ЖҮЛДЕЛЕР ЖИЫНТЫҒЫ
| № | Құрамалар | Алтын | Күміс | Қола | Барлығы |
| 1 | АҚШ | 46 | 37 | 38 | 121 |
| 2 | Ұлыбритания | 27 | 23 | 17 | 67 |
| 3 | Қытай | 26 | 18 | 26 | 70 |
| 4 | Ресей | 19 | 18 | 19 | 56 |
| 5 | Германия | 17 | 10 | 15 | 42 |
| 6 | Жапония | 12 | 8 | 21 | 41 |
| 7 | Франция | 10 | 18 | 14 | 42 |
| 8 | Оңтүстік Корея | 9 | 3 | 9 | 21 |
| 9 | Италия | 8 | 12 | 8 | 28 |
| 10 | Австралия | 8 | 11 | 10 | 29 |
| 21 | Өзбекстан | 4 | 2 | 7 | 13 |
| 22 | ҚАЗАҚСТАН | 3 | 5 | 9 | 17 |
| 31 | Украина | 2 | 5 | 4 | 11 |
| 38 | Грузия | 2 | 1 | 4 | 7 |
| 39 | Әзербайжан | 1 | 7 | 10 | 18 |
| 40 | Беларусь | 1 | 4 | 4 | 9 |
| 42 | Армения | 1 | 3 | 0 | 4 |
| 58 | Тәжікстан | 1 | 0 | 0 | 1 |
| 69 | Литва | 0 | 1 | 3 | 4 |
| 78 | Молдова | 0 | 0 | 1 | 1 |
| 78 | Эстония | 0 | 0 | 1 | 1 |
Жамбыл жампозын қарсы алды
«Иван сенімді ақтады»
Ел қоржынына қола медаль салған боксшы Иван Дычко Қостанай облысына қарасты Рудный қаласында тұрады. Былғары қолғап шеберінің ата-анасы Федор Иванович пен Ольга Владимировна, келіншегі Марина мен қызы Мирослава оның рингтегі шайқастарын теледидардан көріп, жанкүйер болды. Ел мен ердің намысы таразыға түскен сәтте спортшының әкесі Федор Иванович ерекше толқыған екен. – Федор Иванович, ұлыңыз шаршы алаңға шыққанда қандай сезімде болдыңыз? – Мен баламның рингтегі барлық кездесулерін тікелей эфирден көрдім. Оның қарсыластары көлденең көк аттының бірі емес. Шетінен мықты, қимылы ширақ жүйріктер. Сондай қарсыластарға тойтарыс беріп, жеңіс туын жұлып алу айтуға ғана оңай. Жартылай финалдағы бәсекеде қатты қобалжыдым. Жекпе-жек басталардың алдында Иванмен Skype желісі арқылы сөйлескен едім. Ол Рио-2016 Олимпиадасының жөні бөлек екенін айтты. Сондықтан, британиялық боксшы Джой Джойспен өтетін кездесуге барынша мұқият дайындалды. Рингтегі шайқасты Иванның келіншегі Марина мен немерем Мирослава көріп, қолдау көрсетті. Ал анасының қобалжығаны сонша, көгілдір экран алдына жақындамады. Немерем алдағы желтоқсан айында екі жасқа толады. Ол әлі бала ғой. Әкесінің боксшы екенін түсінбейді. Бірақ теледидардан көргенде қолын шапалақтап, мәз болды. – Иванның жүлде алатынына сендіңіз бе? – Әрине. Мен жүлде алатынына сендім. Ол сенімді ақтады. Олимпиада медалін алтын, күміс не қола деп бөлмеймін. Ең маңыздысы, ол жүлде алды. Спорт – өмірдің бір бөлшегі. Сондықтан, қуанышты сәттерімен қатар «әттеген-ай» дейтін тұстары да болады. Спорт дегеніміз – бақталас, жанталас. Бірде бақ шабады, бірде бап шабады. Иванның жартылай финалдағы жекпе-жегіне көңілім толады. Ол еліміздің көк байрағын Рио төрінде желбіретті. Мен осындай батыр ұлымды мақтан тұтамын. Бұл жеңіс – барша қазақстандықтардың жеңісі. Иванның жаттығуына көңіл бөлген бір топ азаматтардың еңбегі. – Боксшы ата-анасының тілегі қандай? – Рио-де-Жанейро мен біздің еліміздің арасындағы уақыт айырмашылығы сегіз сағат. Ол бізден жырақта жүрсе де, жиі-жиі хабарласып тұрады. Бәрімізді алаңдатқан ұйқысыз түндер артта қалды. Арқадан бір жүк түскендей болды. Санаулы күндерден соң Иван өз ортамызға оралады. Сол күнді асыға күтіп жүрміз. Еліміздің абыройын асқақтатар спортшыларымыздың саны көбейе берсін. Алға, Қазақстан! Әңгімелескен Қымбат ДОСЖАНОВА ҚОСТАНАЙ