жұмыс істеп тұр екен. Былтыр олар 41,3 млрд. теңгенің өнімдерін өндірген. «ПОШ-Тараз фабрикасы» топс (шүйке) өндіру жобасын іске асыру арқылы облыста биязы жүнді қой шаруашылығын дамыту үшін мүмкіндік туғызғаны да халықты қуантып отыр.
Өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 121 қылмыстық іс қозғалды. 259 құқық бұзушылық фактілері орын алды. Әрине, бұл көрсеткіш жоғары. Себебі, орын алған теріс әрекеттер міндетті түрде тіркеліп отыр. Жауаптылар қатаң жазаға тартылуда.
Облыста білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласын дамытуда да көптеген нәтижелі істер атқарылған. Алдағы уақытта да атқаратын істер де баршылық. Қылмысқа қарсы күреске қолдау көрсету басты назарда.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының белсенді жұмысына да ел разы. Бүгінде партияның облыстағы мүшелерінің саны 72 мыңнан асты.
Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету үшін облыс бюджетінен өткен жылы 45 млн. теңге бөлініпті. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 36 пайызға артық.
Облыс әкімінің жастар мәселесін басты назарда ұстауы үлгі тұтуға тұрарлық. Жастар саясатын қолдауға 89 млн. теңге бөлініпті. «Жасыл ел» жасақтары, жастардың құрылыс отрядтары белсенді жұмыс атқарған. «Асыл – тастан, ақыл – жастан», дейді халық. Жастардың қайраты мен жаңа ойлары бізге әрқашанда қажет. Сондықтан, облыс әкімі әрбір жас азамат облыстың өркендеуіне белсене араласуы тиіс деп санайды.
Халықта «Береке басы – бірлікте» деген сөз бар. Қоғам мен мемлекет үшін еңбек ету – бірлігі бар елдің көрінісі. Ынтымағы жарасқан Қазақстан – осы қасиеттің бағасын бағалай білген ел. Тәуелсіз Отанымыздың өміріндегі тарихи жетістіктерде әрбір патриот қазақстандықтың өз үлесі бар. Жамбыл облысы өзінің бай тарихымен, еңбексүйгіш адамдарымен, халықтың озық дәстүрлеріне адал болуымен ерекшеленеді.
Сондықтан ел алдында есеп беруге әрбір мемлекетшіл адам өз ісімен даяр болуға міндетті. Уәде бердің бе, ол орындалуымен құнды. Ал еңбектің әділ бағасын халық береді. Әрине, Қ.Бозымбаев бір жылда бәрін тындырды деп айтуға болмайды. Нәтижелі жұмыс істеу үшін әкім әрдайым өзіне де, басқаға да талапшыл болуы керек. Жауапкершілікпен қызмет атқаруы қажет.
Жарыссөзге облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Т.Мүсірәлиев, «Тараз металлургия зауыты» компаниясының бас директоры К. Сартаева, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, грек этномәдени бірлестігінің төрағасы Георгий Буюкиди, Тараз мемлекеттік университетінің 2 курс студенті З.Зайнулина, Парламент Мәжілісінің депутаты А.Момышев, облыстық мәслихат депутаты А. Майлыбаев шығып, Елбасының әлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асыру барысында облыста атқарылып жатқан толымды табыстарға тоқталды.
Залдың 4 жеріне орнатылған микрофондар арқылы өңір өркениетіне байланысты ой-пікірлерін ортаға салып, толғандырған сауалдарын қоюшыларға ешқандай шектеу болған жоқ. Жазбаша сұрақтар үшін жәшіктерге салынған сұрақтарға облыс әкімі 15 күннің ішінде жауап беретін болды.
Облыс әкімінің есебіне Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз.