02 Қыркүйек, 2016

Депутаттар не дейді?

298 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Заңнамада қамтамасыз ету – біздің міндетіміз ERA_6649+Әли БЕКТАЕВ, Сенат депутаты Елбасы өз сөзінде еліміздің алдында тұрған бірнеше маңызды мәселені атап өтті. Соның ішінде елдің тыныштығын қамтамасыз ету, екіншіден, Ұлт Жоспарының орындалуын қамтамасыз ететін заңдарды жетілдіре түсу, үшіншіден, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне тереңнен тоқталды. Жер реформасы бойынша кейбір мәселелердің орындалуына бес жыл мораторий жарияланды ғой. Енді соны заңмен нақтылауымыз керек. Ол үшін Жер кодексіне және басқа да заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң қабылданатын болады. Жер реформасына қатысты комиссияның жұмысына оң баға берілді, бұл комиссия 25 ұсыныс дайындаған болатын. Артынан, нақтылай келе, тағы екі ұсыныс қосылды. Сөйтіп, барлығы 27 өзгеріс пен толықтыру енгізілетін болады. Бүгінгі сөзінде Елбасы осы заңның барынша жетілдіріліп, барлық мәселені оң шешетін жағдайда қабылдануы керектігін талап етті. Соның ішінде жерді жалға беру жүйесінің тетіктерін жетілдіру, кім болса соған бере салмай, оны тек игеруге мүмкіндігі бар адамдарға ғана беру қажеттігі айтылды. Мамандығы, тәжірибесі, қаржылық мүмкіндігі бар адамдар мен заңды тұлғалар ғана жерді жалға алуға тиіс екендігі атап көрсетілді. Бұл – Елбасын да жерді кез келген қолы жеткен қудың талан-таражға салып, жалға алып кеткені қатты алаңдатып отырғанын көрсетті. Жерді жалға бергенде де шекті мөлшері болуы керектігін қадап айтқаны да сол себептен шыққан сияқты. Сонымен бірге, Президент заңнамада жерді жалға беру үдерісінің барынша ашық, мөлдір болуы ескерілуін талап етті. Осы және басқа мәселелерді Президент біздің алдымызға нақтылай қойып отыр, енді олардың заңнамада қамтылуын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Сыннан қорытынды шығарылады ERA_6590+Бақтияр МӘКЕН, Мәжіліс депутаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев VI сайланған Қазақстан Парламентінің екінші сессиясының ашылуында Үкіметке және депутаттарға бірқатар үлкен міндеттер жүктеді. Олардың негізгісі – 5 институттық реформа ішіндегі «100 нақты қадамды» кезең-кезеңмен жүзеге асыру, ондағы міндеттемелерді жетілдіру. Қауіпсіздікке, ақпараттық қауіпсіздікке, құқыққа, терроризмге қатысты заңнамаларды қолға алып, соларды жүзеге асыруға қатысты құнды ойлар айтылды. Сондай-ақ, әлеуметтік салаларға, оның ішінде білім, медицина салаларын жандандыру, жұмыссыздықты азайту секілді мәселелерге қатысты да тапсырмалар берді. Заңдарға нақты өзгерістер енгізу, кейбір заңнамаларды одан әрі жетілдіру мәселесін де қолға алуымыз қажет. Заңдарға қатысты халықтың, елді мекендердегі тұрғындардың көзқарасы қандай екенін білгеніміз жөн. Өздеріңіз білетіндей, жер мәселесіне қатысты ел ішінде біраз наразылық болғандықтан, заң жобасы туралы алдын ала халықпен ақылдасудың маңызы зор. Себебі, оларды толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерді қарастырғанда ғана заң сапалы болып, өзінің діттеген жеріне жетеді деп ойлаймын. Мәселен, мен арнайы жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысының 4-5 ауданын аралап, бірқатар ауылдық жерлерде болдым. Жалпы алғанда, ауылдық жерлерде тұрақтылық бар. Кездесулер кезінде әлеуметтік салаға, ауыз суға, «Нұрлы Жол» бағдарламасындағы жасалып жатқан жұмыстардың нәтижелеріне мониторинг жүргізу мәселелеріне қатысты әңгіме қозғалды. Кейбір жергілікті жерлерде сындар да айтылды. Біз осылардың барлығын назарымызда ұстайтын боламыз. Сапалы заң – өміршең ERA_6626+Ахмет МУРАДОВ, Мәжіліс депутаты Елбасы бұған дейін Парламенттің жұмысы ашық, қолжетімді болуын, заң жобаларының алғашқы дайындалуына азаматтардың қатысу қажеттігін айтқан болатын. Бұл заңдық тұрғыда бекітілді де. Біз осы арқылы заңдарды жобалық деңгейде талқылауға мүмкіндік береміз. Сондықтан қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты заңнамалар бойынша биліктің барлық тармақтары мен қоғамның бірлесе жұмыс істеуі ел ішіндегі жағдайларды тұрақтандыруға, біріздендіруге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Алдымызға қойылған барлық мақсат-міндетті, оның ішінде 5 институттық реформаны, «100 нақты қадамды» жүзеге асыру оңай емес. Бірақ та, Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес, оларды кезең-кезеңмен іске асыратын боламыз. Президент сессия барысында 2017-2019 жылдарға арналған бюджетті бекіту туралы да тапсырма берді. Бұл – біздің бюджеттік бағдарламаларымыздың барлығы қаржылық жағынан қамтамасыз етіледі деген сөз. Сонымен қатар, Елбасы тұрғындарға берілетін әлеуметтік төлемдерді азайтпау жөнінде сөз қозғады. Бұл да біздің қоғам үшін өте өзекті мәселе деп ойлаймыз. Бірақ, біз Президенттің өзі айтқандай, кейбір заң актілерін қабылдаған кезде асығыстық жасаған кездеріміз де болды. Сол себепті, осындай қателіктерді қайталамас үшін қандай да бір заң жобасын ел тұрғындарына жан-жақты түсіндіруіміз қажет. Демек, олардың әрбір деталіне мән бергеніміз жөн. Елдік жоспарды орындау үшін жұмыс істейміз ERA_6663+Асхат КҮЗЕКОВ, Сенат депутаты VI сайланған Қазақстан Парламентінің екінші сессиясына қатысқан Елбасы арнайы сөз сөйлеп, Үкіметке, Парламент депутаттарына тапсырмалар берді. Бұл жерде ерекше айтып өтетін бірнеше мәселе бар. Біз елдік жоспарларды орындау мақсатында 50-ге тарта заңнаманы қабылдағанбыз. Биыл соларды әрі қарай жетілдіретін боламыз. Екіншіден, жақында, 29 тамызда өткен ядролық қаруға тыйым салу және оларды таратпау жөнінде жиын өткені белгілі. Осы мәселеге қатысты да заң жобалары әзірленуі мүмкін. Жер мәселесіне қатысты кейбір заңнамалардың кейбір тармақтарына байланысты 5 жылға мораторий жарияланғанын білесіздер. Бұл мәселе де назарда тұратын болады. Әрине, кейбір заң жобаларын әзірлеу және қабылдау кезінде асығыстық танытатын жайттар болып жатады. Асығыстық жақсылыққа апара қоймайтыны белгілі. Оны Елбасы да айтып өтті. Сондықтан заң жобаларының әрқайсысы заң болып шыққанша, оларға айрықша маңыз бере қарап, жауапты жұмыстарды бірлесе атқарып, соңына дейін жеткізуге дайын болуымыз керек. Заңдардың көпшілігін жұртшылықпен, қоғамдық мекемелермен, БАҚ-пен бірлесе талқылаған жөн деп есептеймін. Заң сапасы жоғары болуы үшін жан-жақты талқылаудан өткізу қашан да ұтымды шешім болмақ.