13 Тамыз, 2016

Бүгін – Ниджат Рахимов пен Бақтияр Тайжанның туған күні

513 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13-08-16-ragimov

Бүгін, 13 тамыз күні Қазақстан құрамасына Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындарда алғашқы алтын медальді алып берген ауыр атлет Ниджат Рахимов 23 жасқа толып отыр. Осы Риода күнделікті болып жатқан бар жаңалықты «Егемен Қазақстанға» жолдап тұрған арнаулы тілшіміз Бақтияр Тайжан да бүгін сол жақта туған күнін тойлап жатыр. Еске сала кетейік, Ниджат Рагимов тамыздың 11-іне қараған түні Ойындардың ауыр атлетика турнирінде 77 кг салмақта сынға түсіп, қоссайыста 379 кило алуымен чемпион атанған еді. Ол жұлқа көтеруде 165 кг салмақпен үшінші орын алса, серпе көтеруде 214 кг салмақпен өзінен кейінгі Қытай атлеті Люй Сяоцзяньнан 12 кг алға кетіп қалды. Бұл спортшы да жиынтығында 379 ұпай жинады. Бірақ жеке салмағы қазақстандықтан ауыр болғандықтан, екінші сатыда қалып қойды. Ниджаттың осы алтын медалі шынында Қазақстан үшін нағыз ақжолтай табыс болды. Осының артынша құрама қоржынына екінші «алтын» түсті. Оны жүзуші Дмитрий Баландин әкелді.

13-08-16-bahtyar_taijan

Ниджаттың осы толағай табысын елге алғашқылардың қатарында қуана хабарлағандардың бірі де біздің арнаулы тілшіміз Бақтияр Тайжан болды. Енді оның өзіне келсек, 2000 жылдан бері «Егемен Қазақстан» газеті сарбаздарының қатарында еңбек етеді. Арасында бірер жыл облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетін басқарғаны болмаса, негізінен табан аудармай, ұзақ жылдардан бері бас басылымның Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып келеді. Ол 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарынан бастап, басылым атынан Лондон, Бейжің Олимпиадаларына барып қайтты. Енді, міне, Алла тағала оған кезекті туған күнін алыстағы Бразилия жерінде қарсы алуды нәсіп етіпті. Біз екі туған күн иесін де өмірлеріндегі осы айрықша кезеңмен шын жүректен құттықтаймыз. Екеуіне де өздері қызмет атқарып жүрген салада табысқа жете беруге тілектестік білдіреміз. Ең бастысы, қашанда бастары аман, бауырлары бүтін бола берсін. Руслан ИГІЛІК