09 Қыркүйек, 2016

Тоғыз ұлттың баласын бауырына басқан жанұя

385 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
img_2785Бұландыға сапарымызда екі жасар бүлдіршін Каринаның туған күн тойының куәгері болдық. Серік және Жаңылған Әкімбаевтар асырап алған қызы Әлиядан көрген немересінің қуанышын жүрек төріндегі айрықша мереке ретінде атап өтті. Бұған қоса Жақсы ауданынан асырап алған ағайынды екі баланың кішісі Әділ­бектің биыл бірінші сыныпқа баруы той салтанатын асыра түскендей. Коттедж үйдің шаңырағы шат­тықпен шалқыды. Көрші-қолаң, ағай­ын-туысты былай қойғанда, бүгінгі күні бауырына басқан он үш баланың бәрі ән айтып, би биледі. Каринаға сый-сыяпаттар да жасалып жатыр. Ал, біз үшін Әкімбаевтар тәрбиесіндегі тоғыз ұлттың баласы өз ұлысының ән-жырын қалықтатқандағы жылы сезімнің әсері бөлек еді. Карина мен Әділбектің қуанышына қазақ, орыс, украин, молдован, неміс, сыған, чуваш тілдерінде ән тербетілгеніне сенер-сенбесімізді білмедік. Туған күн думанының отын қыздырған кешегі сыған бала Николай Ивановтың екі сәбиін ала келгеніне жан-дүниеңіз елжірейді. Иә, тоғыз ұлттың баласын тербеткен шаңырақ жарастығы кім-кімді болсын тебіреніске бөлейтіні анық. Мырза жүрек жандар бұл қадамға қалай барды? Батылдыққа бастаған қандай қасиет дерсіз. Қарапайым ғана еңбек адамдары Серік пен Жаңылғанға ауыр да жауапты жүкті арқаларлықтай ерліктің қажеті бар ма еді? Осынау сансыз сұрақтың жауабы біреу ғана – мейірімділік, жадау көңілді жадыратуды ұлықтайтын азаматтық парыз. Жаңылған жар таңдауда жаңылмаған екен. Оны мына­дан да аңғаруға болады. Жаңа­ауылдың Серігі мен Макин қаласының Жаңылғаны үй­лен­ген кезде көршілері қолай­сыздау болыпты. Күнделікті ұрыс-жанжал, екі баланың шыр­қыраған дауысы жас жұбай­ларды үрпитіп тас­тай­тын. Ақыры әлгі «ата-ана» қос ұлынан безіп, басы ауған жаққа безіп кеткен. Бұлар жасөспірімдерді үйіне кіргізіп, төрінде мәпеледі. Оларды ешкім іздемеген, сұрау салынбаған. «Балаларды біз асырап алдық» деп Әкімбаевтар да айтпаған. Қағидатымызға жат нәрсе еді ғой бұл. Міне, қазір кешегі жәудіркөздер зіңгіттей жігіт болды. Үйленген, ел ішінде абыройсыз емес көрінеді. Ізгілікті қастер тұтатын отба­сы­ның өнегесі жұғысты бола­тынына әуесің келеді. Мынаны қараңыз. Әкімбаевтардың ұлы Бауыржан анау бір жылғы қытымыр қыста далада тоңып жүрген тоғыз жасар Станислав Климентьевті үйге өзімен бірге ерте келіпті. Мүгедек екен. «Мұның қалай?» дейтін бұлар емес. Сол Слава 25 жасқа дейін осы бір жылы ұяда жүріпті. Қа­зір үзбей хабарласып тұра­тын көрінеді. Аудан орталығы Макин қаласында 2004 жылы ойға қон­б­айтын оқиға болды. Жетім балалар үйі жабылды. Жәу­дір­көздердің көбісі облыс­тың өзге аймақтарындағы осы тақылеттес мекемелерге жө­нел­тіліп жатты. Үйреніскен ортадан жырақтаудың қан­ша­лықты ауырлығын суреттеп жа­тудың қиындығы мен тау­­қы­метін бағамдай беріңіз. Осы­н­дай күндердің бірінде Жаңыл­ған күйеуі Серікке тосын ұсы­ныс жасаған. «Балаларды пат­ронаттық тәрбиеге алайық» дейді. Отағасы ойланып қалған. Ойланатындай жағдай. Жаңылған үй шаруасында, өзі І дәрежелі мүгедек ретінде азын-аулақ қана ақша алады. «Ақылдасайық» деді. Оңай шаруа емес екен. Осы жылы ғой «Бөбек» қорының төрайымы Сара Алпысқызы Назарбаеваға хат жазылғаны. Көзқарас өзгере бастады. Жергілікті «Надежда» баспанасынан екі баланы қам­қорлыққа алды. Аудан әкім­дігі ерекше бастаманы ықы­ластана қолдады. Жылы қонысқа алғашқы болып қанат қаққан Руслан Баян­динов пен Ермек Әбді­рашитов болды. Ал, 2006 жылы Ақкөл балалар үйінен алты жасөспірім келді. Сондай-ақ, 2009 жылы олардың қатарына Ақкөлден тағы да бес бала қосылды. Бұлардың барлығы да Қазақстанның «Неке және отбасы» Заңының 120-бабына сәйкес жасалған келісімшарт негізінде тәрбиеге алынған еді. Бұланды ауданының әкім­дігі 2008 жылдың 14 жел­тоқ­­сан­дағы шешімімен жәу­дір­­көздер тағдырына нем­құрай­ды қарай алмайтын асыл жан­дар жұмысын жеңіл­дету мақ­сатында коттедж үлгі­с­ін­дегі үйді бөлгеніне мың да бір рахмет айту қажет. Бұл мөлтек ауданның «Бола­шақ» ата­латынына да риза бола­сыз. Жалпы, соңғы он­шақ­ты жыл аралығында Әкімбаев­тар отбасында 39 бала тәрбие­ленген екен. Олардан 18 немере сүйіп отыр. Қазір біршамасы мектепті бітіріп, оқуларын жалғастыруда. Мәселен, Виктор Николайчук Көкшетауда про­граммистер курсын бітіріп, Щучье қаласындағы колледжде қонақүй және мейрамхана бизнесі мамандығы бойынша оқып жатса, Евгения Смағұлова болашақ заңгер. Жоғарыда айтылған кішкене Каринаның анасы Әлия Смағұлова облыс ор­та­лығында банк операторы ма­ман­дығымен қызмет атқаруда. Әкімбаевтар асырап алған үлкен қызы Әлияны айна­лып-толғанудан жалықпайты­ны да жарасымды көрінді. Өйтетіндей жөні бар екен. Отбасындағы тұңғыш қыз ұзату тойы Әлия­мен бай­ланыстырылады. Қуа­ныш ие­лері халықтық дәс­түр­дегі құда­лық өткізді, қыз жасауын жайнатып жасады. Бұлар­дың барлығы Жаңылған апа­ның мейір-шапағатындағы қыздардың қолымен тігіліп, кестеленген. Көкшетаудағы құда­ларымен барыс-келіс үзіл­ген емес. Сондай-ақ, Бақтияр да ержетіп, 21-ге келіп отыр. Олардың Жаңылған анасымен оңаша әңгімелері көбейіп бара жатқанын жақсы ырымға бас­тайды Сәкең. Бақыты ашылсын деген тілекке біз де қосыламыз. Осы орайда, мына бір мәсе­лені айта кетудің тағылы­мы бар екендігі даусыз. Тәртіп бойынша патронаттық тәр­бие кәмелетке толмаған бал­ғы­н­дарды қамтиды. Одан кейін тіркеуден шығарылып, қан­дай да бір әлеуметтік көмек атаулы тоқтатылады. Ал жыл­дар бойы жылы ұяға, әке-шешенің қамқорлығына бауыр басып қалған балаларды «өз күніңді өзің көрдің» ыңға­йы­мен жырақтатып жіберу жүрек­терге жара салатыны жасырын емес. Әкімбаевтар отбасы мұндайдан алыс екен. Ересек ұлдары мен қыздары әлі күнге шаттық шаңырағынан алыстай қоймаған. Еңбекқор, ынтымақты, бауырмал орда­ның қызығы көбейе түс­кен. Университет, колледж­де­гі­лердің киім-ке­шегі мен ас-суы Әкімбаевтар мойнын­да. Тіпті, колледждің 4-курсын­дағы Евгенияның 82 мың теңгелік оқу ақысын үз­бей төлеп келеді. Бәрінен бұрын тағ­дыр толқынындағы жан­дар­дың өз ұясына, қадірлі әкесі мен анасына, қымбатты бауырларына асығып, қуана қауышуы айтып жеткізгісіз бақыт деп есептейміз. Думан­ды ортаның құт-берекесі сарқыл­майтыны да сондықтан. «Үлкеннен өнеге» демекші, мектеп жасындағы балалар аға-апаларының жақсы атын жарқыратуды парыз санай­ды. Аудандық білім бөлімі­нің бас маманы Татьяна Мак­симова Әкімбаевтар шаңы­ра­ғындағы Витя Ахпяровтың, Петя Борисюктің, Саша Коваль­чук­тің, Алеша Курилиннің, Алек­сей, Толик, Гена Вездец­кий­дің қазақ сыныбында оқи­тынын, қалған алты баланың мектеп-гимназияның үздіктері екендігін айтады. Барлығы да мемлекеттік тілде еркін сөй­лейді (әрқайсысының қазақ­ша аты бар). Бұған қоса Гена (Ғабит) қазақ күресінен об­лыстық, республикалық жа­рыс­тардың жүлдегері, Руслан Баян­динов та білекті жігіт. Екеуі де спорт шеберлігіне кандидат. Ер­мегі алақұйын футболшы екен... – Мұның барлығын көрініп қалу үшін істеп жүрген жоқпыз, – дейді Серік Әкімбаев. – Бұл – біздің адамгершілік парызымыз. Жақсылыққа жақын болу адамға қуат береді. Мүгедекпін деп отыратын жағдай жоқ менде қазір. Ақмола облысы бо­йынша мүгедектер қоғамының төрағасы, «Бұланды» корпора­тивті қорының прези­денті сияқ­ты қоғамдық жұмыс­тарым бар. Осыған байланысты мем­ле­кеттік қамқорлыққа да ризамыз, еңбегіміз ескерусіз емес. Алғаш аталып өткен «Отбасы күнінде» Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан салтанатта болып, сый-сыяпат алдық. «Алтын жүрек» дипломының иегеріміз. Алматыдан «Халықтық батыр» жобасының жеңімпазы атанып келдік. Биыл облыстық «Ме­рейлі отбасы» Ұлттық бай­қауының ең жоғары тұғы­рына көтерілдік. Зайыбым Жаңылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясына делегат болып сайланды. Балалар жазғы демалыс лагерьлеріне бірінші кезекте жолдама алып жүр. Бұл біздің көп балалы, көп ұлтты отбасымыздың ортақ қуанышы. Халқымызда «Баланың маң­дайынан сипасаң, күн күліп тұрады», «Жетімнің алғы­сын алған екі дүниенің жақ­сы­лығына бөленеді» деген әдемі пайым бар. Мұның өзі өмірден туған ғақлия. Ертеңіміздің еңселі болуы да осындай асыл қасиеттерден өрбитіні хақ. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы, Бұланды ауданы