2011 жылғы 4 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 3 сәуірге Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы тағайындалды.
Сол күні Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауды әзірлеу мен өткізудің негізгі шараларының күнтізбелік жоспарын бекітті.
Бұл жоспарға сәйкес, президенттікке кандидаттарды ұсыну 2011 жылғы 5-20 ақпан аралығындағы кезеңде өтеді және 20 ақпанда аяқталады.
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттардың сайлауалды үгіті 3 наурызда басталады және 1 сәуірде 24.00 сағатта аяқталады.
Сайлаушылардың тізімдерін жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларына 13 наурыздан кешіктірмей жолдауы тиіс, ал 18 наурыздан бастап тізімдер азаматтардың танысуы үшін ұсынылуы керек.
Естеріңізге саламыз, азаматты сайлаушылар тізіміне енгізуге оның тұрғылықты жері бойынша нақтылы сайлау учаскесінің аумағында тіркелуі негіз болады.
Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгi болмайтыны белгiлi болса, оның өзiнiң болатын жерi бойынша жергіліктi атқарушы органға өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқығы бар. Бұл жағдайда жергілiктi атқарушы орган азаматты тiркелу орны бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығаруды және оны сол азамат дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзудi ұйымдастырады.
Дауыс беру күнінен он бес күн бұрын азамат өзінің тұрақты тіркелу орнынан тысқары кететіндей болса, 18 наурыз бен 2 сәуір күнгі 18.00-ге дейінгі аралықта өз учаскелік сайлау комиссиясына барып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін беру туралы өтініш білдіруіне болады.
Дауыс беру 3 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат жетіден кешкі сағат 20.00-ге дейін жүретін болады.
Орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлаудың қорытындысын 9 сәуірден кешіктірмей анықтауы және тиісті қаулы қабылдауы тиіс.
Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 7 ақпаннан 28 наурызға дейін жүргізіледі.
Алдағы сайлау науқаны барысында барлығы 9952 сайлау комиссиялары жұмыс істейтін болады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, ел Президентін республика азаматтары жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.
Президенттiкке кандидаттарды белгiленген тәртiппен тiркелген саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бiрлестiктер ұсынуға құқылы. Сондай-ақ азаматтар өзін-өзі ұсына алады.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген және Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын азамат сайлана алады.
Сайлау туралы заңның 54-бабы 2-тармағына сәйкес, кандидаттың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестігін Орталық сайлау комиссиясы үміткер барлық қажетті құжаттарды тапсырған сәттен бастап бес күн ішінде анықтайды.
Президенттікке кандидаттың Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұруы Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігі берген мәліметтер негізінде анықталады.
Мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау рәсімі Республика Конституциялық Кеңесінің Конституцияның 41-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы актісіне сәйкес Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен анықталады.
Бұл акт «мемлекеттік тілді еркін меңгеру» дегеніміз қазақ тілінде дұрыс оқу, сауатты жазу, өз ойын айқын жеткізу және жұртшылық алдында түсінікті сөйлей білу» деп белгіледі.
Сондықтан президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін:
а) көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырманы орындау,
ә) көлемі үш беттен аспайтын мәтінді оқу;
б) белгілі бір тақырыпта жұртшылық алдында 15 минут сөз сөйлеу талап етіледі.
2011 жылғы 18 ақпандағы жағдай бойынша барлығы 17 кандидат ұсынылған.
1. Өтен Сәлім Сағындықұлы (өзін-өзі ұсынған)
2. Қайсаров Уәлихан Әбішұлы (өзін-өзі ұсынған)
3. Дуамбеков Мұсағали Сәрсенбайұлы (өзін-өзі ұсынған)
4. Асылбек Амантай Хантемірұлы (өзін-өзі ұсынған)
5. Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы («Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған)
6. Есжанов Қанат Сабырұлы (өзін-өзі ұсынған)
7. Турагелдиев Қанат Сбашұлы (өзін-өзі ұсынған )
8. Масина Зәуре Жұмағұлқызы (өзін-өзі ұсынған )
9. Ахметбеков Жамбыл Аужанұлы («Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған)
10. Нұрсила Советқазы Күсетайұлы (өзін-өзі ұсынған)
11. Баймурзин Толыбай Нұрділдәұлы (өзін-өзі ұсынған)
12. Тоқбаева Гүлдана Шәмиқызы (өзін-өзі ұсынған)
13. Қарамаева Майя Төлегенқызы (өзін-өзі ұсынған)
14. Кұнанбаев Адалбек Оқанұлы (өзін-өзі ұсынған)
15. Елеусізов Мэлс Хамзаұлы (өзін-өзі ұсынған)
16. Қожағұлова Мейрамкүл Нұржанқызы (өзін-өзі ұсынған)
17. Базылбаев Жақсыбай Әбішұлы (өзін-өзі ұсынған)
З.Ж.Масина 2011 жылғы15 ақпандағы өтінішіне сәйкес өз кандидатурасын алып тастады.
А.Х.Асылбек белгіленген уақытта лингвистикалық комиссияның отырысына келмеді.
С.К.Нұрсила мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы лингвистикалық комиссияның тұжырымын алды.
Алайда, Советқазы Күсетайұлы сайлау науқанына одан әрі қатысудан бас тартып, өз кандидатурасын алып тастады.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясына тиісті өтініш бере отырып, С.К.Нұрсила: «Конституцияда көзделгендей, Қазақстанның әрбір азаматының президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі ұсынуына толық мүмкіндігі бар екеніне көзім жетті. Менің көздегенім де осы болатын», деп мәлімдеді.
Лингвистикалық комиссияның Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі отырыстары нәтижесінде екі кандидаттың: Уәлихан Әбішұлы Қайсаров пен Қанат Сабырұлы Есжановтың мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігі анықталды.
Осы шешімдер негізінде Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы У.Ә.Қайсаров пен Қ.С.Есжановты Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулылар қабылдады.
Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестігі анықталған кандидаттардың барлығына Орталық сайлау комиссиясы азаматтардың қолын жинау үшін қол қою парақтарын екі күн ішінде береді.
Әрбір президенттiкке кандидат ең аз дегенде еліміздің 14 облысының кемінде 9-ның, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларының атынан теңдей өкілдік ететін 91 мың қол жинауы тиіс.
Қол жинауды кандидаттардың сенім білдірілген адамдары жүргізеді.
Әрбір қол қою парағының рет нөмірі болуға тиіс және оған кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты мен оның сенім білдірген адамының жеке қолы, қол жинаушының тегі, аты, әкесінің аты, қол жинау жүргізілген елді мекеннің атауы, сондай-ақ қол қоятын адамдар туралы мынадай мәліметтер бар бағаналар енгізілуі тиіс:
1) тегі, аты, әкесінің аты;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі мен сериясы;
3) туған күні, айы мен жылы;
4) тұрғылықты немесе уақытша тұратын жерінің мекен-жайы:
5) жеке қолы.
Қол жинаушы адам қол жинаған кезде тиісті қол қоятын парақта жеке қолы қойылған, кандидаттың сенім білдірген адамының тіркелгені туралы куәліктің көшірмесін көрсетуге тиіс.
Толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылады. Комиссиялар қойылған қолдардың растығын паспорт қызметі өкілдерін қатыстыра отырып, бес күн ішінде тексереді, тиісті хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жібереді.
Осыған байланысты Ортсайлауком президенттікке кандидаттарға қол қою парақтарын аумақтық сайлау комиссияларына 26 ақпаннан кешіктірмей тапсыруды ұсынды. Сонда комиссиялар азаматтардың қойған қолдарының растығын бес күн ішінде тексеру мүмкіндігін алатын болады.
Конституция мен сайлау туралы заң қоятын талаптарға сәйкестігі мен қолдап жиналған қолдардың растығы тексеріліп болған соң, үміткер Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізуі тиіс. Жарнаның сомасы – 799 950 теңге.
Одан басқа, кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тіркеуге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына 2011 жылдың 1 ақпанына табысы және мүлкі туралы декларация тапсырады.