Павлодар облысындағы 600 мемлекеттік мекемеде 6 мың заң бұзушылық фактілері анықталды. Бұл мәлімет облыс прокуроры
Серік Қарамановтың төрағалық етуімен өткен алқа мәжілісінде белгілі болды. Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, қала әкімі Нұржан Әшімбетов, барлық басқарма басшылары, аудан әкімдері, аумақтық жұмыспен қамту орталықтарының басшылары қатысты.
Облыстық прокуратура органдарының атқарған жұмыстары Мемлекет басшысы мен Бас прокурор қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталуда. Басым бағыттардың бірі – құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі дамыту бойынша бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарымен айқындалған іс-шараларды іске асыру. Облыстық прокуратураның алқа мәжілісі «Халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманың орындалуы» деген тақырыпта өтті. Яғни, 2015-2016 жылдар кезеңінде өңірдегі жұмыс берушілердің Жұмыспен қамту орталықтарына берген бос жұмыс орындары туралы мәліметтері негізінде тұрғындардың жұмысқа орналасуы туралы тексеріс нәтижелері талқыланды. Қазіргі уақытта облыста жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған жұмыссыздар саны 3 105 адам болса, олардың 376 -сы жоғары білімді, 885-і орта арнаулы, 232-сі бастауыш кәсіптік, 1 612-сі тұрғын әлі ештеңеге маманданбаған көрінеді.
– Бос жұмыс орындары туралы Жұмыспен қамту орталықтарына хабарлама жіберу меншік нысанына қарамастан әрбір жұмыс берушінің міндеті болып табылады. Біз 600 мемлекеттік мекеме мен ведомствода аталған талаптардың сақталуы бойынша тексеру жүргіздік. Нәтижесінде, 6 мыңнан астам заң бұзушылық фактісі анықталды. Басым бөлігі облыстағы білім беру саласында – 3 мыңнан астам, денсаулық сақтау саласында – 1 мыңнан астам бос тұрған жұмыс орындарының деректері анықталды, – деді прокурорлар.
Мысалы, Екібастұздың бір тұрғыны Жұмыспен қамту орталығында жүргізуші болуға лайық жұмыссыз ретінде тіркелген. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 52 208 теңге әлеуметтік төлем алады. Ал ақпан айында қала әкімдігінің бір мекемесінде жалақысы 45 000 теңгені құрайтын жүргізушінің бос жұмыс орны болған. Бірақ, хабарлама ешқайда жіберілмегендіктен, жұмыссыз жүргізуші жұмысқа орналаса алмаған. Екіншісі – Екібастұздағы «Қазақ қыздарына арналған гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің орны бір жыл бойы бос тұр. Мекемеден Жұмыспен қамту орталығына хабарлама жіберілмеген.
– Мұндай мысалдар өте көп. Бұл ретте жеке кәсіпорындар тексерілген жоқ, алайда, аталған талап пен тәртіп, меншік нысанына қарамастан, барлық мекемелерге қатысты. Тексеру қорытындысының талдауы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат тиісті деңгейде жүргізілмейтінін көрсетті. Жекелеген басшылар өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарса, бұл кемшіліктер орын алмас еді, осының салдарынан мамандықтары бойынша сұраныс болса да, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жұмысқа орналаса алмай жүргені ойлантады, – деді облыс прокуроры.
Облыс прокурорларының облыстағы Жұмыспен қамту орталығы қызметтеріне тексеру жүргізу себептері де осы – тұрғындардың жұмыссыз бос қалуы. Жұмысқа қажетті ондаған бос орын сол күйі бос тұрса да, ешкім оған адам іздемепті де. Сондықтан, жиынға келген облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Балтабай Қаппасовтың, облыстық Білім басқармасының басшысы Бақыт Бексейітованың құр цифрларды тізіп, дайындап жазып әкелген баяндамаларын прокурорлар тыңдаған да жоқ.
Жалпы тексеру қорытындылары бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 146 тұлға әкімшілік, ал 33 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Прокурорлық ықпал ету шараларымен бос жұмыс орындары туралы 473 хабарлама жіберілді. Бүгінде тексеру кезеңінен бастап 263 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмысқа орналастыру барысы әлі де жалғасуда.
Сонымен бірге, облыстық прокуратураның араласуымен 1208 жұмыскерге 90 миллион теңге көлемінде кешіктірілген еңбекақылары төленді. Банкротқа ұшыраған кәсіпорындарда еңбекақы қарыздарын төмендету бойынша шаралар қабылдануда, егер 2015 жылы қарыз көлемі 70 миллион теңгеден асса, бүгінгі күні 34 жұмыскерге тиесілі қарыз 11,3 миллион теңгені құрап отыр екен.
Біз де мақала жазу барысында облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының сайтына үңіліп көрдік. Мысалы, облыста 2015 жылы 7 мыңнан астам ауыл тұрғыны «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша берілген шағын несиені пайдаланды. Бағдарлама ауылдық аймақтардың жұмыссыздары мен өзін өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарына өз ісін ашу, жұмыс орындарын құру мүмкіндігін беріп, ертеңгі күнге деген сенім сыйлады. Жыл басынан бастап Халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу кешенді жоспары шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шаралары арқылы 10502 адам қамтылды деген мәліметтер бар. Ал ауылда жұмыссыздар аз емес. Сонда бұл цифрлар тек жоғарыға құр мәлімет үшін ғана келтірілген бе?
Мысалы, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы статистикалық мәліметтерге қарасақ, облыстағы кәсіпорындардан 8509 адам жұмыстан шығып кетіпті. Негізі, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына орай 118 жоба жүзеге асырылуы керек еді. Бұл жобалар іске асқанда, 1560 жаңа жұмыс орындары ашылады екен. Бірақ, аудан, қала әкімдері мұндай мүмкіндікті әлі дұрыс пайдалана алмай отыр.
Айтса айтқандай-ақ, Екібастұз, Ақсу қалалары мен облыс орталығында бос жұмыс орындары дегеніңіз баршылық. Бірақ, ол тек сайтта ғана көрсетілген дерек. Жұмыс орындары жоқ па, аудандардан ештеңе көрсетілмепті. Қаптап тұрған бос жұмыс орындарын тұрғындарға хабарлау, жеткізу, жариялау, шақыру, қолдау жетіспей тұр. Жоғарыда жазғанымыздай, прокурорлар жұмыс іздеушіге бос орындар бар деген 473 хабарлама жіберіпті. Сайтта аудандық әкімдіктердің телефондары жазылғаны тіпті күлкілі, жұмыс іздеген адамдарға олардың қайсысы дұрыс жауап бергенін көріп едік. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ай сайын өткізу арқылы сайтта қаптап тұрған жұмыс орындарының иелерін табу керек.
Тіпті болмаған соң, облыстық әкімдік енді жұмысқа тұруға арналған мобильдік қосымшаны іске қосуды жоспарлап отыр. Мобильдік қосымша арқылы павлодарлық нарықтағы барлық бос жұмыс орындары мен қызмет көрсетулер туралы ұсыныстарды бір дерекқорға жинайды. Бұл бағдарлама пайдаланушыға қажетті жұмыс орнының пайда болғаны немесе қажетті маман туралы хабарлама жібереді. Электршіні жұмысқа алу жөнінде хабарландыру пайда болысымен осы жұмысқа қызығушылық танытқан пайдаланушыға push-хабарлама келеді. Дизайнерге немесе басқа сала маманына өз хабарламасы келеді, яғни бұл жерде мақсатты бағыттылық болады.
Мәселенің мәнісі мынада: жұмыс іздеушіге жұмыс беруші қолжетімді болуы керек. Облыстық прокуратураның «Тұрғындарды жұмыспен қамтудағы заң талаптарының орындалуы» жөніндегі тексеру нәтижелері мен қорытындылары, міне, осылай көкейкесті мәселенің көлеңкелі жақтарын ашып берді. Алқа мәжілісінен соң, облыс әкімінің атына бірнеше ұсыныстар да жіберілді. Сондай-ақ, азаматтарды жұмыспен қамту барысында немқұрайылық танытқан лауазымды тұлғалардың атқарып отырған қызметтеріне сәйкестігіне дейін жауапкершілік туралы мәселе қарастырылсын деген ұсыныстар жолданды. Әрбір жұмыссыз тұрғынның басқа аудандар, қалалар және облыстар арасында жұмыссыздар бойынша деректер базасына қолжетімділігі қамтамасыз етілуі, уәкілетті органдар басқа кәсіпорындар қызметінде осы мәселе бойынша толыққанды тексеріс жүргізілуі талап етілді. Аталған заңнама талаптарын сақтау мәселесіне прокуратура органдары бақылау тәртібінде қайта оралатындарын ескертті.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР