08 Қыркүйек, 2016

Математик мерейі

676 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
matematikaҚабырғалы қазақ жұртында дара талантымен, қарым-қабілетімен танылған азаматтар аз емес. Солардың бірі ғана емес, бірегейі саналатын, математика ғылымында өзіндік ізденісімен талайды тамсандырған Тынысбек Кәлменов десек, артық айтқандық емес. Ол физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры қызметін де биік дәрежеде атқарып келе жатыр. Тынысбек Шәріпұлы – атағына ісі мен еңбегі сай зер­делі де зерек аза­мат. Ол өзі­нің көрегендігінің, көп біле­тіндігінің арқасында мате­матика және матема­тика­лық модельдеу инсти­тутының, оның ғылыми зерт­теулерінің сапасын жоғары деңгейге көтере білді. Институт математиктерінің ғылы­ми мақа­лалары аса бедел­ді шетелдік жур­нал­дарда ба­сы­лып, төрт­күл дүниедегі таны­­мал ғалымдардың наза­рына ілініп келе жатқанын да айта кетуді парыз санаймыз. Көрнекті ғалым халықаралық ғылыми конференцияларда жа­саған баяндамалары арқылы да танымал. Оның математика ғылымын­дағы ашқан жаңалықтары өз ал­дына бір әлем десе де болар­лық. Ғылыми-зерттеу жұмыс­тары­мен қатар, өзі жетек­ші­лік етіп отырған инсти­тут­та небір алқалы жиындар ұйым­дастырып, толғақты мәсе­ле­лерге ұйытқы болуда. Сон­дай халықаралық ғылыми кон­фе­ренцияларға отандық білім­дар ғалымдармен бірге, Ресейден, Швециядан, Лат­вия­дан, Украи­на­дан, Бело­рус­­сиядан, Қытайдан, Оң­түс­­тік­тен Кореядан, Гер­маниядан, Поль­ша­дан, Грекиядан, Түр­ки­ядан, АҚШ-тан, Ита­лиядан, т.б. елдерден мате­ма­тиктер қа­тысып, өз ғылы­ми нәти­же­лерімен бөлісті. Тек бөлісіп қана қой­май, қазақстандық мате­матиктердің қол жет­кен жетіс­тіктеріне жоғары баға да берді. Мұндай игілікті істердің бәрі қар­жының қарымына қарай атқарылатыны белгілі. Бұл жағынан келгенде, институт ұжымы өзін өзі қаржыландыру бойынша оңтайлы істерді ұйым­дастырып, соның нәтижесінде алға қойған мақсат-міндет­терді үзіліссіз атқарып келеді. Тынысбек Кәлменов, жо­ғарыда айт­қаны­мыздай, көр­некті математик, тыны­сы кең, таланты ерен ғалым. Білім­ге құштар жас мектепті алтын медаль­мен бітіреді. Оны ғы­лымдар патша­сы санай­тын математика пәні қызық­тырады. Әсіресе, осы саланың дерексіз ұғым­дармен амалдауы, адам­ның ақылы мен ой-санасын билеп алуы және оны одан әрі толықтырып, дамыту мүм­кіндігі, тиянақ-тұжы­рым­дарының қисындылығы, тар­тым­дылығы, дәлдігі – осы айрық­ша қа­сиет­­тер оны қар­ғадайынан баурап алады. Математикаға бір кірген адам одан жуық арада шыға алмасы анық. Бірақ, қалай десек те, мектеп қабырғасында мате­матиканы соншалықты терең пайым­дау мүмкін емес. Ол үшін оқушының дерексіз ойлау (абстрактное мышле­ние) қабілеттілігі аса жоғары деңгейде дамуы шарт. Әрине, ондай жүзден, тіпті мыңнан біреу ретінде кездесетін оқушы барлық жерде бола бермейтіні айдан анық. Оңтүстіктегі Төле би ауда­нынан түлеп ұшқан жас 1964 жылы Новосібір мем­лекет­тік университетінің механика-мате­мати­ка факультетіне оқуға түседі. Бұл уни­в­ерситеттен шық­қан оқымыс­тылар мен талант­ты жастар қай кезде де топ жарып, ғылым мен білім­­нің биігі­­нен таныл­ғаны мә­лім. Тынысбек оқы­­ған сол тұста университетте небір айту­­­лы ака­де­миктер қызмет ет­кен еді. Олар­дың қа­тарында КСРО Ғылым ака­демия­сы­ның академиктері С.Л.Соболев, А.Д.Алек­сандров, Г.Л.Мар­чук, М.А.Лав­рентьев, А.А.Боров­ков, Нобель сыйлы­ғы­ның лауреаты Л.В.Конторович, КСРО Ғы­лым академиясы­ның корреспондент-мүше­лері А.А.Ля­пунов, А.В.Бицадзе, М.И.Кар­гополов, М.М.Лав­рентьев және т.б. бар еді. Институтта жүргенде білім нәрімен сусындаумен қатар, ғылыми ізденістерге де ден қояды. Көптеген ка­фед­ралардың ғылыми се­ми­нарларына қатысып, баян­дамалар жасайды. Онда өзі­нің байламдарын айтып, тың тұжырымдарын ұсынады. Сол жұмысына жоғарыда айтқан ғалымдардың бірін жетекші етіп алсам деген ниеті кейін жүзеге асып, КССО Ғылым академиясының кор­респондент-мүшесі аты әлемге әйгілі математик Андрей Васильевич Бицадзе оны құшағына тартып, ғылымға баули бастайды. Тынысбек ол кезде 4-курстың студенті болатын. Қызуқанды грузин азаматы өте ашушаң, қатал адам болып кездеседі. Кім болса да бет жүзіне қара­май өз ойын, өз пікірін айтып салатын. Ешқандай ғылыми топқа қо­сыл­май, өзінің семинарын тартымды етіп өткізуді мақсат еткен. Ізденімпаз жастың тал­май­тын талпынысы, алғырлығы кей­бір ғылым кандидаттарын, тіпті ғылым док­тор­ларын тәнті етеді. Университетті бітіргеннен кейін А.В.Бицадзенің ұсы­ны­сымен аспи­ран­тура­ға қал­дырылады. Алғашқы жылы-ақ кандидаттық дис­сер­тациясының негі­зін құрай­тын мақалалар жазып, жетек­шісінің ілтипатына бөленеді. Осы арада Тынысбек Шәріп­ұлының мына бір айт­қанын дәйекке келтіре кетсек дей­міз. «Менің ұстаздан да, әріп­тес­терден де жолым болған адам­мын. Солардың арасында Қазақ елі математиктерінің айтулы бір тұлғасы бар. Ол – мектепте табандап отырмаса да, 10-сыныпты аяқтамай тұ­рып-ақ жоғары оқу орнының 3-курсын сырттай, әскер қатарында жүріп бітірген, Мәс­кеу мемлекеттік универ­си­тетінің түлегі, академик Мұх­тарбай Өтелбаев. Мен одан көп нәрсе үйрендім. Мұны ашып айтуға тиістімін», дейді ол. Бұл академиктің кішілігі мен кісілігін, өзін ғана әспеттемей, өзгені де бағалай алатын адамшылығын көрсетсе керек. Ғылым әлеміне ден қой­ған сол кездегі аспирант, бүгінгі академик Т.Кәлменов 1976 жылы А.В.Бицадзенің 60 жылдығы қарсаңын­да Лаврентьев-Бицадзенің модель­дік теңдеуі Трикоми есе­бінің вольтерлік еместігі проблемасын шешеді. Ол туралы А.В.Бицадзеге ар­нал­ған Халық­аралық симпо­зиум­да баяндама жасай­ды. Баяндамасындағы есепті шешу әдісі А.В.Бицадзенің ғана емес, қатысу­шылардың да назарын аударады. Бұдан соң оған А.В.Бицадзе бірден докторлық диссертация да­йындауды тапсырады. Ғы­лыми ізденісін жан-жақты зерт­теп-зерделей келіп, докторлық дис­сер­тация­сын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінде қорғайды. Диссертациялық жұмыс­ты талқы­лап жатқан тұста жалындаған жас қазақ ға­лымына шынайы риза бол­ған А.В.Бицадзе: «Тыныс­бек Кәлменов Трико­ми опе­раторының меншікті мән­­дерінің бар болуы про­бле­ма­сын шеш­ті, математика ғы­лымындағы бұл тың жаңалық оған докторлық дәреже беруге лайық екенін көрсетіп отыр», дейді. Жаңалықты ғалымдар бірауыздан мақұл­дап, іздену­ші ғылым докторы болуға құқылы деп бірауыздан шешім шығарады. Көрнекті ғалымның бұдан кейінгі өмір жолына тоқталар болсақ, ол 1985 жылдан әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте қызмет атқарып, кафедра мең­герушісі, декан болады. Әркез білімдарлы­ғы мен іскерлігін ұштастыра біл­ген ғалым бұдан кейін Оңтүс­тік Қазақстан Мемлекет­тік университетінің ректоры лауа­зымына көтеріледі. Бұдан кейінгі жерде, жоғарыда айт­қанымыздай, математика және модельдеу институты­ның бас директоры болып абыройлы жұмыс атқарып келеді. Сібір математиктері мек­тебінен шыққан, онда бүкіл саналы өмірін ғылымға арнаған айтулы оқымыстылардан дәріс алып, үлгі үйренген ғылымның қия жолына тайсалмай қадам басып, содан беделді биікке көтерілген Тынысбек Шәріп­ұлы бұл күндері өзі де шын мәнін­дегі ұстазға айналды. Оның жетекші­лігі­мен 36 аспирант кандидаттық диссер­та­ция қорғаса, 7 азамат ғы­лым док­торы атағына қол жет­кізді. Ғалым 90-нан аса еңбектің авторы. Оның көп­ші­лігі әлем жұртшылығына таныс халық­ара­лық математика журналдарында жария­ланған. Қазақстанның ғылым және тех­ни­ка қайраткері, академик Тыныс­бек Кәлменов елімізде бірінші рет ма­те­­ма­тик­тер съезін өткізуге ұйытқы бол­ға­­нын да айта кетсек дейміз. Бұл ауқымды шара 1996 жылы Шымкент қаласында өтті. Қарапайым ауылдан шы­ғып, таны­мал оқымыс­ты­лардың назарына ілік­кен, математика ғылымында ашқан жаңа­лықтары небір айтулы ілім иелерінің ілтипатына бөленген академик әркез өз замандастарын мақтан ететінін, олардың еңбектерін жұртқа жеткізіп жүретінін ерекше атаған абзал. «Қазақ математиктері өз Отанымызға ғана емес, әлем жұрт­шылығына танымал. Мен олардың ал­дыңғы қатарында жүр­ген Мұхтарбай Өтелбаевты, Ас­қар Жұма­ділдаев­ты, Уәлібай Өмірбаевты, Рыс­құл Ойнаровты, Қайрат Мың­баевты, тағы да басқаларды мақтан етемін. Ал қаулап өсіп келе жатқан жас мате­матиктер де шетінен қабілетті. Біз­дер, алдыңғы тол­қын оларды қам­­қор­лығымызға алып, әркез ашқан жаңа­лықтарына жана­шыр болуға тиістіміз. Сон­да ғана бізден бұрын­ғы математика ғылымының май­тал­ман­дары О.Жәутіков, А.Тайманов, Т.Аманов, өзге де оқымыстылардың дәс­­тү­р­лі жолы жалғасатын бола­ды», деген еді ол бір ой бөлісу үстінде. Атақты ғалым – үлгілі отбасы да. Оның шаңырағынан түлеп ұшқан 9 ұл мен қыз тәуелсіз еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар. Бірі – заң саласында жүрсе, екіншісі – өн­діріс орын­дарында, үшіншісі – министр­лікте, төртіншісі – банкте, бесіншісі – бизнесте – әкенің абыройын асырып жүр. Бір сөзбен айтқанда, отан­дық матема­ти­ка ғылымы­ның белді де беделді өкілі Тынысбек Кәлменов өзінің ғылым­да­ғы жолын анықтап, ендігі жерде ізба­сар­ларына үлгі көрсетіп, олардың ғылыми ізденістеріне жетекшілік етіп, тәуелсіз Қазақ елінің қарышты қадамына өзіндік үлесін қосып келеді.  Шерәлі БІЛӘЛ, физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Бақытбек ҚОШАНОВ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор  АЛМАТЫ