08 Қыркүйек, 2016

Қауіпсіздігімізді қас қақпай күзетеді

387 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ulttyk-kauipsizdik-komitetiЕліміздегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері өздерінің терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес бағытында атқарған жұмыстарының нәтижесін мәлімдеді. БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатына Терроризмге қарсы барлау штабы орталығының бастығы Жанат Сайполдаев пен осы орталықтың өкілі Сәкен Мыңбаев қатысқан болатын. Мамандар жыл басынан бері бейбіт елдің берекесін қашырып, қалың бұқараны үрей құшағында қалдырған атышулы оқиғалардың жай-жапсарын баяндап, талдау жасады. Атап айтқанда, ай мен күннің аманын­да отандастарымызды әрі-сәрі күйге түсірген Ақтөбедегі террористік шабуылға қатысты құзырлы органдардың осы күнгі іс жүргізу процесі мен сегіз айда сезікті деп танылған адамдар­ды тексеріп, тергеудің және жауапқа тартудың қорытындысы жарияланды. Қолдағы дерек бойынша, жыл басы­нан бері ұлттық қауіпсіздік органдары тер­рористік және экстремистік қыл­мыс жасағаны үшін 57 радикал күдіктіні ұстаған. Ал енді қауіпсіздік қызметінің өкілдері қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаншалықты қауқарлы? Әбжіл әрекетке бейім комитет мамандары «жау кеткен соң қылышын тасқа шаппауға» қабілетті ме?!. Ендігі ойды осы мәселе төңірегінде өрбітсек. Сала мамандарының радикалды топтар әрекетінің алдын алуға қатысты ұсынған мәліметтеріне көз жүгіртсек, олар соңғы кездері көптеген бүлікшінің жоспарын бұзып, атыс-шабыстың алдын алыпты. Нақтылай түссек, осыдан екі жұма бұрын Батыс Қазақстан облысында 8 адамнан құралған топ құрықталған. Олар Ақ­төбе оқиғасындағы секілді қаруды иемдену мақсатында жергілікті құқық қорғау органдарының бөлімше­сі мен арнаулы қызмет, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасауды жоспарлаған екен. Ұсталғандарды тінту нәтижесінде пневматикалық мылтық, қолдан жасалған пышақ­тар, әртүрлі ақпараттық негіздегі экс­тремистік мазмұндағы материалдар алынған. Топ мүшелері халықаралық террористік ұйымдардың таңбасын қолдан жасап, оны үгіт-насихат мақсатында да пайдаланып келген. Сол сияқты, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті өкілдерінің айтуынша, Алматы облысының аумағында радикалдық бір топтың Шекара қызметі мен Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне, жоғары қызметтегі күштік құрылымдардың қызметкерлері­не, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдеріне қарулы шабуыл жасауға ниеттенгендігі әш­кереленіп отыр. Сонымен қатар, 18 тамызда Қырғызстан азаматы мен бұрын жалпы қылмыс жасағаны үшін сотты болған екі Қазақстан азаматы қамауға алынған. Олар жиын өткізіп топ басшысын сайлап, өзге мүшелердің рөлін белгілеген. Тіпті, топ мүшелерінің бірі өзін өзі жаруға ниетті екенін де білдіріпті. Ол ол ма, оспадарлар өздерінің ақылға қоным­сыз осындай әрекеттерінен қоғамдық пікір туғызу үшін, адамдар көп жинала­тын орындарда террористік акт жасау жолын қарастырған екен. Мәселен, сондай мақсатпен Талдықорған қала­сындағы әуежайға зерттеп, барлау жүр­гізілген. Түпкі ниеттері 2001 жыл­дың 11 қыркүйегінде АҚШ-та болған шабуылдарға ұқсас ауқымды тер­­ро­ристік актіні жүзеге асыру үшін аза­мат­тық немесе әскери ұшақты ұр­лап әкету мүмкіндігін қарастырған. Сонымен қатар, интернет ар­қылы таралып жатқан террористік және экстремистік идеологияның ықпалымен Ақтөбе облысында 11 адамнан тұратын топ радикалданғаны айқындалды. Олар террористік актіні жасаудың алдында өздері­нің әрекетін діни негіздемеде түсін­діретін бейнеролик жасауды және оны интернетке орналастыруды жоспарлаған. Ол аздай, ашық күнде жүрісінен жаңылып, адасқандар «қасиетті соғысқа» дайындық жүргізіп, өз айналасында радикалдық идеяларды белсенді насихаттаған. Оған қоса, шетелдегі террористермен байланысқа шығуды да жоспарлаған. 29 тамыз күні оларды тұтқындау арқылы құқық қорғау органдарының қызметкеріне шабуыл жасаудың, оның ішінде өзін өзі жарып, Қазақстан мен Ресей аума­ғын­да террористік әрекеттерін жүзеге асыруға жол берілмеді. Кейіннен, ұсталғандардың қоймасынан нөмірі өшірілген 16 калибрлі екі мылтық, оқ-дәрілер, тапанша, Калашников автоматының муляжы, халықаралық террористік ұйымдардың символи­ка­сы және экстремистік материалдар табылған. Ұлттық қауіпсіздік қызметі мамандарының ұсынған мәліметіне сүйенсек, осы тақылеттес оқиғалар­дың тіркелуі соңғы жылдары жиілеген. Олардың бәрін тізіп шығу шарт емес шығар. Бірақ, ел ішінде ерсі қылығымен ерекшеленгісі келетін немесе өзге идеологияның жетегінде кетіп, жұртты жазым етуге бейіл бас­бұзарларды байқасаңыз, жедел желі арқылы хабарлауға болады. Сондай-ақ, көңіліңізге күдік ұялаған жағдайда немесе қандай да бір теріс көзқарас­тағы түсініктің ақ-қарасын ажырату­ға қатысты сауал алаңдатса, тәулік бойы қызмет көрсететін «110» нөмірі­не қоңырау соғып, кеңес алуыңызға да болады.