21 Тамыз, 2016

Волейбол. Қазақстан жарысқа Катардың орнына қатысады

884 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
21.08.2016 AST Волейболдан Қазақстанның ұлттық құрама командасы 22-28 қыркүйек күндері Таиландтың Накхонпатхом қаласында өтетін Азия кубогы турниріне дайындалып жатыр. Бұл турнирге Қазақстан құрамасы Катар командасының орнына қатысады. Оған турнирдің ережесіне сәйкес, былтырғы Азия чемпионатында алғашқы 8 орынды алған командалар шақырылған болатын. Азия додасында Катар 8-ші орынды, ал еліміздің ұлттық құрамасы 9-шы орынды иеленген еді.  Бірақ, Катар елі турнирге қатысудан бас тартқан соң, волейболдан Азия Конфедерациясының (AVC) шешімімен оның орнына Қазақстан құрамасы қатысатын болды. Азия кубогы турнирі 2008 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Аталған турнир соңғы рет 2014 жылы Алматыда өткен болатын. Сол кезде отандастарымыз үшінші орынды иеленген. Ал биылғы сында еліміздің бас командасы  «А» тобында Таиланд, Қытай және Қытайдың Тайпей жасақтарымен бірге ойнайды. Қазақстан құрамасы топтық турнирдегі матчтарын бірінен соң бірі өткізеді. Яғни, 22 қыркүйек күні Қытай командасымен, 23 қыркүйекте Қытайдың Тайпеймен, 24 қыркүйекте Таиландпен кездеседі. 26 қыркүйекте ширек финал, келесі күні жартылай финал болады. Ал финал 28 қыркүйекте өтеді. Дастан КЕНЖАЛИН Фото: Қазақстан волейбол федерациясы