Бұл өмірде адамның тағдырын айқындайтын екі нәрсе бар: бірі – өмірлік жары болса, екіншісі – мамандығы. Мамандық – әрбір адамның сүйіп әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әр адам мамандығына құрметпен қарауы керек. Олай дейтінім, мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сонымен қатар әр мамандықтың өз ерекшеліктері де бар. Ізгі мамандықтардың қатарындағы педагог баланы оқытып-тәрбиелеп, елін көркейтер азамат етеді.
Мен де осы педагог мамандығын таңдағанымды мақтаныш етемін. Өйткені педагогқа биіктік пен тереңдік ұғымдары тән. Осы екі ұғымды педагог сөзімен тығыз байланыстырамын. Шындығында педагог – мұхит тұңғиығындай терең білімнің, биік парасаттың иесі. Оның білігі мен білімі тайыз емес, тым тереңде. Ал енді ана да, дана да, ақын да, хакім де – бәрі-бәрі де аяулы да асыл ұстаздан тәлім алады. Бұл – бұлтартпас ақиқат. Қазақта «Бір кісі құдық қазса, мың кісі су ішеді», деген қанатты сөз және бар. Жер бетіндегі барша мамандық иелерін білім нәрімен сусындатып, зейінін ашатын, сан салалы ғылым сырын ұқтыратын бірден-бір мамандықтың бастауында педагогтар тұратынына ешкім дауласа қоймас. Сананы саралап, ақылмен ойлап қарасақ, қашанда ұстазы жақсының ұстамы жақсы болады.
Қазір елімізде білім жүйесі түбірімен өзгерді деуге болады. Бүгінгі ұстаздар мен оқушылар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Жаңа оқулықтар шығып жатыр. Мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңарды. Жаңа мектептер көбейді. Әр білім ұясында интернет желісі бар, интерактивті тақталар орнатылды. Назарбаев зияткерлік мектебі секілді озық білім ұялары оқушылардың толыққанды әрі сапалы білім алуына жол ашты. Осыған орай мамандықтың атасы саналатын ұстаздар да білімдерін жетілдіріп, шәкірттеріне сапалы білім, тәлімді тәрбие беруге ұмтылып келеді. Өйткені педагог болу жүректің батылдығы дегендей, олар барлық мамандық иесін үйретуші, тәрбиелеуші. Себебі одан қандай да болмасын мамандық иесі дәріс алып шығатынын ұғып отыр. Жан-Жак Руссоның «Педагог болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» дегендей, ұстаз тек шәкіртіне білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше мейірімділікті қажет ететін мамандық та – педагог. Олай дейтінім, педагог еңбегі, біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Осындай қызығы да, қиындығы да мол мамандық иелері, яғни бүгінгі педагогтар шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз педагогтың ғана қолынан келеді.
Педагогтардың ұлы атасы Ы.Алтынсарин: «Педагогикалық мамандық –бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер даналықты жүректен ұға білу болып табылады», дегені біздің ұстанымыз бола береді. Өйткені еліміздің білім саласындағы оң өзгерістер бүгінгі педагогтардан деп білемін. Білім ұясының тірегі мұғалім болғандықтан, жаңа оқу жылының басталуында ұстаз туралы ойымды ортаға салғанды жөн көрдім.
Гүлнәр ЕҢСЕГЕНОВА,
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау
гуманитарлық колледжінің оқытушысы
АТЫРАУ