Тәуелсіздігіміздің арайлы таңы атқан 1991 жылы тарихи санамызды дүр сілкінтіп, жігерімізді жаныған елеулі жағдаяттар жеткілікті. Солардың ішінде еліміздің тізгінін ұстар Ұлт Көшбасшысын анықтап алғанымыз естен кетпес ерекше оқиға болды. Дәлірегі, 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президентін жалпыхалықтық тұрғыда сайлау өтті. Соның нәтижесінде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен (98,78%) жеңіске жетті.
Шын мәнінде, республикамыздың басшысын алғаш рет өз халқымыздың таңдағаны шынайы Тәуелсіздіктің басты нышаны еді. Сондықтан да, бұл оқиғаны Алаш жұрты азаттықтың алтын бесігіне бөленген сол бір кезеңдердің басты тарихи жетістіктерінің бірегейі ретінде қарастырып отырмыз.
Мемлекет басшысын сайлап алып, көңілі орныққан ел-жұртымыз өзгеге емес, өзі таңдаған тұлғаның соңынан еріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Өрісін кеңейтіп, талайлармен терезе теңестіріп шыға келді.
Биыл ел Тәуелсіздігінің – 25 жылдығы. Нақтылай айтқанда, Алаштың мерейін тасытып, ата-баба армандаған күн бұйырып, жасампаздықтың дара да даңғыл жолына түскенімізге ширек ғасыр толып отыр.
Біз осы арада Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі 1991 жылдың тарихи оқиғаларды ой елегінен бір өткізіп, жадымызда қайта жаңғыртқанды жөн көріп отырмыз.
1991
* Тамыз айында Мәскеуде өткен дүмпуден кейін Коммунистік партия таратылды;
* 24 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ағымдағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін нығайту шаралары туралы» Қаулы қабылдады;
*29 тамызда Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы шықты. Қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылды. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи фактіге айналды.
* Тамыз-қазан айларында Президенттің Жарлығымен прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары бөлінді. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Одаққа бағынышты кәсіпорындардың Қазақ КСР Үкіметінің қарамағына түбегейлі өтіп, республикада алтын қоры мен Алмас қоры, т.б. құрылды;
* 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты;
* 16 қазанда «Қазақ КСР-нің Президентін сайлау туралы» Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды;
* 1 желтоқсанда Қазақ КСР-нің Президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайыз дауысына ие болған Н.Ә.Назарбаев Республика Президенті болып сайланды;
* 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заңын қабылдады. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды;
* 12 желтоқсан күні «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды;
* 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы күні 1991 жылы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Осыдан 45 минут өткен соң Түрік Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды;
* 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды;
* 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы қабылданды.
*21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды. Сөйтіп, ТМД-ға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданды;
* Желтоқсанда Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келіп кетті. Сол жолы АҚШ өкілі Джеймс Бейкер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Америка Құрама Штаттарының Президенті Д.Буштың АҚШ-қа ресми сапармен келіп қайтуға қатысты ресми шақыруын табыс етті.
*Жыл соңында Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныды.
Өткен ғасырдың 1991 жылғы 16 желтоқсанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан бастау алған тәуелсіздігіміздің әрбір жылындағы жасампаз істер әрбір отандасымыздың жадында үнемі жаңғырып тұруы тиіс.
Осы арада Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылдың 31 желтоқсанында тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш жаңа жылдың табалдырығында тұрып, халықты құттықтаған сәтінде ағынан жарыла айтқан сөзі еске түседі.
«Алдағы жыл материалдық жағынан алғанда адамдар үшін өте қиын болатынын жасырмаймын. Бірақ бізге қиындықты жеңбей, лайықты тұрмысқа жету мүмкін емес. Халықтың әлеуметтік жағынан шетін бөлігіне қамқорлық жасауды мемлекет өз мойнына алатынын айтпақпын. Баршамыз үшін – дені сау, қайратты, білімді қауым үшін – гүлденген өмірге жеткізетін жолды өзіміз тартып, қажымастан еңбек етуіміз қажет», – деген болатын.
[caption id="attachment_58088" align="alignright" width="390"]
1[/caption]
Тағы бір айта кетер жайт, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдердегі қазақ диаспорасының өкілдеріне арнап радио арқылы сөз сөйледі.
«Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайта келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» – деді.
Мемлекет басшысының осы айтқандары «Егемен Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 1 қаңтарындағы санында «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» деген тақырыппен жарық көрді.
Елбасының осынау ыстық лебізі, жүрекжарды сөзі алыстағы ағайынның арасына жыл құсындай жетіп, олардың жүректерін тебірентті. Іле, көп өтпей шетелдердегі қандастарымыздың атамекенге атбасын бұрған ұлы да нұрлы көші басталды.