30 Тамыз, 2016

Құс өсірушілер құрылтайы

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өскеменде құс өсірушілердің V халықаралық форумы өтті Құс өндірісі – халықтық азық-түліктің әлеуметтік түріне айналған сұранысқа ие сала. Сондықтан, кейінгі жылдары елімізде құс еті мен жұмыртқасын өндіру айрықша қарқын алды деуге болады. Алайда, сырттан келетін импорт үлесі де аз емес. Өскеменде өткен құс өсірушілердің V халықаралық форумында қанатты шаруашылыққа қанат бітірудің жолдары қарастырылды. Форум жұмысына өңір басшысының орынбасары Дүйсенғазы Мусин, Қазақстан құс өсірушілер одағының төрағасы Руслан Шәріпов және Германия, Польша, Бельгия, Түркия, Қытай елдерінен келген сала өкілдері мен отандық ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысты. Қазір елімізде жұмыртқа өндіретін 30, тауық етін өндіретін 17 кәсіпорын, асыл тұқымды 8 құс шаруашылығы бар. Алдағы жылдары Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Ақмола облыстарында құс еті мен жұмыртқасын өндіретін бірнеше ірі кәсіпорын ашылу жоспарланған. Қазақстан құс өсірушілер одағының төрағасы Руслан Шәріповтің айтуынша, биыл елімізде жұмыртқа өндірісі 5 миллиард данаға, құс еті 182 мың тоннаға, құс саны 38 миллион басқа жеткізілмек. Құс шаруашылығын дамытуға мемлекеттен қажетті субсидия бөлудің нәтижесінде қазақстандық кәсіпорындардың өнімдері Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ауғанстан, БАӘ елдеріне шығарылып жатыр. Алдағы уақытта үлкен нарықтардың бірінен саналатын Қытайға да шығаруға келісімдер жүргізілуде. Жиында шаруашылықты дамытудың өзекті мәселелеріне назар аударылды. Айталық, отандық құс шаруашылығы өнеркәсібіне қажетті өнім, қызмет көрсету саласы түгелдей шетелдік өнімдерге тәуелді. Құсқа қажетті жем құрамындағы қосымша минерал, инкубатор, құс еті мен жұмыртқа өндірісінің технологиялық құралдары, вакциналар мен ветеринарлық дәрі-дәрмектер түгел дерлік шетелдерден келеді. Асыл тұқымды құстар да құрлық асып, мұхит кешіп жетеді. Құс фабрикалары жыл сайын асыл тұқымды құс сатып алуға миллиондаған қаржы жұмсайды. Осы арада көңіл аударатын тағы бір мәселе, қазақстандық асыл тұқымды құс шаруашылықтары өнімдері сапасының төмендігі мен оған оңды көзқарас жоқтықтан мемлекеттен аталған санаттағы шаруашылықтардың өніміне сұраныс жоқ. Сондай-ақ, құс жемінің тапшылығы қалыптасып отыр. Құс өнімдерінің өзіндік құнын төмендетіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін салаға қажетті биологиялық өнеркәсіптер құру, биоқоспалар шығаратын зауыттар салу және мемлекет тарапынан вакциналармен қамту, ауруларға қарсы диагностикалық талдаулар жүргізу, шаруашылық пен өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды елімізде шығару сынды көптеген күрделі әрі кешенді мәселелер шешімін күтіп тұр. «Айтас» компаниялар тобына кіретін «Өскемен құс фабрикасы» АҚ өткен жылдан бері Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Макинск қалашығында құс фабрикасын салуда. Құстарға қажетті жем дайындайтын цехымен бірге ашылғалы отырған кешенді фабрикада жылына 60 мың тонна тірі салмақтағы ет өнімдері өндірілмек. Құс фабрикасының бас директоры Серік Толықбаев алдағы уақытта Таврия ауылынан асыл тұқымды құс балапандары шаруашылығын құруды көздеп отыр. Бұл өңір тұрғындарын сапалы, арзан отандық құс етімен қамтитын болады. Айта кетелік, қазақстандық құс өсірушілердің V халықаралық форумы аясында 2010 жылдан бастап өндірісі инновациялық технологияларды енгізу арқылы қайта құрылып, аз жылда белгілі құс фабрикасына айналған «Өскемен құс фабрикасы» кәсіпорнының 40 жылдық мерейтойы ұйымдастырылды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН