– Көрші, қалайсың? Мен бұл үйден пәтерді үлкен жеңілдікпен сатып алдым!..
Бірде... Дәл жауап Торғайда әкем Сейіт Кенжеахметовтің анасы Сәлима әжем қатты науқастанып, нағашы жұртынан көңіл сұрап ешкім келе қоймапты. Әлдеқандай жұмыспен әкем Қамбар деген нағашысының үйіне кірсе, онда біраз нағашылары бас қосып отыр екен. Олар әжемнің жайын жамырай сұрасып, ең соңында «басын көтерді ме?» дейді. – Иә, бұрын басын өзі көтеретін еді, қазір біз көтереміз, – дейді әкем. – Ей, сен дұрыстап жауап берсеңші, тамаққа қарады ма өзі? – дейді тағы бірі. – Қарағанда қандай, біз ас ішіп отырғанда көзін алмай тамаққа қарап отырады, – дейді әкем тағы қисық жауап беріп. Сөзден сүрінген нағашылары жиі келіп тұратын болыпты. Бес қонақ пен үш қонақ 1980-жылдары әкем қасында журналистер – С.Мырқалиев, С.Шүкіров ағалармен Жангелдин ауданындағы Торғай кеңшарына барып, оларды директор Қ.Шайзин қонақ етіпті. Мезгіл наурыз айы екен. Сөз арасында үй иесі жақында бес қонақ болып, жүз бас мал шығын болғанын әңгіме қылыпты. Сонда Сейiт Кенжеахметов: – Бес қонаққа жүз бас қиғанда, осы отырған үш қонаққа бір бас қимай отырсыңдар ма? – деген екен әрі жиендігін білдіріп, әрі әзіл сөзбен қағытып. Оңай жол 1994 жылы Арқалық қаласына М.Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова келеді. Журналистер Гүлнар апайды «Арқалық қаласының құрметті азаматы атағына ұсыналық» деген өтініш айтқанымен, мұны облыс басшылары елей қоймайды. Сонда әкем: – Гүлнар апайға құрметті атақ әперудің оңай жолы бар, – дейді. – Қандай? – дейді жанындағылар. – Байқоңырдан ұшқан космонавтар ылғи Арқалыққа қонады. Ебін тауып, апайды космонавтар кемесіне отырғызып жіберсек, оған қонған бетте «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атағы беріледі. Шындығында, солай екен. Қаланың құрметті азаматы атағы тек Арқалыққа келген космонавтарға ғана беріледі екен де, жергілікті азаматтарға сирек бұйырады екен. Әкем соны меңзесе керек. Құйып жіберіңізші Бір кісінің «арақты қойдым» деп ант ішіп, он-он бес күннен кейін қайта бастайтын әдеті бар екен. Бір тойда «көңілденіп» алған ол әкеме келіп, «осы арақты қойғым келіп жүр» дейді. Мұнысы жай сөз екенін білетін әкем: – Жоқ, арақты қойма, – дейді. – Неге? – дейді түсінбей қалған әлгі кісі. – Себебі, «Көппен ішкен мас болмас, жалғыз ішкен ас болмас», «Жаман жігіт жолдасын жолда қалдырады», «Жақсы арақ қалғанша – жаман қарын жарылсын», «Торғай суы «тойғанның» тобығынан келмес, Сыр суы сирағынан келмес», «Арақ ішпеген еркектен без, шарап ішпеген әйелден без», «Жұтып жүрген жұтамас», «Жүрген аяққа жүз грамм ілінеді», «Арың төгілсе де арағың төгілмесін», «Жаман жігіттен жарты стакан арақ қалады», «Тобылғы торы коньяк, ішпесең оны тағы ұят» деген, – деп әкем шұбырта жөнелгенде, елігіп кеткен әлгі сабаз: – Аға-еке-ай, жүз грамм құйып жіберіңізші, – депті. Зәмзәгүл КЕНЖЕАХМЕТОВА АСТАНА *Мысал-мысқыл Бәтеңкенің бауы – Қоңылтаяқ жүр едік, Жағдай енді дұрысталды! – Деп бастығымыз Бәтеңке Бір Жіпті жұмысқа алды. – Түсінбедік түкті, Жұмысқа алғаны несі, Жіпті?! – Деп бәріміз Шығарып ек дау. – Бұл жіңішке жіп емес, Бәтеңкеге бау, Дені-басы сау! – Деп Бәкең бастық Ашуға басу айтты. Ау, Бұ неғылған жағымпаз бау? Бәтеңке жайлап жүрсе, Бұл да жайлап жүреді. Бәтеңкені біресе шешіп, Біресе байлап жүреді. Күндердің-күнінде Бәтеңкенің сірі кетіп, Табанының бүрі кетіп, Орнынан Түскен еді босап қалып... Байғұс Бау да «Бәтеңкемен» бірге кетті қосақталып. Көпен ӘМІРБЕК АСТАНА БІЗДІҢ... Біздің биліктегілер табағындағы «шұрайлы» тамағын тауысып жемес бұрын, «қоқыс» жәшіктегі қалдық тамақпен күн көріп жүрген жұмыссыз пақырларды да ескергені жөн. *** Біздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің керемет жетістігі – халыққа бір елдің «самопал» колбасасын жегізіп, бір елдің соядан жасалған сүтін ішкізіп «тойындыруы»! *** Біздің келіп-кетіп ауысып жатқан Білім және ғылым министрлерінің кіргізген жаңалықтары нәтиже бергені сондай, бұл саладағылар қазір оқу деген не, білім деген не, ғылым деген не екенін ажырата алмай бастары қатуда! *** Біздің денсаулық сақтау саласының «сақтағыштығы» сондай, дені сау бір адам жоқ! *** Біздің министрлерге сұрақ берсең, олардың жауабынан кейін, қандай сұрақ бергеніңді өзің ұмытып қаласың. *** Абай айтқандай, біздің қоғамдағы «егіннің ебін, сауданың тегін» тапқандарға барлық жағдай жасалып, кішкентай дүкеннен бастап алып зауыт пен фабрика, банк ашуға мүмкіндік берілген. Тіпті, пара мен жемқорлыққа да «жеңіл жолдар» қарастырылып, кең қанат жаюына «қомақты қолдау» көрсетілуде. Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ АЛМАТЫ Ауылдың айтқыштары Бисен Жаңбырбаев – өмірден өткен маңғыстаулық аяулы, аузы дуалы ақсақалдардың бірі. Ол Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Маңғыстау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығы қызметін үлкен абыроймен атқарды. Бисекеңнің ерекше бір қасиеті – сөзге шешен, ойланбай айтатын. Әсіресе, ол әзіл-қалжыңның ұстасы еді. «Сәлемдесетін боласың» Бисекең аудандық тұтыну қоғамын басқарып жүрген шағында былайғы уақытта көп сәлемдесе бермейтін бір құрдасы келеді. Ол екі қолын бірдей ұсынып, айқайлап тұрып сәлемдеседі. Сосын ол: «Келін түсіріп едім, енді құдалыққа бір кілем, «тәтті арақ», үнді шайы болса, қоймаңа мысықтың тіліндей «тәртіп» қағаз бермейсің бе?», – дейді. – Е, сен де көп келмейтін адамсың, болады ғой, – деп қағазды қолына ұстата салады. Әлгі адам оқып қараса, «арақ» деп жазылған екен. – Ойбай, Бисеке, кілем мен шай қайда? – дейді. Сонда Бисекең: – Тағы да болар, енді келгенде құшақтасып көрісетін боламыз, әйтпесе, сенің сәлемдеспей өте шығатының бар, – деп ұялтқан екен. «Ол да бізге бөтен емес...» Бірде қонақта отырғанда облыс орталығынан келген өкіл Бисекеңнің аты-жөнін шатастырып, «Жаңбырбай» дей беріпті. Сонда отырғандардың бірі: – Жаңбырбай деген әкесінің аты, бұл кісінің есімі «Бисен» депті. Ал Бисекең болса күлімсірей түсіп: – Шырағым, айта бер, Жаңбырбай да бізге бөтен емес, ағайындығында кемі жоқ, – деген екен. «Сіздің ізіңізбен келдім...» Бірде аудандық партия комитетінің хатшысы әлдеқандай жағдаймен тұтыну қоғамының кеңсесіне келеді. Сағат