06 Қыркүйек, 2016

Қайғымыз ортақ, қуанышымыз бір

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыркүйек айының алғашқы күндері есте қаларлық оқиғаларға толы болды. Қазақстан Республикасы Парламентінің сессиясын ашқан Елбасымыз іле-шала маңызды халықаралық басқосуға қатысу үшін Қытайға жол жүрді.

Қайғымыз ортақ, қуанышымыз бір

G20 атты бұл саммит өткен ғасырларда дамудың биік сатысына жетіп қойған жеті ел мен кейінгі онжылдықтарда көрсеткен ірі жетістіктері арқасында әлемдік қаржы-экономика жүйесіне ықпал ете бастаған іргелі ел басшыларының форумы екені белгілі. Жиырма мемлекеттің қатарына қазақ елі кірмегенімен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ханчжоуға арнайы шақыру алды. Бұл – терең өзгерістер мен құбылыстарды бастан кешіп жатқан алмағайып заманда Елбасы тұлғасының жаһан жұртшылығы тарапынан мойындалғанының айқын айғағы. Қазақстан басшысы алқалы жиындағы биік мінберден әлемдік экономиканың баяу дамуының себептері мен оны тездетудің жолдары туралы айтып, «Әлемде трансқұрлықтық жаңа сауда-инвестиция бірлестіктері құрылып жатыр. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымы рөлінің төмендеуіне алып келеді. Сонымен қатар, ол жаһандық экономикада ықпал аймағы үшін жаңа күресті бастап беруі мүмкін. Әлемдік экономиканы жандандыру үшін жаңа индустриялық революцияға, сандық экономика мен инновацияға сенім артқан жөн» деген пікірін білдірді.

Президентіміз Қытайға сапары барысында әлем лидерлерімен де жеке кездесулер өткізді. Соның ішінде ҚХР басшысымен жасалған келісімдер ел экономикасына соны серпін беруі мүмкін. Өйткені, бірінші рет шығыстағы үлкен көршіміздің рыногына дәнді дақылдар мен ет апаруға мүмкіндік алып отырмыз. Ал Қытайға шығаратын мұнай көлемі қазіргі 7 млн тоннадан 20 млн тоннаға жеткізілмек.

Елбасы жаһандық саммит аясында әлемдік экономикалық державалардың басшыларымен кездесті. АҚШ Президенті Барак Обамамен, Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен екіжақты және халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Бұл әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің Қазақстанға деген құрметінің белгісі ретінде қабылданғаны анық. Әсіресе, саммитке қатысушылардың естелік суретке түсу рәсімінде Елбасымыз алқалы топтың ортасынан ойып орын алғанда өзгелер қызыға да қызғана қараған сыңайлы.

Өкінішке қарай, өткен апта түбі бір туыс халық үшін қайғылы оқиғамен есте қалды. Өзбекстан Президенті Ислам Каримов 78 жасында көз жұмды. Үзеңгілес серігінің о дүниелік болғаны туралы хабар Елбасымызға Қазақ елі үшін аса маңызды сапарда жүргенде жетті. Көңіл айту жеделхатында «Отыз жыл қанаттаса жұмыс істеген досымнан айырылғаныма қайғырамын», деді Қазақстан басшысы. Бұл сөздер бізге Ташкенттен жеткен қаралы хабардың Елбасымызға ауыр тигенін және досының қабіріне топырақ сала алмайтынына байланысты өкінішін білдіргендей сезілді. Құдайы көршіміз өзбек жұртын 27 жыл басқарған, елінің тәуелсіздік алуына және экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің қызметіне ең әділ бағаны тарих берер. Бірақ қазірдің өзінде талас тудырмайтын нәрсе бар. Соңғы онжылдықтардың діни экстремизм мен терроризм белең алған кезең екені белгілі. Ал Өзбекстан осы қатер қара бұлттай төнген аймақта тұр. Соған қарамастан, Ислам Каримов экстремизмнің етек жаюына тосқауыл қойды. Оның өзбектерге қауіпсіз жүйе қалдырғанын бүгінде сарапшылар мойындап отыр. Келесі басшылардың осы істі жалғастыра білуі және туыс елде тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуы Өзбекстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін де маңызды мәселе.

Дәл осы уақытта Орталық Азияда тағы бір айтулы шара өтіп жатты. Әлемнің 63 елінен спортшылар Ыстықкөл жағалауына Дүниежүзілік көшпелілер ойынына қатысу үшін жиналды. Батыр бабалардың ұлттық ойын түрлерін жаңғыртқан қырғыз бауырлар көшпелі халықтардың мерейін асырды. Киіз туырлықты түркі жұртының рухын көтерген бұл ойындар келешекте көшпелі елдердің Олимпиадасына айналар деп үміттемін. 

 

 

Дархан Қыдырәлі, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы