Бүгіндері облыс диқандарының барлық күш-жігері мен жинақталған іс-тәжірибесі маңдай термен өсірілген ел ризығын шашпай-төкпей жинап алуға жұмылдырылған. Уақытпен санаспай еңбек етуге дағдыланған ауылдықтардың басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосу. Қай ауданға барсаң да, күзгі жиын-терін науқанына сақадай-сай дайындықпен келгендері бірден байқалады. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов бірқатар ауданды аралап, күзгі орақ науқанының барысымен танысты. Астық сапасына жоғары баға беріп, қарқынды бәсеңдетпей жауапты науқанды уақтылы аяқтауды тапсырды. Агроқұрылым жетекшілері бидайдың бағасын көтеру жөнінде Үкіметке ұсыныс жіберілгенін естіп, көңілдері көтеріліп қалды.
Міне, «АзкоЖаңажол» серіктестігінің егіс алқабы. Кереқарыс масақтар жерге иіліп, сап-сары баданадай дәндер агротехникалық күтім шараларының талапқа сай атқарылғанын аңғартады. Шаруашылық 9,5 мың гектар алқапқа майлы дақыл түрлерін де орналастырған. Механизаторлардың қимылы ширақ. Астық бастыруға 10 комбайн тартылған. 15 жүргізуші тасымал ісімен айналысады. Арпа мен сұлыны жинауды аяқтап, негізгі дақыл бидайды ору мен бастыруға жаппай кіріскен. Шалақындықтар 186,5 мың гектар алқапқа егілген дәнді дақылдардың жартысына жуығын қырмандарға жөнелткен. Гектар шығымдылығы 14,4 центнерден асып жығылады. «Ауа райы қолайлы болса, жуық арада аяқтап қаламыз. Астық қабылдау кәсіпорындары мен элеваторларда кідіріс жоқ. Жанар-жағармай жеткілікті», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Райысов.
Синоптиктердің болжауынша қыркүйектің соңына таман ауа райы құбылуы мүмкін. Диқандар қауымының әр күнді тиімді пайдаланып жатқандары сондықтан. «ТрансАгроИнвест» ЖШС-нің облыста бірінші болып қызылша өсірудің жаңа технологиясын игеруі құптарлық. Аудан орталығында салынып жатқан қант зауыты пайдалануға берілсе, 84 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Тәуліктік қуаттылығы– 500 тонна. Шикізат жергілікті жерден болғандықтан, баға да қолжетімді келетіні түсінікті. Қызылшаның «Кристелла» сұрыбы егіліп, 70-75 тонна өнім алынуда.
Облыс әкімі жол-жөнекей Сергеевка қаласында орнатылған орталық қазандықтың, Волошинка – Сергеевка – Тимирязев бағыттары бойынша автомобиль жолын жөндеу жұмыстарымен танысты. Көктемде жолдың бір бөлігін қарғын су шайып кеткен болатын. Қазір ол қалпына келтіріліп, бөгесінмен қоршалған. 12 мың тонна қиыршық тас төселген. Сосын су өткізетін құбырлар салынатын болады.
Есіл ауданына қарасты «Атамекен-Агро Корнеевка» ЖШС-не басшылық жасайтын Николай Бабактың күзгі ораққа тыңғылықты әзірлікпен келгені бірден байқалады. Арпа, бұршақ, зығыр дақылдарын жинауды бітіріп, бидай бастыруды еңсеріп тастаған. Өнімділік әзірге 20 центнерді құрап отыр. «Берекелі гектарлар алда», дейді Н. Бабак жүзіндегі қуанышын жасырмай. Сол сияқты «Прометей-Агро», «Фрегат В.В.», «Кантемир-Агро» шаруашылықтарында да егін жинау бел ортадан ауған. Мамлют ауданы «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігі 14 мың гектар алқаптың 60 пайыздайын бастырып алған. Мұнда мал азығын дайындау да жоғары қарқынмен жүргізілуде. Жамбыл ауданында орналасқан «Идея Групп Север» серіктестігінің диқандары зығырдың гектар түсімділігін 20, бидайды 23 центнерден айналдыруда. Жарыс көшін Тимирязев ауданының диқандары бастап келеді. Мұнда гектар берекелі 20 центнер болса, «Атамекен Агро Тимирязево» ЖШС-де 5 центнерге жоғары. Жауапты науқанға барлығы 270 комбайн жұмылдырылған. Аграршылар 32 мың гектар алқапқа десикация әдісін қолданып, бидайдың пісуін жеделдеткен.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жедел мәліметтеріне қарағанда, 2 миллион гектар алқаптың дәнді дақылдары дестеленіп, гектар шығымдылығы 15,5 центнерді құрап отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО