Жексенбі күні алыстағы Айыртау бөктерінде жатқан Жанұзақ ауылының тұрғындарын қуантқан оқиғаға куә болдық. Алақандай ауылда Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембиновтің тікелей жетекшілігімен салынған жасанды футбол алаңы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Айта кету керек, жаңа нысан «Ақ жол» демократиялық партиясының парламенттік фракциясының қолдауымен салынды.
Мұнда спорт алаңына арналған барлық техникалық талап ескерілген. «Ақжолдық» депутаттардың қаржысына тұрғызылған заманауи нысанның көлемі 50/25 метрге тең. Жасанды газонмен жабылған жасыл алаңда асыр салған ауыл бүлдіршіндерінің қуанышында шек жоқ. Біз барғанда жаңа кешенде ауыл командалары арасында футболдан турнир өтіп жатыр екен.
– Спортшыларымыз Олимпиада ойындары мен әлемдік жарыстарда үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Спорт – еліміздің мәртебесі, жастарымызға үлгі. Сондықтан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, әр қазақстандық саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы тиіс. Дегенмен, бұқаралық спорт түрлерінің өзі қарапайым тұрғындарға қолжетімді бола бермейді. Сондықтан бұл футбол алаңы – біздің ауыл балалары мен жасөспірімдер спортын дамытуға қосқан үлесіміз болмақ, – деді Берік Дүйсембинов.
Аталған шараға Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев, Кеңес Абсатиров пен Болат Өтепбаев, Арман Сқабылұлы, Рахат Алтай сынды партия мүшелері және аудан жұртшылығы қатысты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы