24 Тамыз, 2016

Келісім басы – кешірім

687 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
АМЕТОВЕгемендік пен елдік мұрат­тарынан нәр алған, өркениет пен нұрлы болашаққа сара жол салған арайлы Ата Заңымыздың әлқиссасында паш етілгеніндей «...ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра оты­рып», «...еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген азаматтық қоғам» құру жолында барша заңдылық жосықтарын халық игілігіне жаратудың жолын тапты. Қоғамымыз дамыған сайын неғұрлым ізгіленген заң­дар халықаралық қауымдастық қуат­таған құқықтық жөн-жорал­ғылармен де, ұлтымыздың ежелгі елдік дәстүрлерімен қисын­ды жарасым тапты. Атам қазақ «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген. Осыдан асқан кемең­герлік бар ма?! Біле білгенге кешірім, түсіністік пен келісім, парасат – заңнан да ізгі. Ал «Заң тыйым сала алмаған нәрсеге, кейде ұят тыйым салады» деген екен Рим философы Л.Сенека. Тана Малайсары би жас Сырым биге: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңнан ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!» деген екен. Байқап көргенге Ұлы Дала даналығы құқық­тың қай­нары болып саналатын рим фило­софиясымен де толық үндеседі. Ал ғалым-заңгер, академик Салық Зиманов: «Бір кездері ежелгі қазақ даласындағы заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасыры» қайтадан біздің тарихымыздың құрамдас бөлігіне – алтын беті­не және болашақта жалпы өрке­ниеттің мұрасына айналар деген үмітім бар... Уақыт өте келе қазақ құқығы әлемдік өркениеттің құқық­тық жүйелерінің ішінен лайық­ты орын алатындығына сеніммен қараймын» – деген екен. Әрине, билер дауды шешкенде әуелі елдің заңдарын, қала берді құдіреті ел ішінде заңға теңесетін әдет-ғұрып, салт дәстүрлерді, әділдік қисындарын басшылыққа алған. Әділ шешімді қиыннан қиыс­тырып, жалпақ жұртты ке­мең­­герлігіне жүгіндірген. Би құзы­ретіне берілетін істің қаралуы екі сатыға бөлінген. Әуе­лі екі жақ істі билер қарағанға дейін, яғни өзара келісім жасап дау­ды шешуге қимыл-әрекет жасай­ды. Әдеттік құқықта оны «Бітім», «Береке», «Салауат» деп атаған. «Бітім» – екі жақтың өзара келі­сімге келіп, сөз жүзінде дау­дың аяқталуы. Бітімнен кейін істі билердің қарауына берудің қажеті жоқ. Себебі, бітімді, өзара ке­лісімді бұзу – сөзде, серт­те тұр­маудың белгісі, ар-ождан­ды таразылайтын әрекет. Би алдын­дағы бітімге ешкім қия­нат жасай алмаған. «Береке» – айырбас немесе сатып алу туралы сөз жүзінде шарт жасау. Қазақ­тың әдеттік құқығында «Береке» институты барлық келі­сім, шарттардың негізі болған. Салауат – немесе кешірім, даулас­қан екі жақтың бір-біріне талап қоюдан бас тартуы, яғни кешірім беруі. Кешірім жасау ауыл, ел, ру ақсақалдарының қатынасуымен өтетін болған. Өркениет дүниесінде бітімгер­шілік рәсімі медиация ұғымымен мәлім. Медиация (латын сөзі – екі көзқарастың немесе екі жақ­тың ортасында болу, орта жол­ды ұсыну, бейтарап болу деген мағынаны білдіреді) – бұл дау-жанжалға қатысушылардың келіспеушілікті бірлесе шешу процесі. Дауларды сотқа дейін бала­малы негізде шешудің конс­титуциялық негізгі қағидаты Конс­титуцияның 13-бабының 1-бөлігінде көрсетілген: «Әркім­нің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға қақылы». 2016 жылдан бастап қол­да­ныс­қа енген жаңа Азамат­тық іс жүргізу кодексіне «Сот медиа­циясы» ұғымы пайда болды. Сот медиациясы – дауды реттеудің судьяның жәрдемдесуімен жүзеге асыратын бітімгершілік рәсімі. Жоғарғы Сот дайындап, 2015 жылғы 31 қазанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жариялы түрде қол қойған жаңа Азамат­тық іс жүргізу кодексінде даулар­ды татуластыру рәсімімен шешу тетіктері жан-жақты қарас­­ты­рылып, дауларды шешу мер­зімдерін қысқартуға, тараптар­дың шығындарын азайтуға септігін тигізетін көптеген баптар енгізілді. Азаматтық іс жүргізу кодексі бітім­гершілікке келтірудің бұрын­нан бар қағидалары мен рәсімдерін бүгінгі күнге сай жетілдіруімен де ерекшеленіп отыр. Оған дауларды реттеудің соттан бөлек тетіктерін жетілдіру мақсатындағы «Дауларды соттан тыс реттеу» деп аталатын жаңа тараудың енгізілгені айғақ. Кодексте дауларды шешудің балама тәсілдері мол қамтылған. Жаңа қағидалар­ды саралап отырып дауларды рет­теудің соттан тыс және сотқа дейін­­гі тәртібіне, соттағы татуласу рәсім­деріне айрықша көңіл бөлін­геніне көз жеткізуге болады. Бүгінде азаматтар Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіпті пайдалана отырып тату­ласу келісімін, дауды медиация немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасай алады. Татуласу келісімі бірінші, апелляция­лық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі уақытта, сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ, сот актісінің орындалуы кезінде де жасала береді. Татуласудың тағы бір артық­шылығы мұнда сот шешімі орын­далмай орта жолда қалмайды. Келісімді өзара мақұлдағандықтан тараптар ондағы шарттарды дер кезінде, белгіленген уақыт­та орын­дауға мүдделі. Келісім жасал­ғанда екінші тарап өзіне мін­деттеме алған соң оны орын­дауға барынша күш салады. Ал орын­далмаған жағдайда да, талап­кердің өтініш хаты бойынша сот бекітіп берген атқару парағы мәжбүрлеп орындатуға жатады. Тағы бір ескерерлігі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиа­ция туралы» Заңда және Аза­маттық процестік кодексте көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Егер татуласу келісімі заңға қайшы болса немесе басқа да тұлға­лар­дың құқықтары мен заңды мүд­делерін бұзса, сот келісімді бекіт­пейді. Сот ұйға­ры­мы шағым, не наразылық кел­тіруге жатпайды. Азаматтық іс жүргізу кодексін­дегі айтулы жаңалықтардың бірі – дауды партисипативтік келі­­сім арқылы реттеу болып отыр. Партисипативтік рәсім – дау­ласушы екі тарап адво­кат­тарының келіссөздерді судья­ның қатысуынсыз жүргізу арқылы ортақ келісімге келтіруге қол жеткізуі. Келісімге келе алмаған екі жақты бір үстел басына жи­нап, бітімге келтіру мәсе­лесін­­де судьяларға қарағанда адво­­ка­ттардың мүмкіндігі кең. Құжат­тағы татуласу келісіміне қойы­­латын талаптарға сай, қос тарап арасындағы келісім жаз­баша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың адвокаттары қол қояды. Мұндай жолмен татуласу талап қоюшы­ны төленген мемлекеттік баж­дан босататыны да – заңдағы ынталандыру тетіктерінің бірі. Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізілгеннен бергі аралықта бітіммен бітетін істердің саны өсе түсті. Жаңа заңнаманың тиімділігін түсінген адвокаттар, медиаторлар, басқа да құқық қорғаушылар дауды бітіммен бітіруге мүдделілік танытып, аза­мат­тарға медиацияның тиім­ділігін түсіндіруге жаппай атса­лыса бастады. Мәселенің бітім­гер­шілік жолдарымен тез ше­шіл­гені, алдымен, олардың өз­деріне тиімді екенін көпшілік те ұғына бастағандай. Соттар қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуде бітімгершілік рәсімдерді және медиацияны қолдану әдістерін жергілікті жерлерде кеңінен түсіндірудің жолбасшылық тізгінін ұстап отыр. Атқарушы, өкілді органдар­мен бірлесе отырып, ауылдық окургтер мен аудан, қала, облыс орталықтарында медиация каби­неттерінің ашылуына қол жеткізілді. Соттар медиация каби­неттерінің жұмыстарын ұдайы бақылауда ұстап, жүйелі түрде құқықтық көмектер көрсетіп келе­ді. Қазіргі кезде медиация каби­неттері мен медиаторлар әр ауылда бой көтере бастады. Батыс Қазақстан облысын­дағы барлық аудандық соттарға қарас­ты аумақтардағы ауылдық окург­терден тегістей медиация кабинеттері ашылып, оларда 185 кәсіби емес медиаторлар жұмыс жасап жатыр. Жыл басы­нан бері облыста татуластыру рәсімдерімен 550 азаматтық іс қаралып, 123 тарап бітімгер­шілік келісімге келді. Медиа­ция тәртібімен қаралған 424 істің 329-ы бойынша сот медиа­ция­сы қолданылды. 95 дау медиа­тор­лардың қатысуымен шешілді. Небәрі 3 дау ғана партисипативтік рәсіммен реттелді. Ал апелля­циялық сатыда 22 іс татулас­тыру рәсім­де қаралып, бір іс бойын­ша дау партисипативтік рәсім­мен реттелсе, 3 іс бойынша та­рап­­тар бітімгершілік келісімге келді. Небәрі 18 іс бойынша сот медиациясы қолданылды. Бек ӘМЕТОВ, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы