Өтүкенге халықаралық экспедиция басталды
Моңғолияда Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO), Моңғолия Ұлттық ғылым академиясы және «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің ұйымдастыруымен «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпелілерінің тарихи-мәдени қазыналары» атты халықаралық экспедиция өз жұмысын бастады. 20-27 тамыз аралығына жоспарланған айтулы шараның әр күні түбі бір түркі халықтарының тарихы үшін айрықша жаңалықтар мен тың деректерге толы.
Апта бойы жалғасын табатын алқалы жиынның шоқтығы 24 тамыз, яғни ертең «Шивээт улаан» көне түркі ғұрыптық кешенінде «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәдени үндестіктер» деген атаумен өтетін II түркі-моңғол археологтарының дала семинары болмақ. Онда Түркі академиясының арнайы жобасы аясында жүргізілген қазба жұмыстарының қорытынды нәтижелерін жұртшылық назарына тұңғыш рет ресми түрде таныстыру жоспарланған. Айта кетейік, қазба жұмыстары нәтижесінде Шивээт улаан алаңындағы Мәңгітас тұрған тұғыр маңынан көне түркілердің алғашқы мүсіндері табылған еді. Түркі дүниесі үшін мұндай ерекше мәні бар жаңалықтарға куә болу үшін Еуразия кеңістігін еркін жайлаған ежелгі түркілердің бүгінгі жалғасы Қырғызстан, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан, Тыва және Ресейден түрколог ғалымдар мен бірқатар БАҚ өкілдері қатысуда. Айтулы шараға «Қазақстан» ұлттық арнасы ақпараттық қолдау көрсетіп отыр.
Әлемнің әр түкпірінен ұшып келген экспедиция мүшелерін ұйымдастырушылар Ұлан-Батырдағы Шыңғыс хан әуежайында күтіп алды. Түс ауа олар «Көшпелілердің дәстүрлі медицинасының даму сатылары» атты халықаралық конференцияға қатысты. Моңғолия дәстүрлі медицина музейінде өткен бұл шарада ертедегі түркілер заманында қолданылған ем-дом шаралар мен дәрі-дәрмектерді жасап шығару ісі және оларды пайдалану ерекшеліктері сөз болды. Аталған музейде ежелгі дәуірден бүгінгі кезеңге дейін қолданыста болған медициналық дәрі-дәрмектер мен құрал-саймандардың алуан түрін көруге болады. Алқалы жиын барысында Моңғолия Ғылым академиясының академигі, Моңғолия дәстүрлі медицина музейінің басшысы Далантайн Цэрэнсодном осы маңызды жиынды ұйымдастырған Халықаралық Түркі академиясына ризашылығын білдірді. Жиынға жеті мемлекеттен 40-қа жуық ғалым келді.
Сондай-ақ, конференцияның екінші күнінде экспедиция мүшелері үшін Ұлан-Батыр қаласынан 55 шақырым қашықта жатқан көне түркі жазба ескерткіштерінің елеулісі болып табылатын Тоныкөк бітіктасы мен Шыңғысханның алып мүсіні кешеніне танымдық сапар ұйымдастырылды. Экспедиция мүшелеріне ескерткіштерді таныстырған түркітанушы Н.Бәзілхан мұндай шараның түбі бір тарихымызды тануда, туыстығымызды жаңғыртып, ынтымақтастығымызды арттыруда маңызы зор екенін айтты.
Ал Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Археология институтының директоры Айрат Сыдықов түркі халықтарының тамырын танытып, тұтастыққа шақыратын мұндай көне жазба ескерткіштерді көздің қарашығындай сақтау қажеттігін ескертеді. «Қазір осы таңбалы тастар Моңғолия жерінде жатқанымен, бұл біздің батыр, баһадүр бабаларымыздың көзі. Түбіміз осыдан тарайтындықтан оның мейлінше дін аман сақталуына түркітілдес халықтардың әрбір өкілі жауапкершілікпен қарауы тиіс» деп атап өтті ол. Танымал түркиялық ғалым Ахмет Ташағыл бұл пікірді қолдайтынын білдірді.
Біз халықаралық экспедицияның жасаған жұмысы мен атқарған шаруалары жөнінде алдағы уақытта жан-жақты хабардар етіп отыратын боламыз. Бірқатар ауқымды шаралар бар. Атап айтқанда, Шивээт улаан кешенінен басқа Мойыншор, Күлтегін кешенін аралап, Боғда хан мұражайы мен Моңғолия ұлттық музейінде дөңгелек үстел өткізіледі деп жоспарланған.
Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан» –
Моңғолиядан