тоғыздан кеткенше ешкім келе қоймайды. Біраздан соң Бисекеңнің өзі бірінші болып көрінеді. – Адамдарың қайда, тәртіп қайда? – деп хатшы ұрса бастайды. Сонда Бисекең: – Мен сіздің ізіңізбен келіп тұрмын ғой, – депті. Хатшы «сөзің бар болсын» деп күліп жіберген екен. «Обкомның сары айғыры...» Облыстық партия комитетінің бір басшысы аудандарға шыққанда қасына оншақты адам ертіп, жұрттың берекетін алады екен. Сонда Бисекең: «Оншақты биені ертіп жүретін жылқының айғырын көруші едік, енді оншақты тай-тананы ертіп, бір үйір болып жүретін обкомның сары айғырына тап болдық-ау!», – деп көпті күлдірген екен. «Рөмкесі тәртіпті екен...» Сыйлы қонақта арақты көбірек сілтеп бір жігіт құлап қалады. Сонда Бисекең: «Өзі кескен теректей сұлап жатыр, ал рөмкесі тікесінен тік тұр, оның тәртібі иесінен жақсы екен», – депті. «Көрпе не үшін керек?» Бірде адайдың көрпе деген руынан тарайтын бір құрдасы ылғи «дефицит» заттарды термелеп, келін түсіріп, құдалыққа, китке деп қажеттілерді сұрап келеді. «Ондай заттар әлі келе қойған жоқ, қазіргі жағдай өзіңе де түсінікті ғой...», – деп Бисекең екі қолын жайып отыра береді. Сонда әлгі құрдасы жатып кеп тулап, Бисекеңді балағаттайды. Сосын ол есіктен шығып бара жатқанда Бисекең: «Әй, жарқыным, сәл тұра тұршы», – дейді. Анау «Е, жібіген екен», деп кейін бұрылады. Сонда Бисекең: «Сен маған мынаны айтшы, осы көрпе не үшін керек?», – деп сұрайды. Руы көрпе құрдасы еріксіз күліп, «Әй, сөзің бар болсын»,– деп шығып жүре берген екен. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы Өзін өзі құттықтау Сауықбайдың ер жасы елуге келгенде тойына бірге өскен достары, туған-туыстары, өзіне «ләббай, тақсыр» деп тұратын бүгінгі жұмыстастары немесе өзі «ләббайлап» құрақ ұшып қарсы алатын көкелеріне дейін келді. Той барысында Сауықбайды мақтағанда жер-көкке сыйғызбады: одан адал, одан шыншыл, одан білімді де іскер адам жоқ болып, сөйлемеген адам қалмады. Сауықбай ойланып қалды. Содан кейін қорытынды сөзді өзі алып: – Сауықбай, сені елу жасқа толуыңмен құттықтай отырып, «шын жүректен шыққан сөзімді» ақтарғым келеді, – деді ол өзіне өзі тілек айтып. – Жаңа кішкентайымыздан бірге өскен кластастарымның бірі Сауықбай жасынан алғыр еді деді. Мұнысы шіли өтірік. Менің алғыр болған ештеңем жоқ. Сабақты да келістіріп оқымадым, төбелестің ортасында жүретін ауылдың «сәні» болдым. Қуаныш апай: «Сен адам болсаң, мұрнымды кесіп берейін», деп отыратын. Оның мұрны сау, демек, менің адам болған түгім де жоқ. Он жыл бірге оқыған Қыдырдың сөзі, тіпті, шындыққа жанаспайды. Ол: «Сауықбай айтса, оныкі шын, немесе шындыққа жақын», деді-ау. Менің шындық айтып жүрген ештеңем жоқ. Шындықты айтқан болып көлгірсіп сөйлеймін, арғы ойым – қайткенде біреуден пайда табу. Жаңа курстастарым: «Сауықбай курстың лидері болды, қыздардың бәрі ғашық еді», деп соқты-ау. Қайдағы лидер? Лидер болсам, ана жоғарыда жүрер едім ғой. Қыздар ғашық болса, қырыққа дейін «отырып» қаламын ба? Ана нағашым дұрысын айтты. Әкесінің арқасында кішкентайынан ерке болып өсті деді. Үйге келген қонақтардың бас киімін горшок қылатын еді деді. Бұл рас. Үйге келген қонақ қолыма қыстырып жатқан ақшаны азсынып, тағы сұрап алатынмын. Бермесе, бас киімін тартып алып қашып, білгенімді істейтінмін. «Мизерлетіп» отырған қонақтарды орнынан тұрғызып, көрпенің астын тазалап шығатынмын. Жаңа бір «мықтың» Сауықбай өзінен кейінгілерге қамқоршы, білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп отырады деп соқты. Бөліскен ештеңем жоқ, менен жақсы білетіндерге «Маған білгішсымақтар керек емес, маған энтузиастар керек» деген Монтескьенің сөзін алға тартып, өзімнен білімі жоғарыларға күн көрсетпедім. Ақыры, олар өз еріктерімен жұмыстан кезекпе-кезек кетіп отырды. Мен туралы біреулер тамыры тереңге тартылып, жапырағы жайқалған отағасы деді. Тамырым тереңге тартса тартқан шығар, өйткені, бұған дейінгі екі әйелімнен екі-екіден төрт бала бар. Менің бүгінгі той тойлағаным, оларға жағып отыр дейсің бе? Ал енді бүгінгі мына тұрған әйеліме жағынбағанда не істеймін? Жаңа менің орынбасарым мені іскер басшы деп мақтады. Менің іскерлігім сол орынбасарымның арқасы. Өйтіп ол өтірік көлгірсімесін. Жұрттың бәріне мені ешқандай жұмыс істемейді, бәрін өзім атқарып жүрмін деп жайып жүр. Маған адал орынбасар болса, сол сөзді сыртымнан айтқанша, неге жаңа көзімше айтпады? Әншейінде сен сондайсың деп бетіме басатын ана жеңешем бәрін біліп отырса да ештеңе дей алмады. Өйткені, оның өзім сияқты баласын төрт жыл сүйрелеп жүріп оқыттым. Енді тек сол ініме менің жолымды бермесін деп тілеймін. Сауықбай, сен олардың сөзіне сенбе. Маған сен: тән сенде болғанымен, жан менде! Ал, құрметті жиналған қауым! Менің сіздерді ренжітейін деген ойым жоқ. Елуге толып жатқан мені қолдап айтқан жылы сөздеріңіз үшін көп рахмет! Тек асыра мақтамасаңыздар екен! Бердібай КЕМАЛ АҚТӨБЕ Студеттік "сүр" сөз Әке-шешесі студент баласына былай деп телеграмма салады: «Емтихандарыңды қалай тапсырдың? Жауап күтеміз». Баласынан: «Емтихан ғажап өтті. «Ғажаптығы» сондай, оқытушыларым күзде тағы да қайта тапсыруға жылжытты...» деген жауап келеді. * * * – Студент балаңыз қолайлы жатар орын тапқан шығар? – Айтуы бойынша, өте қолайлы көрінеді. Тұрақтаған орны сыраханадан екі минуттық, ана танысқан қызынан үш минуттық, ал оқу орнынан кемінде бір сағаттық жаяу жүріп өтетін жерде екен. * * * Профессор тіл мамандығынан бірнеше рет сынақ тапсыра алмаған студентіне: – Өзің де есеңгіредің, мені де шаршаттың! Шырағым, соңғы сұрағым болсын, осы студенттердің ең көп айтатын екі сөзден құралған сөйлемді айтшы? – дейді. – Білмейді екенмін. – Дәл өзі! Тапсырды деген осы!.. * * * Профессор этикадан сабақ өткізіп отырып: – Шырақтарым, егер сендер қыздың ұятты жеріне жабысқан жапырақты көрсеңдер, оған оны тұспалдап айтып жеткізулерің керек. Мәселен былай деп: «Қарындас, сіздің иығыңыздан төменде жапырақ тұр» деп. Сонда қыз иығынан бастап қарап, төмендегі жапырақты көреді, – дегенде, бір студент қол көтеріп: – Ағай, сіздің галстугіңіздің ауы ағытылып кетіпті, – деген екен... Мүйісті жүргізетін Берік САДЫРЖаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше