16 Ақпан, 2011

Абақтыда аласармаған арман

412 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақтың арғы беттегі үл­кен жазушысы Қажығұмар Шабданұлы дүниеден өтті. Қазақтың тауқыметті ғұмыр кешкен, неше сан азап көрген, тағдыры өте ауыр жазушыларының бірі Қажы­ғұмар Шабданұлының қазасын естіп, қатты қамығып, қайғырып отыр­мын. Шын мәнін­де де оның өмірі аянышқа толы әрі мағыналы өмір. Ол кісі көзі жұмыл­ғанға дейін атажұртын зарыға аңсап өтті. Соны­мен бірге, ол өмір бойы өзі арғы бетте жүрсе де бергі беттегі, үлкен жұрттағы үйелмен қазақтың тәуелсіздігін аңсап өтті. Өзі қиын-қыстау күн кешсе де ғасырлар бойы аңсаған арманға Алашым жетсе екен деді. Қай­ран Қажекеңнің сол риясыз тілегін, үлкен жүре­гінің мінажатын Алламыз қабыл қылып, Қазақ елі бостандыққа жетіп, тәуелсіздік алғанда, соған түрмеде жатып ақсар­бас айтып қуанған да осы ағамыз болатын. Бірақ, сол тәуелсіз қазақ елін өз көзімен көре алмады. Атамекенді аңсап, армандаумен аһ ұрып  өтті. Жан дүниесі күйзелді, шығармашылық азабын мың еселеп тартты. Қажығұмар ағамыз Кеңес өкі­метінің қысымынан Қытайға ауып кеткен Алаштың тағдырын айшықтап, көркем кестеге түсірген, сол жақтағы қазақтардың қилы қатпар­лы тарихын қат-қабат етіп жазған маңдайалды жазушылардың бірі ғана емес, бірегейі еді. Ол кісінің «Пана» деген романын мен өзім арабша төте жазудан өзіміз тұтынатын жазу­ға көшіріп, тұңғыш рет Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдас­тығы арқылы жарық көруі­не қол­ға­бысымды тигізіп едім. Содан кейін, өмірінің басты еңбегі, хал­қына қалдырар ең үлкен мұрасы бо­лып табы­ла­тын алты  томдық «Қылмыс» ро­ма­ны жазылып, оның қолжазбасы нешетүрлі мехнатпен атамекенге жеткізілген-ді. Ол да өткен жылы Қазақ­станда жарық көріп, тұсаукесері өтіп, ол рәсімге жазушының Ал­матыдағы қызы қатыс­қан болатын. Мұнда жетуге ұшарға қанат болмай зарыққан жазу­шы сол еңбегінің шыққан хабарын естіп, қуанғанын да естіген едік. Бұл роман­дар­дың жарыққа шығуы да Тәуел­сіз­дігіміздің арқасы екендігі анық. Оны Қажекең де түсініп, ашық айтып, ризашылығын білдірді. Ағаның ең үлкен арманы атажұртты көру еді. Көзімнің соңғы бір тамшысы атажұрттың топырағына тамса, дүние­ден армансыз өтер едім дейтін де тілегін білеміз. Бірақ ол шекарадан өтіп, атажұр­ты­на келе алмады. Әл­бетте, оның саясатқа тірелетін неше түрлі себептері бар. Мен Қажығұмар Шабданұлы түрме­де жатқанында мынадай өлең жазған едім. Тағдырдың қилы-қилы жазуы бар, Ірісі сол жазудың Қажығұмар: Абақтыда – марқайды Абақтыда – қартайды. Абақтыда – бел жазып, Абақтыда – жантайды... Абақтыға апарып, Қамағалы қапа ғып, Шыққан ізі жоқ әлі, Кірген ізі ап-анық. Бұл өлеңді мен көзінің тірісінде жазғам. Осы өлең бір адамдардың көмегімен түрмеде жатқан Қажығұмарға табысталған. Сонымен бірге, мен Қажығұмар туралы «Тас бесік» деген поэма жаздым. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған осы дастанды да Қажығұмар өз көзімен көріп, оқып, риза болған екен. Ал енді өз басым Қажығұмарды көре алған жоқпын. Бір кезде Қытайға барғанымда, кезіксем деп талап қойған едім. Бірақ бұл мақсатым орындалмады. Сөйтіп, ол кісінің де, менің де көкейімде бір-бір мұңлық арман қалған болатын. Кеше арғы бетте өмір бойы азап арқалаған, өмір бойы атамекенін аңсап өткен сол үлкен жүректі аяулы жазушының қайтыс болған хабарын естідік. Тағ­дыр­дың басқа салғанына, Алланың жазғанына қолдан келетін қайран жоқ. Өзі кетсе де көзіндей болып шы­ғар­малары қалды, олар атажұртқа адаспай жетті, қа­лың алашпен табысты. Бар дәтке қуаты­мыз осы. Қажы­ғұ­мар­дың бір бақыты, ең үлкен бақыты да осы. Аға­мыздың жатқан жері торқа болсын. Ол жақтағы ағайын-туғандарына, жолдас-жораларына, қаламдас достарына шын жүрегімнен егіліп тұрып көңіл айтамын. Жәркен БӨДЕШҰЛЫ, ақын, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты.