Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Республикасына ресми сапармен барады. Осыған орай, кеше Қазақстанның Мажарстан мен Сербиядағы елшісі Нұрбах Рүстемов Сербия Президенті Томислав Николичпен және осы елдің Премьер-Министрі Александр Вучичпен кездесті.
Кездесу барысында Президент Томислав Николич былтыр тамыз айында Астанаға жасаған сапарын жылылықпен еске алды. Ол Қазақстан басшысын Сербияда «халықаралық ауқымда танылған әлемдік көшбасшы» ретінде танитынын және оның Белградқа келуін асыға күтіп отырғандарын айтты.
Ал Сербия Премьер-Министрі Александр Вучичпен кездесу барысында Қазақстан мен Сербияның екіжақты қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен келешегі талқыланды. Сондай-ақ, бұл сапар екі ел арасындағы экономикалық саладағы ынтымақтастықтың дамуына елеулі серпін беретіні атап өтілді.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»