22 Тамыз, 2016

Шахмат. Әлем чемпионы Динара Сәдуақасоваға 1 млн. теңге беріледі

364 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
22.08.2016 Dinara Saduaqasova-1 Қазақстан шахмат федерациясы Үндістанның Бхуванесваре қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатын жеңіп алған Динара Сәдуақасоваға 1 млн. теңге сыйақы табыс етеді. Бұл сында Динараның өкшесін басып келе жатқан ресейлік шахматшы Динара Дорджиева соңғы партияда үнді Дария Парналиді жеңе алмай, тең ойнады. Динара Сәдуақасова да соңғы ойынында Моңғолияның өкілімен тең түсті. Ресейлік шахматшының тең ойыны қазақ қызына әлем чемпионы атануға мүмкіндік берді. Сөйтіп, 19 жастағы отандасымыз әлемдік додада 13 турда 9,5 ұпайы жинап, чемпион атанды. Екінші орынды үнді Пиви Нандхидха, үшінші орынды ресейлік Дорджиева иеленді. Осы додада жасөспірімдер арасында 16 жастағы америкалық Джефери Сюн бас жүлдені жеңіп алды. Бүгін Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есенов Динара Сәдуақасоваға құттықтау хатын жолдады. Онда: «Сізді барлық қазақстандықтардың, шахмат федерациясының және өзімнің жеке атымнан жеңісіңізбен құттықтаймын. Қазақстан шахмат федерациясы сізге әлем чемпионатында жеңіске жеткеніңіз үшін 1 млн. теңге көлемінде сыйақы беру туралы шешім қабылдады. Әлем чемпионатын жеңіп алу - Қазақстан шахматының үлкен жетістігі. Сізге жаңа жеңістер тілеймін. Алдағы кезде де еліміздің намысын халықаралық аренада лайықты қорғап жүре беруіңізге тілектеспін», делінген. Дастан КЕНЖАЛИН ???????????????????????????????????? Фото: Қазақстан шахмат федерациясы