табиғаттың талай тамашасын ұсынады
Қазақстан журналистерінің Қытайдың оңтүстік провинцияларына қызықты сапарлары Ченду қаласындағы пандалар қорығын тамашалаумен аяқталды. Табиғаттың өзі ойыншық сияқты етіп жаратқан қара ала аюлар бағында қазір 166 панда өмір сүріп жатыр.
Талай толымды мақалаларға жүк боларлық осынау іссапардың өзі де сүйкімді аңдардың мекенінде әдемі әсермен аяқталғанына қуанышты едік. «Қытайды сынау» деп аталатын саяхатымызда Ченду қаласында бізді күтіп алған қала басшыларының бірі Чуй Пин Ро мырза панда деген өте жалқау аң екенін, табиғи қорықты аралауға ертелеп бару керектігін ескерткен. Расында түске дейін белсенділеу пандалар күннің екінші жартысында «апанынан» шықпай жатып алады екен.
Біздің бұл жерде де жолымыз болды. Кәдімгі тірі пандаларды өз көзімізбен көріп қана қоймай, жаңа туған қызылшақаларды да шыны бокстардан тамашаладық. Өйткені, сапарымыз тура пандалар балалап жатқан күндерге сәйкес келді. Жаңа туған пандалар тура жаңа туған тышқанның баласындай-ақ қызылшақа. Әдетте олар 120 грамдай болып дүние есігін ашады. Тіпті 51 грамм болып туғаны да бар. Қорық қызметкерлері оны аман алып қалу үшін көп еңбектенген көрінеді.
Биыл Қытайдың мақтанышы болған пандалар бағында 17 бірдей қонжық туған. Бұл жақсы көрсеткіш дейді қорық қызметкерлері. Пандалардың 80 пайызының егіз таба алатын қабілеті бар.
«Қанша жағдай жасалса да, қамақта өмір сүріп жатқан соң... мүмкін содан көбейгісі келмейтін болар?» деген ойды әріптестеріміз айтып та қалды.
Ал енді жабайы табиғатта панда бір ғана қонжығын бауырына алады. Әлсізіне қарамайды. Әу баста жыртқыш болған пандалар бұл қорықта мүлде ет жеуді тоқтатқан. Еттің орнын басқа тамақтар толықтырады. Негізі жейтіні бамбук ағаштары. Бұл қорықтың тамашасы да сонда – ну орманды, қалың бамбукті бақ тіпті пандаларсыз да әдемі.
Ал енді бір жастағы пандалар тым сүйкімді. Ағашқа асылып ұйықтап отырғаны, ойнақ салып жүргендері де осы мекенге ағылып келіп жатқан туристердің көз қуанышы. Мәселен, тек өткен жылы пандаларды көруге 2 миллион 700 мың адам келген. Егер әр билеттің құны 50 юань екенін ескерсек, осынау қорық Сычуань провинциясының қоржынына айтарлықтай қаражат салып тұр.
Мұнда шетелдіктер де, ханзу халқының өзі де ағылып келіп жатыр. Осы қорықты тамашалауға келген туристердің кезегі ұзын-сонар.
Пандалар мекенінде 40 шақты адам ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. 400 адам қара ала аюды күтіп-баптайды.
Қазіргі таңда әлемде 2 мыңдай панда бар деседі. Жалғыз өмір сүргенді қалайтын аңның Ченду қаласындағы айырмашылығы – бұл үлкен пандалардың өлкесі. Ал біз қорыққа барған кезде үлкен пандалардың көбісі теріс қарап ұйықтап жатты десек те болады. Үлкен пандалардың бойы 170 сантиметр шамасында болады.
Ерекше аюлардың жабайы табиғаттағы орта жасы 25 болса, бұл қорықта 35-ке келген кәрі панда да бар. Оның аты – Сусу. Өте жалқау дейді. Пандалар еттен бас тартып, жыл бойы көктейтін бамбукты 90 пайыз қорек ететіндіктен, күш-қуатын үнемдеу үшін өмірлерін ұйқымен өткізеді. Оларға алма да, сүт те беріледі.
Қорық қызметкерлерінің айтуынша, бұл өлкеде пандалар 8 миллион жыл бұрын да болған. Оны осы бақтың мамандары ғылыми деректер, артефактілер арқылы дәйектейді.
Сонау есте жоқ ескі замандарда пандалармен бірге өмір сүрген талай жан-жануар көбі қазір жер бетінен жойылған. Ал енді тұрқы кіші панда мен үлкен пандалар бір түрге жатпайды. Тіпті осы арада әлем ғалымдарының пандаларды жанат па, әлде аю ма деп таласып келе жатқанын еске түсірсек болады. Бұған негіз де жоқ емес. Пандалардың тырнақтары жанаттың тырнақтары секілді, басқа да ұқсастықтары бар.
Табиғат-екеш, табиғат өз дегенін жасайды. Мәселен, пандалардың арасында да өз тұқымдастарынан дені сау қонжық тумайды екен.
Күніне 20 килодай бамбук бұтақтары мен жапырақтарын жейтін пандалар өрмелегіш. Ағаштардың басында ұйықтайды, ойнайды. Қаласа, сол жерде шағылыса да алады. Жабайы табиғатта жыртқыш аңдардан қорғануға осы өрмелегіштігі де сеп.
Өте иісшіл келеді екен. Осы жабайы табиғатта адамдардың оны кездестіруі өте сирек көрінеді. Бірақ көздері нашар көреді. Бұл мекендегі пандалар жабайы табиғатта өмір сүруге икемсіз болғандықтан, оларды өз бетінше өмір сүруге бейімдеу үшін әрі адамдарға бірден бауыр басатындықтан қорық қызметкерлері панда болып киініп жүруге мәжбүр. Және ғылыми қызметкерлер аюлардың тілін түсінуге де уақыттарын жұмсап жүрген жайы бар.
Бізді пандалар бағында бастап жүрген гид пандалардың басқа сыртқа сатылмайтындығын, тек Макао мен Гонконг хайуанаттар бағына сыйға тартылғанын айтты.
Сычуань провинциясындағы аумағы 600 мың шаршы метрді алып жатқан қорық Қытай мемлекетінің қамқорлығында.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Астана – Бейжің – Чженчжоу – Ухань – Ченду – Үрімжі – Алматы